Зейнеткерлерге интернет-алаяқтықтан сақтану жолдары түсіндірілді

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елорданың Алматы ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында полиция қызметкерлерінің қатысуымен киберқылмыс пен интернет-алаяқтық мәселелеріне арналған кездесу өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара Алматы ауданы әкімдігі мен аумақтық полиция басқармасының бастамасымен ұйымдастырылды. Оның негізгі мақсаты – егде жастағы азаматтардың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ интернет кеңістігінде қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру.
Кездесу барысында қатысушыларға интернет-алаяқтықтың ең кең таралған схемалары, жеке деректерді қорғау тәсілдері жан-жақты түсіндіріліп, цифрлық ортада құқықбұзушылықтардың алдын алуға көмектесетін практикалық ұсыныстар берілді.
Алматы ауданы полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Бауыржан Қамалиев алаяқтық мәселесі бүгінде кез келген жастағы адамға қатысты екенін атап өтті.
«Алаяқтардың құрбаны тек қарттар ғана болады деу – қате. Иә, олар қауіпке ұшырайтын топқа жатады, бірақ алаяқтардың айласына орта жастағылар да, жастар да түсіп жатады. Шартты түрде он жәбірленушіні алсақ, олардың шамамен жартысы – егде жаста», – деді ол.
Оның айтуынша, ең кең таралған тәсілдердің бірі – мессенджерлер арқылы жасалатын қоңыраулар. Алаяқтар белгілі ұйымдардың атын жамылып, жалған аккаунттар мен аватарларды пайдаланып, өздерін ұялы байланыс операторларының немесе мемлекеттік органдардың қызметкері ретінде таныстырады. SIM-картаның мерзімін ұзарту сылтауымен олар SMS арқылы келген кодты сұрап, осылайша жеке деректерге қол жеткізеді.
Одан кейін схемаға екінші алаяқ қосылып, өзін құқық қорғау органдарының немесе мемлекеттік сервистердің қызметкері ретінде таныстырып, жәбірленушінің атына несие рәсімделгенін хабарлайды. Содан соң «алаяқтардан бұрын әрекет ету» деген желеумен несие алып, қаражатты «қауіпсіз шотқа» аударуға көндіреді.
Сондай-ақ кездесуде алаяқтықтың тағы бір кең таралған түрі – жалған инвестициялар мәселесіне ерекше назар аударылды.
Алаяқтар биржа, акция немесе криптовалюта арқылы тез табыс табуды ұсынып, тегін оқыту мен аз мөлшердегі бастапқы жарна уәде етеді. Адамды біртіндеп процеске тарта отырып, оларды барған сайын көп қаражат салуға мәжбүрлейді.
Кездесу соңында полиция өкілі қауіпсіздіктің негізгі қағидаларын еске салды: SMS-кодтарды ешкімге бермеу, бейтаныс адамдардың қоңырауларына сенбеу, күмәнді шоттарға ақша аудармау және қаржылық ұсыныстар туралы ақпаратты мұқият тексеру қажет.



