Зейнеткерлер арқан тартыста бақ сынады

Астана қаласы Сарыарқа ауданында зейнеткерлер арасында қазақтың ұлттық ойындарының бірі — арқан тартудан жарыс ұйымдастырылды. Күш пен ұйымшылдықты талап ететін бұл сайыс Наурызнама аясында Ұлттық ойындар күні мен Наурыз мерекесіне орай өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Сарыарқа ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына 20-дан астам зейнеткер жиналып, белсенділік танытты. Қатысушылар үш командаға бөлінді. Әр топта алты адамнан, үш әйел мен үш ер адам өнер көрсетті. Командалар «Мейірім», «Жауқазын» және «Наурыз» атауларымен сынға түсті.
Жарыс тартысты әрі әсерлі өтті. Қатысушылар тек күш сынасып қана қоймай, өзара ауызбіршілік пен ынтымақтың жарқын үлгісін көрсетті. Әр команда жеңіске деген жігерін танытып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Мерекелік шара барысында қатысушыларға бауырсақ таратылып, дәстүрлі шашу рәсімі ұйымдастырылды. Зейнеткерлер бір-біріне ақжарма тілек арнап, бата берді.

Жарыс қорытындысы бойынша: І орын — «Мейірім», ІІ орын — «Жауқазын», ІІІ орын — «Наурыз» топтарына берілді. Сондай-ақ, іс-шара барысында «Гауһартас» және «Әдемі дәуір» би топтары мен жекелеген өнерпаздар өнер көрсетіп, мерекенің сәнін арттырды. Жеңімпаздарды Сарыарқа ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Кенжеболат Бапишев құттықтап, дипломдар, медальдар және естелік сыйлықтар табыс етті. Бұл игі шара ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, зейнеткерлердің белсенді өмір салтын насихаттауға үлкен үлес қосты.



