Зейнеттегі педагогтар білім саласына әлі де үлес қосып келеді

Елордада ұзақ жылдар бойы жас ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосқан ардагер ұстаздар зейнет жасына жетсе де, білім беру саласының дамуына белсенді атсалысып келеді. Олар үшін ұрпақ тәрбиесі – өмірлік миссия, ал елдің келешегі – басты назарда. Білім беру саласындағы мемлекеттік саясатты жаңғырту мен жетілдіру жолында елордалық ардагер ұстаздардың да өзіндік орны бар. Осы орайда Астана қаласы Білім басқармасының жанынан құрылған Ардагерлер кеңесі білім саласын дамыту бойынша тың бастамалар мен кешенді шешімдер ұсынуға бағытталған кеңесші орган ретінде жұмыс істейді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ардагерлер кеңесінің мүшелері жуырда елордадағы бірқатар білім беру нысанын аралап, олардың құрылыс барысымен танысып қайтты. Атап айтқанда, Астана қаласы әкімдігінің Құрылыс және техникалық колледжі, №53 балабақша мен №75 мектеп-лицейі ғимараттарының құрылыс қарқынын көріп, жұмыстардың жүйелігімен танысып, өз пікірлерін ортаға салды.
Білім беру ұйымдарының заманауи талаптарға сай салынуы – сапалы білім мен қауіпсіз орта кепілі екенін айтқан ардагерлер құрылыс барысына оң бағасын беріп, болашақта бұл нысандар жас ұрпақ үшін игілікті ортаға айналатынына сенім білдірді.
Сонымен қатар, ардагер ұстаздар еліміздің Білім және ғылым министрінің білім саласындағы тың реформаларын және көшбасшылық ұстанымын қолдайтындарын жеткізді. Олар министр бастамаларының білім беру сапасын арттыруға, педагог мәртебесін көтеруге және жаңа заман талабына сай білім беру жүйесін қалыптастыруға бағытталғанын ерекше атап өтті.
Ардагерлер кеңесі алдағы уақытта да білім беру ұйымдарының дамуына, сапалы инфрақұрылым қалыптастыруына қатысты ұсыныстар беруді жалғастырады.
«Білім саласындағы әрбір өзгеріс – болашақтың кепілі. Сол болашаққа бей-жай қарамай, өз үлесімізді қоса беру – біздің азаматтық парызымыз», – дейді кеңес мүшелері.