Заманауи білімге қадам

Қазіргі таңда жаңа талаптарға сай салынған, заманауи технологиялармен жабдықталған, білім берудің инновациялық тәсілдерін қолданатын жаңа үлгідегі мектептерді біз «Келешек мектептері» деп атап жүрміз. Олар оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасауға, болашаққа қажетті дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Мұнда цифрлық орта, зертханалар, STEAM кабинеттері, коворкинг аймақтары, қауіпсіз әрі қолайлы инфрақұрылым қарастырылған. Жобалық оқыту, сыни ойлау, креатив пен коммуникация сияқты маңызды құзыреттерге де ерекше мән беріледі. Осындай форматтағы білім беру жүйесіне бейімделген мектептің бірі – Астанадағы №103 орта мектеп.
Бүгінде мектепте 126 мұғалім қызмет етеді, 2483 оқушы білім алады. Оқу ордасы ақпараттық қауіпсіздік пен медиасауаттылыққа, құзыреттілікке негізделген білім беруге, STEAM бағыттарының дамуына және цифрландыруға басымдық беріп отыр.

– Технология қарқынды дамыған заманда ақпаратты дұрыс пайдалану, цифрлық этикаға баулу аса маңызды. №103 мектепте «Адал азамат» жобасы аясында осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі. Қазіргі заманда жасанды интеллект, виртуалды шындық және смарт-технологиялар кең қолданылған сайын оқушының ақпаратпен жұмыс істеу мәдениеті мен медиасауаттылығы басты құндылыққа айналуда. Бұл ретте әділ шешім қабылдау, жауапкершілік пен уәдеге беріктік, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды құрметтеу – мектеп тәрбиесінің негізгі бағыттары. Сондай-ақ оқу үдерісінде жаңа педагогикалық әдістер кеңінен енгізілуде. Әр оқушының деңгейі мен оқу қарқыны ескеріліп, жекеленген оқу жүйесі қолданылады. Orleu LMS және жасанды интеллект платформалары арқылы оқу нәтижелері талданып, әр оқушыға жеке білім траекториялары ұсынылады. Сонымен қатар жобалық жұмыс әдісі дамытылып, зерттеушілік және шығармашылық қабілеттерді арттыру мақсатында түрлі ғылыми, экологиялық, әлеуметтік жобалар жүзеге асырылады. Сабақтарды қызықты әрі интерактивті ету үшін геймификация элементтері енгізіліп, Kahoot, Quizizz, Wordwall секілді платформалар белсенді қолданылады, – дейді мектеп директоры Жанат Айтова.
Білім ошағында цифрлық және техникалық мүмкіндіктер жыл сайын артып келеді. Мұғалімдердің 100 пайызы «Оқу үдерісі және ЖИ: генеративті модельдер мен промт-инжиниринг» курсынан өтіп, жасанды интеллектті сабақ жоспарын құруда, материалдарды бейімдеуде және бағалау жүйесінде тиімді пайдаланып жүр. Жаратылыстану пәндерінде VR/AR технологиялары енгізіліп, виртуалды зертханалар, 3D-анатомиялық модельдер, AR-карталар қолданылуда. Смарт-сыныптарда интерактивті панельдер, робототехника жабдықтары, Micro Bit, Arduino, Lego Education платформалары оқушылардың инженерлік және алгоритмдік ойлау қабілетін дамытады. Бұдан бөлек, ата-аналардың оқу-тәрбие процесіне қатысуы да мектеп жұмысының маңызды бөлігі. Олар баласының сабаққа қатысуын, мектеп формасын сақтауын, үй тапсырмасын орындауын қадағалап, мұғалімдермен тұрақты байланыста болады. Мектеп ұйымдастыратын іс-шараларға қатысып, тәрбие жұмысына қолдау көрсетеді. Сонымен қатар баланың қауіпсіздігі мен психологиялық жағдайын бақылап, профилактикалық жұмыстарға атсалысады.
– Мектебімізде инклюзивті білім беру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Оқушылар үшін жеке білім беру бағдарламалары, арнайы модификацияланған тапсырмалар әзірленеді. Логопед, дефектолог, педагог-ассистент, психолог сияқты мамандар тұрақты қолдау көрсетеді. Мектепте сенсорлық бөлме, арнайы оқу құрылғылары, дыбыстық кітаптар, коммуникативтік құрылғылар сынды техникалық құралдар қолданылады. Сонымен қатар пандустар, бағыттаушы белгілер, арнайы жабдықталған кабинеттердің болуы барлық балаға қолжетімді орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Достық атмосфера орнату, буллингтің алдын алу, баланың өзін қабылдауына жағдай жасау да инклюзивті білім берудің ажырамас бөлігі, – дейді мектеп директоры.
Кешенді жұмыс нәтижесінде №103 мектеп, шын мәнінде, «Келешек мектебі» үлгісіне айналып келеді. Заманауи инфрақұрылым, инновациялық әдістер, саналы ұрпақ тәрбиесіне бағытталған құндылықтар бұл оқу ордасының негізгі басымдықтары болып қала бермек.
Шапағат ӘБДІР



