Ысырап су жылап ағады

«Су – тіршіліктің көзі», «тіршіліктің нәрі» деген халқымыз «судың да сұрауы бар» деп су үнемдеп пайдалануға айрықша мән берген. «Суға симе», «Өзен жағасына кір жума» деп судың тазалығына да ерекше көңіл бөлген. Бұл тыйым сөздер – жай ғана ырым емес, ғасырлар бойы қалыптасқан экологиялық мәдениеттің көрінісі. Ата-бабамыз суды тек күнделікті қажет үшін емес, болашақ ұрпаққа аманат деп қараған. Қазақ ұғымында су көзін ластау, суды ысырап ету үлкен әдепсіз әдеттің бірі ретінде бағаланған.
Алайда уақыт өткен сайын бұл таным көмескіленіп бара жатқандай. Бүгінгі қоғамда суға деген көзқарас тұтынушылық сипатқа ауысты. Яғни судың «құнын» төлеген ақшамызбен ғана мөлшерлейтін деңгейге жеттік. Қарапайым ғана мысал: таңертең тіс жуып тұрған адамның шүмекті жаппай, суды сарылдатып ағызып қоятын әдеті жиі кездеседі. Бір қарағанда, елеусіз көрінетін бұл әрекет бірнеше минуттың ішінде ондаған литр судың босқа кетуіне себеп болады. Сол сияқты ыдыс жуу, кір жуу, жуыну кезінде де дәл осындай бейқамдық жиі кездеседі. Яғни ағып тұрған суды уақытша тоқтатуға ерінетініміз – суға деген көзқарасымыздың жеңілдеп кеткенінің белгісі.
Ең өкініштісі – осы әдеттің балалардың көз алдында қалыпты нәрсе ретінде қабылдануы. Бала ата-ананың іс-әрекетін қайталайды. Егер ол үйінде суды үнемдеу мәдениетін көрмесе, ертең өзі де сол бейқамдықты жалғастырады. Осылайша суға немқұрайлы қарау бір ұрпақтан екінші ұрпаққа үнсіз көшіп барады.
Жұрт Қазақстанды кең-байтақ, табиғи ресурстарға бай ел деп қабылдайды. Алайда шын мәнінде, еліміз су қоры шектеулі мемлекеттердің қатарына жатады. Қазақстандағы өзен-көлдердің басым бөлігі көрші елдерден бастау алады. Бұл – су қауіпсіздігі тұрғысынан үлкен тәуекел. Халықаралық сарапшылар да Қазақстанды су тапшылығы жоғары елдер қатарында есептейді: Азия елдері арасында Қазақстан су тапшылығы бойынша 8-орында тұр. Яғни су тапшылығы жағынан – «қызыл аймақтамыз». Климаттың өзгеруі, мұздықтардың еріп, азаюы, халық санының өсуі де су тапшылығын жыл сайын күшейтіп отыр. Сарапшылардың болжамынша, егер бүгіннен бастап су үнемдеу мәдениетін қалыптастырмасақ, алдағы онжылдықтарда ауызсу мәселесі тіпті күрделене түспек. Бұл тек ауылдық аймақтарға ғана емес, ірі қалаларға да қатысты. Әсіресе, Астанада бұл мәселе күн сайын көрнектіленіп келеді.
Елорда – қарқынды дамып жатқан мегаполис. Қала халқы жыл сайын өсіп келеді, жаңа тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар салынуда. Мұның бәрі суды тұтыну көлемінің артуына тікелей әсер етеді. Астанадағы негізгі су көзі шектеулі екенін ескерсек, суды бейберекет пайдалану болашақта күрделі мәселеге айналуы ықтимал.
Қазіргі таңда қалада су есептегіш құралдар орнатылып, тарифтік саясат арқылы үнемдеуге ынталандыру жүргізілуде. Алайда мәселе тек бағада емес. Негізгі түйін – адамдардың санасында. Су үнемдеу – мәжбүрлік емес, өмір салтына айналуы тиіс құндылық. Сондықтан суды үнемдеуді заңмен ғана емес, тәрбиемен орнықтыру қажет. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, су тапшылығы бар елдер ең алдымен, халықтың экологиялық мәдениетін көтеруге мән береді. Бізге де осы бағытта нақты қадамдар қажет.
Президенттің Жапонияға сапарынан бері елімізде Токиодан үлгі алу мәселесі де жиі айтылып жүр. Дұрыс бастама. Бірақ біз жапондардың қаланы, жолдарды қалай салғанын ғана емес, экологиялық ортаны қорғаудағы, тазалыққа көңіл бөлудегі, әсіресе, су үнемдеудегі мәдениетін де үйренуіміз керек. Мәселен, Жапонияда көп жағдайда ваннадағы су төгілмейді. Оны дәрет шелегін шаюға пайдаланады, душ пен крандарда ағынды азайтатын құрылғылар міндетті түрде орнатылады. Өйткені жапондар үшін «ыңғайлы» болу маңызды емес, дұрыс болу аса маңызды. Сондай-ақ жапондар жаңбыр суын жинап, оны гүл суаруға, дәретхананы шаюға, көшені жууға пайдаланылады. Ал бізде ше? Жаңбыр суын пайдаланбақ түгіл, таза суды үнемдеу мәдениетін әлі қалыптастырған жоқпыз.
Өткенде мәлім бір көлік жуу орнында екі жүргізуші жанжалдасып жатыр. Біреуі шелекке су ағызып қойған екен, шелек толып, су асып төгіліп жатқан соң қасында тұрған жігіт шүмекті тоқтатып қойған екен, соған ашуланған анау «менің ағызып қойған суымды неге тоқтатасың? Шықса менің ақшам шығып жатыр? Сен төлеп жатқан жоқсың, бұл әкеңнің суы ма еді?» деп өрескел мінез көрсетті. Бірінің әдетіне сүйінсем, екіншісінің топастығына таң қалып, қатты қынжылдым. Әрине, су ысырап қылуға қатысты мұндай келеңсіздіктерді көптеп келтіруге болады.
Көлік жуу демекші, Астанада көлік жуатын орындар аз емес. Алайда олардың басым бөлігі әлі күнге дейін суды көп қажет ететін дәстүрлі әдіске сүйеніп келеді. Яғни, көлікті үздіксіз ағып тұрған сумен жуу қалыпты жағдайға айналған. Бір көлікті жууға ондаған, тіпті жүздеген литр су жұмсалатынына ешкім мән бере бермейді. Ал сол су қайта пайдаланылмай, кәрізге ағып кетеді. Бұл – су тапшылығы қаупі бар ел үшін ойланарлық жағдай. Ең сорақысы, кейбір көлік жуу орындарында суды үнемдейтін жабдықтар мен айналымды (қайта қолданылатын) жүйелер мүлде қарастырылмаған. Су есептегіш болғанымен, нақты бақылау әлсіз, суды үнемдеу мәдениеті де табыс табудан кейінгі кезекке ығысып қалғандай.
Ал шын мәнінде, заманауи технологиялар көлікті әлдеқайда аз сумен жууға мүмкіндік береді. Көптеген елдерде көлік жуу орындары су айналымы жүйесін қолданады, яғни пайдаланылған су арнайы сүзгіден өтіп, қайта қолданысқа жіберіледі. Бұл – әрі тиімді, әрі экологияға зияны аз тәсіл. Өкінішке қарай, Астанада мұндай тәжірибе кең тарала қойған жоқ. Қар мен жаңбыр суын пайдаланудың да ауылы алыс. Егер пайдалана білсек, еріген қар мен жаңбыр суын пайдалану – Астана үшін тез жүзеге асыруға болатын нақты мүмкіндік. Жаңбыр суын жинау – техникалық және қаржы жағынан тез енгізілетін, тиімді шешім. Ал қар суын қосымша ресурс ретінде пайдалануға мүмкіндік бар. Қыстай қаншама текше метр қар арнаулы техникамен қаладан сыртқа тасылады. Егер сол қарды күннің көзі түспейтін көлеңке жерге сығымдап (баттап) жинасақ, қаладағы гүлзарларды суаруға, жолдарды жууға немесе жолдың шаңын басу үшін себуге жетіп асар еді. Бірақ қазір оны ешкім ескеріп жатқан жоқ, су үнемдеу, «Таза Қазақстан» деп құр айқайлағанымен, жаңбыр, қар суын қосымша байлық ретінде пайдалануды ешкім ескеріп жатқан жоқ. Яғни біздің елде жаңбыр мен қардың суы да ысырап болып жатыр. Бұл – су тапшылығы бар елдің ең алдымен ескеретін мәселесі.
Қысқасы, Астана үшін су үнемдеу – кейінге қалдыратын мәселе емес, бүгіннен басталатын қажеттілік. Қала халқы өсіп, су тұтыну көлемі артқан сайын әр тамшының бағасы қымбаттай береді. Суды тек шүмектен ағатын ресурс ретінде емес, табиғаттың аманаты ретінде қабылдау қажет. Еріген қар мен жаңбыр суын техникалық мақсатта пайдалану, көлік жуу орындарында айналымды су жүйесін енгізу, тұрмыста суды ысырап етпеу – мұның бәрі ауызсуға түсетін салмақты азайтады. Су үнемдеу, ең алдымен заңмен емес, санамен орнығуы тиіс. Сонда ғана елорда болашағын ойлаған, тіршілік көзін қадірлейтін қалаға айналады.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ



