Зейнеткер волонтерлер

Бүгінде Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына қарасты «Күміс еріктілер» клубында 100-ден аса зейнеткер бар, олардың орта жас шамасы 61-75 жас аралығында.
Ерікті ата-әжелер Астана қаласында өтетін қайырымдылық акциялары мен экологиялық сенбіліктерге белсене атсалысады, тегін шеберлік сабақтарын өткізіп, ұрпақтар сабақтастығы аясында қала мектептерімен, студент жастармен бірлесіп жұмыс атқарады. Сонымен қатар орталықтың күміс еріктілері «Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігімен және «Астана жастары» жастар ресурстық орталығымен меморандум аясында көптеген игі шараны атқарды.
Қаладағы ерікті зейнеткерлер қайырымдылық іс-шараларға жиі тартылады. Мәселен, Нұра ауданының «Күміс еріктілер» клубының мүшелері «Шарапат» қарттар үйінде концерттер, «Жансая», «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында қайырымдылық акцияларын өткізді. Бос уақытында «Күміс еріктілер» клубының әжелері мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап киім-кишек тоқып, қолдан сыйлық жасайды. Мәселен, қараша айында Байқоңыр мен Сарыарқа аудандарындағы арт-терапия үйірмесіне қатысатын ерікті әжелер Халықаралық шала туған балалар күніне орай жыл сайынғы игі дәстүрмен «Ана мен бала» орталығына барып, табиғи жүннен өз қолдарымен тоқыған киім-кишекті сыйға тартты.
«Биылғы қайырымдылық шарасына зейнеткерлеріміз ерекше дайындалып, екі ай бойы бас қосып, табиғи жүннен сәбилерге арналған бұйымдар – шұлық, бас киім, пинетка және шағын пледтер тоқыды. Барлық бұйым қолмен жасалып, әрқайсысына жүрек жылуы мен шексіз мейірім сіңген. Елімізде волонтерлер 14 бағыт бойынша волонтерлік жұмыстарға араласса, біздің зейнеткерлер негізгі 3-4 бағытта ерікті түрде, ақысыз қоғам игілігі үшін жұмыс істейді. Алдағы 2026 жыл – «Халықаралық волонтерлер жылы» деп жариялануына байланысты алға қойған арнайы жоспарымыз да бар. Осыған байланысты әлеуметтік қорғау бағытында салалық волонтерлікті дамыту жөнінде әдістемелік көмек беру үшін арнайы тренинг өткіздік» деп пікір білдірді перспективті даму және әлеуметтік жобалар бөлімінің басшысы Қымбат Тасымова.
Дүниежүзілік еріктілер күніне орай Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында 30-ға жуық ерікті зейнеткер марапатқа ұсынылды.
Волонтерлер күніне орай Сарыарқа ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының еңбек терапиясы бағытындағы ерікті әжелер Ғ.Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназияның оқушыларына шеберлік сабағын өткізді. Сабақ барысында әжелер қолөнер материалдарын пайдаланып, жаңа жылдық сәндік ойыншықтар жасауды үйретті. Сондай-ақ оқушыларға көркем еңбекке қажетті құралдарды дұрыс қолдану және жұмыс кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауды түсіндірді. Балалар «Ақ қала», жаңа жылдық шырша жасау технологиясымен танысып, сурет салып, бояп, жаңа жылдық ойыншықтарды әсемдеді.



