Заңғар жазушы атындағы кітапхана жаңғыртылды

Бүгін елордадағы Мұхтар Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапхана жаңғыртудан кейін қайта ашылды. Салтанатты іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы, Алдан Смайыл, Сауытбек Абдрахманов, Әлібек Асқар, Ғалым Жайлыбай секілді көрнекті қаламгерлер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары бастаған зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласы мен кітапхана қызметкерлері, студенттер қатысты.
Аталған кітап ордасы Астана қаласы әкімдігінің Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарайды. Осы мекеменің директоры Гүлбадан Мәдібаева келген қонақтарға жаңарған кітапхананы аралатып, жаңа форматтағы оқу залдарын, коворкинг аймақтарын, креативті бұрыштарды, кітап қорын таныстырды.
Оның айтуынша, қаладағы ең ірі болып саналатын осы кітапхана 1974 жылдан бастап жұмыс істейді. Оған 2005 жылы заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің аты берілді. Кітап қоры көркем әдебиет, анықтамалық, энциклопедиялық және шетел әдебиеттерін қосқанда 130 мың дананы құрайды. Оқырмандар саны 7 мыңнан асады. Ал жыл бойына бұл кітапханаға 70 мың оқырман келеді. Олардың қолына бір жылда 80 мың кітап беріледі. Кітапхананы жаңғырту жұмыстарына материалдық-техникалық базаны да күшейту кірді. Атап айтқанда, жаңа жиһаздар мен тиісті техника сатып алынды.
Кітапханашылар мен қаламгерлерді, жалпы зиялы қауым өкілдерін қазіргі қоғамда кітап оқу мәдениетін қалай қалыптастырамыз, оқырмандар саның қалай көбейтеміз деген сауалдар толғандырады. Іс-шара қаламгерлердің Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті студенттерімен еркін форматтағы кездесуімен жалғасты.
Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы классик жазушы Әбіш Кекілбайұлының «Адамды адам еткен кітап, адамзат еткен кітапхана» деген мәтелге айналған сөзін еске сала келе, кітапхананың қоғамда алар үлкен орнына тоқталды. Астана қаласының әкімдігі бас қала қаламгерлеріне көп қолдау көрсетіп жатқанын атап өтіп, қала әкімдігі мен Жазушылар одағының елорда филиалы қолға алған «Қаламгер ұстаханасы» жобасы, жас қаламгерлер арасында куиз ойындары жүзеге асып жатқанын жеткізді. 17 қазан күні Ұлттық академиялық кітапханада аталмыш жоба аясында көрнекті жазушы, драматург Ермек Аманшаев дәріс оқитынын хабарлады.
Астана қаласы әкімінің Есет Байкен Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылы елорданың Орталықтандырылған кітапханалар жүйесін жаңғырту жұмысы басталғанын атап өтті.
«Сол кездегі жағдай бойынша кітапханалар жүйесі құрамында Астанада 18 кітапхана болды. Оның басым көпшілігінің тозығы жеткен еді. Аз уақыттың ішінде күрделі жөндеудің, жаңғыртудың нәтижесінде оның бәрі ретке келтірілді. Қасбеттері ғана жөнделмей, ішкі әрлеу жұмыстары ғана жүргізілмей, қазіргі талаптарға сәйкес жұмыстар жүргізілді. Мәселен, жылдамдығы жоғары интернет желісі тартылды, жасанды интеллект дәуіріндегі заманауи компьютерлер сатып алынды. Осындай жұмыстар 18 кітапхананың бәрінде атқарылды. Бұған қоса, кітапханалар желісі 7 кітапханаға кеңейді. Соның ішінде сол жағалауда және кітапханалар жоқ аудандарда жаңа кітапханалар ашылды. Қазір кітапханалар саны 25-ке жетті. Кітап ордалары көбейген сайын оқырмандар саны да көбейді. Кейінгі жылдары оқырмандар 80 000 адамнан 90 000 адамға артты. Бұл сан кітапханаға деген үлкен сұраныс барын көрсетіп отыр. Соның ішінде жастар да өте көп. Оқырмандардың талабы да кеңейіп жатыр. Шетелдік классиктердің кітаптарын ғана емес, өзіміздің классиктеріміздің жаңа еңбектерін сұрайтындар аз емес. Мұнымен жұмыс тоқтап қалмайды, әлі де жалғаса береді. Қазір сол жағалауда университеттер ашылып жатыр. Олардың маңайында осындай кітапханалар жоқ. Жылына жоқ дегенде бір кітапханадан ашып отыру жоспарымызда бар» деген қала әкімінің орынбасары Есет Байкен қаламгерлерге көңілге қонымды ұсыныстарын жеткізді.
Ол «Қаламгер ұстаханасы» жобасы аясындағы дәрістерді бір жерде ғана өткізбей, қаламгерлер дәрістерін қалаған кітапханасында оқыса деген тілегін айтты. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты қала кітапханалары соған сай келетінін атап өтті. Қала кітапханаларына кеңесші ретінде бір-бір қаламгерден бекітілсе деген ойын айтты.
«Сіздер кішкентай ғана бес минуттық шолудың нәтижесінде бір нәрсені көріп қалуыңыз мүмкін. Сонда «Мұндай елдің еңсесін түсіретін кітаптар кітапханаға керек емес» деп айтып, дабыл қақсаңыздар, біз оны басшылыққа аламыз. Жастарға қандай рухани азық беруіміз керек, қандай кітаптарды алумыз, қайсыларын алмауымыз қажет, қандай іс-шараларды өткізуіміз-өткізбеуіміз керек. Соны сіздермен ақылдасып отырып жұмыс істесек. Жастар сіздерді іздеп, кітапханадан тапса. Ұрпақтар сабақтастығы жолында сондай жүйелі жұмыс істесек, бір ғанибет болар еді» деді Есет Байкен.
Көрнекті жазушы, қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алдан Смайыл кешегі Целиноград қаласын қазақыландыру, Ақмола атауын қайтару, қазақ мектептері мен қазақ театрын ашудағы өзі басқарған «Тіл және мәдениет» қоғамының жұмысына тоқталды.
Белгілі журналист, әдебиеттанушы ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахманов астананың Алатау баурайынан Арқаға көшін еске алып, Астана әкімдігі қаламгерлерге үлкен қолдау көрсетіп жатқанын, соның ішінде «Жазушылар үйін» бергенін атап өтті. Мұхтар Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапхана Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне ең жақын орналасқан, әлеуеті өте жоғары кітап ордасы екенін айта келе, студенттерге, оқытушыларға сол әлеуетті пайдалану керектігін жеткізді. Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқар Астананың қалыптасу жылдарынан естелік айтты. Жалпы астананы көшірудің артында стратегиялық шешім жатқанын, оның бастысы солтүстік өңірді сақтап қалу болғанын атап өтті.
Студенттер цифрлық дәуірдегі кітапхананың рөлі, жасанды интеллект заманындағы кітапқа қызығушылықты көтеру туралы, басқа да кітап оқуға қатысты қоғамдағы өзекті мәселелер жөнінде сауалдар қойып, жауаптар алды.
Аманғали Қалжанов