«Заңғар заңгер» республикалық зияткерлік байқауы өтті

Maqsut Narikbayev University-де «Заңғар заңгер» республикалық зияткерлік байқауы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Заң саласында қазақ тілін қолдануды кеңейтуге және студенттердің тілдік құзыреттілігін дамытуға бағытталған сайыс Қазақстанның тоғыз университетінен қатысушыларды біріктірді.
Байқау барысында студенттер құқық саласындағы тәжірибелік кейстерді шешіп, заңдық талдау және дәлелдеу дағдыларын көрсетті, сондай-ақ мемлекеттік тілде пікірталас жүргізе білу шеберлігі бойынша мықтыны анықтады. Қатысушылар арасында шығармашылық кезең ерекше қызығушылық тудырды, онда олар заң тақырыптарын заманауи әлеуметтік және мәдени контекспен байланыстыра отырып, креативтілік танытты. Үздік үштікке MNU, Karaganda Buketov University және Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ командалары кірді, ал байқау қожайындары жеңімпаз атанды.

«Біз білімімізді ғана емес, мамандыққа деген көзқарасымызды да көрсетуге тырыстық. Барлық кезеңде кейстерді әдеттен тыс, шығармашылық тұрғыдан шешуге және заңгер тек қатаң және ұстамды болуы тиіс деген стереотипті бұзуға тырыстық. Бұл жеңіс – біздің табанды жұмысымыздың және құқықтық қазақ тілін жетілдіруге деген ұмтылысымыздың нәтижесі», – деді Maqsut Narikbayev University студенті Ерқанат Айдарбек.
Тіл мен заң тоғысқан алаңдағы байқаудың әділ әрі кәсіби деңгейде өтуіне Мақпал Жұмабай, Болат Сыздық, Жазира Ағабекқызы, Гүлдана Мәлікқызы және Эльмира Арсыланқызы өз үлестерін қосты.
Үш кезеңнен тұратын байқауда топ жарып, жеңіске жеткен Maqsut Narikbayev University-дің «Кемел заңгер» тобы кубок иегері атанды.




