Басты ақпаратСараптама

Жағажай: Шомылу маусымының шикілігі неде?

Қарға миын қайнатар ыстықта адам шіркін солығын басуға салқын іздейді. Мұндайда өзен мен көл жағалап, суға түсіп, артынша бауырын құмға төсеп жатқанды тәуір көреді. Бірақ қауіпсіздік ережелері деген бар. Мұнысын кейбірі сақтап, кейбірі құлаққа да ілмей тұр. Арнайы шомылу аумағы бар болса да жабайы жағажайды таңдап, артынша түрлі қиын оқиғаға тап болған жерлестер жайлы жиі естиміз ғой. Шындығы осы. Құзырлы орын қанша құлаққағыс қылғанмен, қаперге алу аз.

Тілсіз жаудан дем үзілмесін десек…          

Төтенше жағдайлар минис­тр­лігінің мәліметінше, елімізде суға түсуге арнайы рұқсат берілген 722 орын бар екен. Оның ішінде 464-і жеке жағажай болса, 245-і коммуналдық, ал қалған 13 нысан спорт пен туризмге арналған. Алдағы уақытта қосымша 82 шомылу орны ашылмақ. Ал суға түсуге болмайтын жағажайлар туралы деректер «2GIS» арнайы платформасында тіркеліпті.

Бірақ көп ескерту мен түсіндірме жұмысы жүргізілгенмен, суға кету дерегі азаймай тұр. Айталық, жыл басынан бері республикада 71 адам осы дерекпен қайтыс болған. Оның ішінде 30 бала бар. 132 адам (35 бала) төтеншеліктердің көмегімен құтқарылған.

«Суға шомылу маусымынан бастап елімізде 51 адам, оның ішінде 13 бала құтқарылды. Өкінішке қарай, 56 адамның суға бату дерегі тіркелді. Мұның 23-і – жас балалар. Айта кетейін, министрлік осындай жағдай болдырмас үшін халық қауіпсіздігіне арналған 201 мобильді құтқару бекетін орнатты. Полиция қызметкерлерімен бірлесіп, 38921 рейд жүрді. Нәтижесінде 902 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды» дейді Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы Дидар Қажыкенов.

Оның айтуынша, судан жапа шекпеу үшін қарапайым ережелерді сақтау керек. Балаларды қараусыз қалдырмай, оларға жүзуді әбден меңгертпей жағажайға түсірмеген дұрыс. Сонымен қатар, тыйым салынған аймаққа мүлде бармаған жөн. Судың тілсіз жау екенін ескерсек, әр отбасы мүшелері осылай ғана өзін де, жақындарын да сақтай алады.

Есіл еркелікті көтермейді

Бір белгілісі, елордада қала әкімдігінің қаулысымен шомылуға рұқсат етілген 5 су айдыны анықталған. Олар – Орталық қалалық жағажай, «Три пескаря», «Столичный двор», «Армина» демалыс аймағы және Ш.Бейсекова көшесіндегі көпір жанындағы коммуналдық жағажайы. Сондай-ақ 2021 жылғы 12 тамыздағы қалалық мәслихат шешімімен шомылуға тыйым салынған 21 су айдыны бар.

Қаланың басты өзені – Есіл арнасында құтқарушылардың тәулік бойы катерлермен патруль жұмыстарын жүргізетінін көріп жүрміз. Бұған қосымша қауіпті учаскелерде (Ш.Бейсекова көшесіндегі көпір, Тельман тұрғын алабы және Контрреттегіш) 3 мобильді пост және жүзу құралдары орналасқан.

Биыл да су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Есіл өзенінің  20 арнасында 3 пост және 16 патруль қойылыпты. Барлығы 59 жеке құрам, 9 жүзу құралы, 5 техника бірлігі жұмылдырылған. Жаяу патруль күн сайын сағат 09:00-ден 21:00-ге дейін, ал судағы патруль тәулік бойы қызмет атқаруда.

Астана қалалық Төтенше жағдайлар департаменті берген мәліметке сүйенсек, шомылуға қатысты халыққа белсенді үгіт-насихат жұмыстары жиі жүруде. Қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, аудан әкімдіктерімен бірге қауіпті және жабдықталмаған учаскелерге 250-ден астам ескерту белгісі мен шомылуға тыйым салынған 20 ақпараттық стенд орнатылған.

Жазғы демалыс басталғанға дейін М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында мектеп директорлары және мұғалімдермен балалардың жаз мезгіліндегі қауіпсіздік мәдениеті бойынша семинар-кеңес те өтті. Ата-­аналар жиналысы мен балалар қауіпсіздігіне арналған сабақта мен интерактивті дәрістер, брифингтер де қамтылған.

«Қалалық прокуратура өкілдерімен Есіл өзенінің арнасына рейд жүріп, жағажай аймақтарындағы су түбі зерттелді. Полиция қызметкерлері және еріктілермен бірлескен рейд нәтижесінде судағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК 412-бабы бойынша 17 азамат (оның ішінде 5 ата-ана) жалпы сомасы 233 954 теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жаз басталғалы бері рейд кезінде 9 адам, оның ішінде 5 бала құтқарылды. Негізгі оқыс оқиғаларға себеп болатын факторлар – қауіпсіздік ережелерін сақтамау, тыйым салынған және жабдықталмаған орындарда шомылу, сондай-ақ өз күшін асыра бағалау екенін атап өту қажет» деп жазады Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті.

Өкінішті жайт, 1 маусымнен бері Астанада үш адам суға кеткен. Оның екеуі – бала. Оқиға шомылуға тыйым салынған су аймағында болыпты. Иә, бір қарағанда бұйығы ағып жатқан Есілдің де мұндай «еркелікті» көтермейтіні рас.

Жабық бассейндер жеткілікті ме?

Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мәліметінше, елордадағы жағажайлар жайлы жабдықталған әрі ақылы жұмыс істейді. Сондай-ақ күтім мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жауапкершілігі – нысан операторының мойнында. Яғни онда арнайы құтқарушылар жасағы болуы тиіс. Ал қала тұрғындары жиі аялдайтын жабық жүзу бассейндерін айтсақ, елордада мұндай 52 нысан (балалар мен ересектерге арналған) жұмыс істейді.

«Бассейндер спорт кешендері, фитнес орталықтары, сондай-ақ жеке медициналық және сауықтыру мекемелерінде орналасқан. Олардың кейбірі жүзуді оқыту бағдарламаларын және арнайы санаттағы азаматтарға арналған жеңілдіктерді де ұсынады. Сондай-ақ әкімдік ТЖ департаменті, полиция және санитарлық қызметпен бірлесіп рейдтер, патрульдік шара, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді және санитарлық нормаларды қадағалайды. Қауіпті жерлерге «Кіріп шомылуға тыйым салынады» деген тақтайшалар қойылған» деп көрсеткен өз жауабында салалық басқарма.

Біз Есіл жағасындағы Орталық қалалық жағажайда болғанбыз. Мұнда елордалық егде азаматтар өз отбасымен аялдап, ыстықта салқындауға келеді. Жасөспірімдер мен балалардың да қарасы мол.

«Жағажай 1 маусымнан бастап тәулік бойы жұмыс істейді. Бұл жерде ауа температурасы 24 градустан жоғары болған жағдайда және желдің жылдамдығы 8 м/с аспайтын болса ғана шомылуға рұқсат. Жағажай аумағы 2500 адамға арналған. Мұнда алкоголь, есірткі заттарын алып кіруге, мас күйінде суға түсуге қатаң тыйым салынған. Сондай-ақ жанғыш, тез тұтататын заттар да әкелу осы тәртіпке жатады. Қоқыс тастамау, жағалауды таза ұстау, өзге де демалушыларды құрметтеу – біздің бас­ты ережеміз. Сонымен қатар, жағажайға үй жануарларын әкелуге болмайды. Бір ересек адам 16 жасқа дейінге 3 балаға дейін алып кіре алады» дейді жағажайдың аға құтқарушысы Даурен Қайыров.

Айтпақшы, мұндағы баға халық қалтасына салмақ сала қоймайды. Үлкендерге – 1500, 15 жасқа дейінгі балаларға – 500 теңге. Ал зейнеткерлер мен барлық топтағы мүгедектерге, көпбалалы отбасыларға (тиісті құжат көрсете отырып) және 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндерге жағажайда суға түсу тегін екен.

Бағасы қолжетімді ме?

«Әрине, халықтың барлығы жазда суға түсіп, сергігісі келеді. Бірақ қаладағы жеке суға орындары, бассейндер құны арзан емес. Мысалы, бүгін мен отбасыммен бірге «Оазис» демалыс кешеніне барғым келді. Ал бағасын естігенде қалтам көтермейтінін білдім. Онда 4 жастан асқан балаларға 6 мың, ал үлкендерге 11 мың теңге сұрап тұр. Бес-алты бала-­шағамен 100 мыңның үстінде шығындаласың. Өзіңмен бірге сусын, азық-түлік алып тағы кіре алмайсың. Онысы ішінде тіптен қымбат. Амал жоқ, осылай Есіл жағасына келеміз. Бірақ мұның суы таза ма, оған да кепілдік жоқ» дейді қала тұрғыны Тұрар Қадырбаев.

Астаналықтардың барлығы ақылы бассейндерге бара бермейтіні анық. Өйткені кейіпкеріміз айтқандай, қаржы қолбайлау. Қапырық күні көп қабатты үйден демі тарылған жұрт мұндайда субұрқақтар жанынан табылып жүр. Әсіресе, балалар аспанға шапшыған мұндай су көздеріне тым құмар. Тіпті кейбір тентектер фонтаннан асып түсіп, аяғын суға малатыны да бар емес пе?

Субұрқаққа шомылу қауіпті

Бір ғана мысал, елордадағы Есіл ауданында барлығы 21 субұрқақ орналасқан. Бірақ, аталған су нысандарына түсуге тыйым салынған. Оның бірнеше себебі де бар.

«Жаз мезгілінде балалар мен жастардың субұрқаққа түсіп, салқындауға тырысатыны байқалады. Бірақ бұл – өте қауіпті. Біріншіден, субұрқақ суы – шомылуға арналмаған техникалық су. Құрамында хлор, альгицид сияқты арнайы химиялық заттар бар. Бұл тері мен көзге кері әсер етіп, аллергиялық реакция туғызуы мүмкін. Екіншіден, субұрқақтар – бұл күрделі инженерлік құрылым. Ішінде насостар, электр желілері, жарық шамдары сынды құрылғылар орналасқан. Оларға байқамай жанасу ток соғуына әкеліп соғуы мүмкін. Бұл, әсіресе, балалар үшін өте қауіпті. Осы орайда ата-аналарға ерекше жауапкершілік жүктеледі. Балаларына субұрқақта шомылуға болмайтынын түсіндіріп, қауіпсіздік ережелерін сақтау керектігін ескертіп отырған жөн» дейді Астана қаласы Есіл ауданы әкімінің кеңесшісі Құралай Слямбекова.

Байқасаңыз, қала ішіндегі суға түсу орындары аз екені белгілі болғандай. Ал жабық бассейндердің бағасы халық қалтасына тиімсіз екені бұрыннан айтылып жүр. Жеке кәсіпкерлердің жұрт қалтасындағы қаржысына бас ауыртқаны шамалы.

Расымен жауапты орындар бір ғана мәселені шешсе керек-ті. Елде шомылу уақытында таза да дұрыс орнатылған жағалау санын көбейтіп, қызмет көрсету сапасын жетілдірген дұрыс. Сапа демекші, жақында ғана Мемлекет басшысы Алакөлдегі демалыс орындары мен жағажай жұмысын сынға алып, артынша Үкімет аталған мәселені қолға алды. Жалпы бұл жалғыз Алакөл не Астана қаласындағы түйткіл емес, өзге өңірлерге де тән кемшілік болып отыр. Ал барлық ел азаматтарының санасында осының түйіні тез тарқаса деген тілек қана бар. Әйтпесе, жазғы туризмнің жағдайы тым жұтаң.

Ержан ҚОЖАС

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button