Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Нуриддин Аманқұл Түркияның жетекші медиа холдингтері – İhlas Medya, Demirören Medya және Albayrak medya компанияларының құралдарының басшылары мен журналистерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кездесулер барысында Бас консул Қазақстандағы жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері мен елдегі конституциялық реформалардың мәні туралы кеңінен ақпарат берді.
Атап айтқанда, конституциялық өзгерістердің мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен өзара бақылауды күшейтуге бағытталғаны атап өтілді. Сонымен қатар, жаңа Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін нығайтып, қоғамның саяси өміріне азаматтардың қатысу мүмкіндіктерін кеңейтетіні айтылды.
Бұл өзгерістер Қазақстанда «Әділетті Қазақстан» қағидаттарын қалыптастыруға және демократиялық институттарды одан әрі дамытуға негіз болатыны аталып өтті. Түркия медиа өкілдері Қазақстандағы саяси жаңару үдерісіне қызығушылық білдіріп, жүргізіліп жатқан реформалардың елдің тұрақты дамуы мен өңірлік ынтымақтастықты нығайтудағы маңызын атап өтті.
Кездесулер қорытындысында тараптар Қазақстан мен Түркия арасындағы ақпараттық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ Қазақстандағы реформалар мен қоғамдық-саяси өзгерістер туралы түрік аудиториясына кеңінен ақпарат тарату мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендерін білдірді.



