Заң аясындағы демеу

Астана қаласы Байқоңыр аудандық прокуратурасы «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында құқықтық мәдениетті нығайтуға, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға және қиын өмірлік жағдайға тап болған тұлғаларды қолдауға бағытталған профилактикалық акция өткізді.
Іс-шара «Демеу» қайта әлеуметтендіру орталығында ұйымдастырылып, баспанасыз және бас бостандығынан босатылған азаматтарға кешенді құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетуге арналды. Акцияға 8 мемлекеттік орган, сондай-ақ 5 жұмыс беруші қатысып, жалпы саны 100-ге жуық азамат қамтылды.
Профилактикалық іс-шара барысында қатысушыларға жеке құжаттарды қалпына келтіру, медициналық көмек алу, мүгедектік рәсімдеу, жұмысқа орналасу және әлеуметтік қолдау тетіктері бойынша кеңес беріліп, нақты құқықтық көмек көрсетілді. Нәтижесінде жыл басынан бері 11 азамат жеке басын куәландыратын құжаттармен қамтамасыз етілсе, 10 адам емдеу мекемелеріне жолданды. Сонымен қатар 11 азаматқа мүгедектік рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, 10 адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Байқоңыр аудандық прокуратурасының бөлім прокуроры Қазбекби Берғалиұлының айтуынша, мұндай іс-шаралар әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қоғамға бейімдеуге, олардың құқығын қорғауға және заң аясында өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады. Аталған бастама мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтып, құқық үстемдігін қамтамасыз етуге және әлеуметтік әділеттілікті арттыруға ықпал етпек.
Ерасыл НҰРЛЫБЕКҰЛЫ



