Әлеумет

Зейнеткерлер «Айкүне» жаттығу курсын тәмамдады

Есіл ауданының әлеуметтік қызмет көрсету орталығында «Айкүне» қазақ гимнастикасы бойынша «Денсаулық – зор байлық» атты ашық сабақ өтті. Іс-шараны Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының жаттықтырушысы, айкүне әдісінің шебері Гүлнәр Шынасылова өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Сабақ барысында нұсқаушы Гүлнәр Сыздыққызы айкүненің егде жастағы адамдар үшін қауіпсіз, әрі тиімді гимнастика екенін атап өтіп, қатысушыларды салауатты өмір салтына ынталандырды. Әрбір қатысушының қозғалысы мұқият бақылауға алынып, жаттығулардың дұрыс орындалуына назар аударылды.

«Мен айкүнеге қатысқалы бұлшықеттер мен буындарымның нығайғанын байқадым. Жаттығудың бұл түрі аяқтағы ауырсынуды азайтады, қан айналымын жақсартады және жүйке жүйесін тыныштандырады. Сондықтан егде жастағы адамдар үшін өте пайдалы. Тегін ұйымдастырылған курс үшін алғысым шексіз», – деп алғысын білдірді айкүне курсының белсенді қатысушысы әрі 65 жастағы зейнеткер Нұрсұлу Байкина.

Қазіргі уақытта Астана қаласы бойынша 700-ден астам зейнеткер айкүне курсына тұрақты қатысуда. Олардың жасы – 65-80 жас аралығында.

Сабақ соңында Есіл ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Жанар Есенаманова зейнеткерлердің белсенділігі мен ынтасын атап өтіп, белсенді ата-әжелерге алғыс хаттар табыстады.

Бұл күн – алты ай бойы үздіксіз жаттыққан 50 зейнеткер үшін білім мен табандылықтың, шыдам мен жігердің қорытындысы болды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button