Зейнеткерлер Мұқағали мұрасына арналған челлендж өткізді

Астананың Нұра ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған әдеби челлендж өтіп жатыр. Іс-шара ақынның туғанына 95 жыл толуына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Әдеби челленджге Нұра ауданындағы «Ұлағат» әдеби бірлестігінің мүшелері зейнеткер Рауза Измурзинаның жетекшілігімен қатысуда. Өнерсүйер зейнеткерлер бас қосқан іс-шарада зияткерлер клубының 14 мүшесі Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін мәнерлеп, нақышына келтіре оқыды.
Іс-шара барысында ақынның көпшілікке кеңінен танымал шығармалары оқылды. Атап айтқанда, «Поэзия, меніменен егіз бе едің?», «Оңай сөз ғой Отанды сүйем деген», «Үш бақытым», «Мен таулықпын!», «Не пайда күрсінгеннен, өкінгеннен», «Жұтайыншы елімнің таза ауасын…», «Мәңгілік мұра», «Не деген керемет күн», «Отан туралы» өлеңдері тыңдаушыларға ерекше әсер сыйлады.
Қатысушылар Мұқағали поэзиясының терең мағынасы мен рухани құндылығына тоқталып, ақын шығармашылығына деген шынайы құрметін білдірді. Әдеби кеш барысында ақын өлеңдері арқылы отансүйгіштік, адамгершілік, туған жерге деген сүйіспеншілік сынды асыл қасиеттер насихатталды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қазақ поэзиясын кеңінен дәріптеу, Мұқағали Мақатаевтың бай рухани мұрасын сақтау және әртүрлі буын өкілдері арасында ұлттық әдебиетке деген құрметті арттыру.
Аталған әдеби челлендж ақынның туған күні 9 ақпанға дейін жалғасады. Өнер эстафетасын келесі кезекте Есіл ауданындағы замандастары қабылдап, игі бастаманы жалғастыратын болады.



