Ел тынысы

Зейнеткерлер Ассамблея өкілімен кездесті

Астана қаласы Сарыарқа ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында зейнеткерлер Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Ырыскелді қажы» мешітінің имамы Яхияхожа Исмаиловпен кездесті. Рухани мазмұнға толы жиын аға буын мен дін өкілінің ашық сұхбаты алаңына айналды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Кездесу барысында Яхияхожа Абдуллаұлы зейнеткерлерге қоғамдық өмірге белсене араласып, жастарға өнеге болып жүргендері үшін алғысын білдірді. Ол отбасы құндылықтарын сақтау, бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау, адал еңбек пен имандылық қағидаттарын ұстанудың маңыздылығына тоқталды. Аға буынның өмірлік тәжірибесі мен парасаты – қоғам үшін баға жетпес қазына екенін атап өтті.
Қасиетті Рамазан айы қарсаңында ұйымдастырылған басқосуда қатысушылар діни сауаттылықтарын арттыру мақсатында көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды. Имам қазіргі қоғамдағы рухани тәрбие, дәстүр мен дін сабақтастығы, жастар тәрбиесіндегі ата-әженің рөлі жөнінде кеңінен әңгіме өрбітті.

Жиын барысында Орталық өкілдері Яхияхожа Исмаиловтың діни уағыз бағытындағы еңбектері мен дін мәселелері бойынша жүргізіп жүрген ақпараттық-түсіндіру жұмыстары туралы айтып, бейнематериал ұсынды. Бұл қатысушылардың қызығушылығын арттырып, кездесудің мазмұнын тереңдете түсті.
Кездесу соңында Орталық директоры Серік Қарабатыров пен ардақты ардагер Мұхтар Еркетаев мазмұнды әңгіме мен пайдалы кеңесі үшін Яхияхожа Абдуллаұлына алғыс білдірді. Ал Сарыарқа ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Кенжеболат Бапишев естелік сыйлықтар табыс етті.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button