Мәдениет

Зейнеткерлердің «Қысқы шабыты»

Астана қаласының Алматы ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Қысқы шабыт» атты арт-терапия үйірмесінің қысқы көрмесі ашылды. Экспозицияда үйірме қатысушыларының қыс мезгіліне арналған көркем және қолданбалы өнер туындылары ұсынылған. Онда қыстық табиғат көріністері, мерекелік атмосфера, жеке естеліктер мен осы кезеңге байланысты ішкі сезімдер көркем түрде бейнеленген.

Көрмеге арт-терапиялық сабақтар барысында орындалған жұмыстар қойылып, изотерапия мен сәндік-қолданбалы өнердің әртүрлі техникалары қамтылды. Атап айтқанда, кинусайга, кілем техникасы, жүннен жасалған акварель және бисермен жұмыс жасау әдістері қолданылған. Бұл тәсілдер зейнеткерлердің шығармашылық әлеуетін ашып, эмоционалдық жай-күйін жақсартуға бағытталған. Экспозицияға арт-студия үйірмесінің тұрақты қатысушыларымен қатар,  жаңадан қосылған зейнеткерлер де қатысты. Көрмеде шамамен 40 қатысушының жұмысы ұсынылып, әр автордың жеке шығармашылық көзқарасы мен стилі көрініс тапты.

«Қысқы шабыт» көрмесі көктемгі көрме ашылғанға дейін жалғасып, студияның маусымдық көрмелер өткізу дәстүрін жалғастырады. Жоба қатысушылардың шығармашылық дамуына ықпал етіп, көрермендерге эстетикалық әсер мен жағымды көңіл-күй сыйлайды.

-Бұл көрме қыстың тыныштығы мен жарығын, өзіндік көңіл-күйі мен рухани әсерін жеткізетін шығармашылық кеңістік ретінде ұйымдастырылды. Сурет өнерін сүйіп тамашалайтын қала тұрғындарын әжелеріміздің шығармаларымен танысуға шақырамыз. «Қысқы шаттық» көрмесі Қошқарбаев даңғылы 29/1 үйде қыс айларының соңына дейін жалғасатын болады, — дейді көрме ұйымдастырушы Айгүл Еркінқызы.

Жалпы Алматы ауданы бойынша арт-терапия үйірмесі 2022 жылдан бері жұмыс істеп келеді, үйірмеге қол өнер шебері Айгүл Қожахметова жетекшілік етеді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button