Зейнетақы активтерін басқару тәртібі өзгереді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне бағалы қағаздар нарығы және зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2025 жылғы 16 қазандағы № 67 қаулыны қабылдады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
— Қаулыда 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап басқарушы компаниялардың қызметін бағалау жүйесінің орташа сараланған нәтижелерден композиттік индекстер (бенчмарктар) бойынша бағалауға өтуі көзделген. Композиттік индекстер қазақстандық қор нарығының және әлемдік қаржы алаңдарының индекстерін қамтиды, бұл жаһандық экономикалық үрдістерді ескере отырып, басқару нәтижелерін объективті бағалауға мүмкіндік береді, — делінген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарламасында.
Сонымен қатар, басқарушы компаниялардың тәуекел деңгейі, кірістілігі және инвестициялау мерзімі бойынша ерекшеленетін инвестициялық стратегияларды ұсыну мүмкіндігі көзделген. Бұл салымшыларға жеке қалауы мен рұқсат етілген тәуекел деңгейін басшылыққа ала отырып, тиісті инвестициялық бейінді дербес таңдауға, сондай-ақ зейнетақы активтерін әр түрлі инвестициялық стратегиялары бар түрлі басқарушыларға басқаруға беру арқылы әртараптандыруға мүмкіндік береді.
— Қаулыда зейнетақы активтерін инвестициялау үшін қолжетімді қаржы құралдарының тізбесі кеңейтілді, сондай-ақ әрбір инвестициялық стратегияның ерекшеліктерін ескере отырып, инвестициялаудың тиісті лимиттері белгіленді. Бұл басқарушы компанияларға портфельді әртараптандыруға және инвестициялық тәуекелдерді азайтуға көбірек мүмкіндіктер береді, — делінген хабарламада.
Басқарушы компанияның зейнетақы активтерін Ұлттық банкінің басқаруына ерікті түрде қайтару мүмкіндігі қосымша көзделген.
— Қабылданған шаралар зейнетақы активтерінің ұзақ мерзімді кірістілігінің өсуіне, басқарудағы ашықтық пен икемділіктің артуына, сондай-ақ жеке басқарушылар арасында бәсекелестік ортаның құрылуына әкеледі деп күтілуде, бұл негізінде зейнетақы активтерін тиімдірек инвестициялауға ықпал етеді, — делінген хабарламада.
				


