Әлеумет

Зейнеткерлер зияткерлік ойынында жарысты

Қысқы маусым аясында Астана қаласы Байқоңыр ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Алматы, Байқоңыр, Есіл, Нұра және Сарыарқа аудандары арасында «Алашорда үкіметі және Алаш қозғалысы қайраткерлері» тақырыбында зияткерлік турнир ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараның басты мақсаты – ұлттық тарихты насихаттау, Алаш қайраткерлерінің мұрасын сақтау және дәріптеу, сондай-ақ аға буын өкілдерінің білім деңгейі мен танымдық белсенділігін арттыру. Турнир сұрақтары ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысқа, Алашорда үкіметінің тарихына және оның жетекшілері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлының қоғамдық-саяси қызметіне арналды. Қатысушылар тарихи деректер мен архивтік мәліметтерге сүйене отырып, сұрақтарға сенімді жауап беріп, жоғары дайындық деңгейін көрсетті.

«Бүгінгі зияткерлер ойынына зейнеткерлерден құралған 5 команда қатысты. Ойынның қызықты өтуіне Байқоңыр ауданының белсенді зейнеткері Сайлаукүл Есенбекова мұрындық болды. Бұндай кездесулер зейнеткерлердің бір-бірімен қауышып, эмоциялық әсер алуына, қарт адамдардың ойлау және есте сақтау қабілетіне оң әсер етеді. Әсіресе, Алаш қайраткерлері туралы қойылым көрермендердің көңілінен шықты» — деп пікір білдірді Перспективті даму және әлеуметтік жобалар бөлімінің маманы Дәрия Әлиқызы.

Турнир қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен жүлделі орындар анықталып, жеңімпаз командалар дипломдармен марапатталды:
I орын — Нұра ауданы, «Ұлағат» командасы
II орын — Есіл ауданы, «Сыр сандық» командасы
III орын — Сарыарқа ауданы, «Сарыарқа» командасы
Іс-шара барысында қатысушылар Алаш қайраткерлерінің ел тәуелсіздігі жолындағы еңбегін ерекше құрметпен атап өтіп, олардың идеяларының қазіргі қоғаммен сабақтастығын талқылады.

Осындай мазмұнды, әрі танымдық турнирлер аға буынға рухани серпін беріп, жастар үшін тарихи жадыны сақтаудың маңызды үлгісіне айналуда.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button