Зерттеу орталығы ашылды

Елордадағы №111 жалпы орта білім беретін мектепте педагогтардың кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған «Ustaz space» зерттеу орталығы ашылды. Іс-шара аясында «Ustaz space: ұстаздыққа құрмет» мерекелік бағдарламасы ұйымдастырылды.
Салтанатты жиынға «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған мәртебелі педагогтар Эльмара Асқарқызы, Алма Сайдахметқызы, Алина Робертовна, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Әсима Бимендина, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, филолог-ғалым Дихан Қамзабекұлы, Amanat партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек, білім беру саласының басшылары, қамқоршылық кеңес мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Оқушылар қонақтарды гүл шоқтарымен қарсы алып, «Білім шамшырағы» атты әдеби-композициялық қойылым ұсынды. Қойылымда адалдық, ұлтжандылық пен еңбекқорлық сияқты құндылықтар көркем өнер тілімен бейнеленіп, жас ұрпаққа тағылымды өнеге көрсетілді, «Келешек мектебінің» алғашқы гимні ресми түрде шырқалды. Әрі қарай қазақ ағартушылығының негізін қалаған Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев сынды ұлы тұлғалардан бастап «100 есім» жобасына енген замандас ұстаздарға арналған «Ұлағатты жол», «Алтын тұлғалар», «Заманауи педагогика», «Ыбырай Алтынсарин ізбасарлары» атты тақырып бұрыштары таныстырылды. Келушілерге арналған арнайы экскурсия барысында жаңа ашылған «Ustaz space» орталығының жұмыс бағыты таныстырылып, бір жыл бойы үздік танылған ұстаздардың еңбегі ұлықталған «Келешектің ұстаздары» стенді көрсетілді. Мектептің «Білім story» подкаст алаңында 2-сынып оқушысы Нұрмұхаммед Нұрсұлтанұлы құрметті қонақ Әсима Темкеқызымен шағын сұхбат жүргізіп, ақ батасын алды.
Қатысушылар ұстаздық мамандықтың мәртебесі мен қоғамдағы рөлі туралы өз пікірін білдіріп, ізгі тілегін жеткізді. Іс-шара соңында мектеп директоры аға буын ұстаздарға алғыс хаттар табыстап, олардың білім беру ісіне қосқан үлесіне зор ризашылығын білдірді.
Шапағат ӘБДІР