Басты ақпаратЕл тынысы

Ынтымақтастықтың жаңа белесі

Газеттің өткен санында жазғанымыздай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен 11-12 қарашада Ресей Федерациясына мемлекеттік сапармен барды. 

Внуково-2 әуежайында мәртебелі мейманның келуіне орай Мәскеу гарнизонының құрмет
қарауылы мен әскери үрмелі оркестрі сап түзеді. Мемлекет басшысын Ресей Федерациясы
Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары Денис Мантуров пен басқа да ресми тұлғалар
қарсы алды. Екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.  Мемлекеттік сапар аясында
екіжақты маңызды құжаттарға қол қойылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент Владимир Путинмен келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ Орал қаласында өтетін ХХІ Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық сессиясына бейнебайланыс арқылы қатысты.

Жастар Абай  шығармашылығына қызығады

 Қазақстан Президенті Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының студенттерімен кездесіп, әңгімелесті. Студенттер Мемлекет басшысына қазақша тіл қатты. Олар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітаптарында көрініс тапқан дипломатия мен ашықтық қағидалары Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында үлгі ретінде оқытылатынын жеткізді. Сонымен қатар жастар Абай Құнанбайұлы шығармашылығына зор қызығушылықпен қарайтынын айтты.

«Ақынның «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген достық туралы ой орамдары өте ерекше. Ресей мен Қазақстан мәңгілік достықтың қос қанаты деп есептейміз. Екі елді, екі халықты риясыз, шынайы достық қарым-қатынас байланыстырады» деді жастар.

Мемлекет басшысы студенттердің қазақ тілін үйренуге деген ынтасына жоғары баға беріп, оларға сәттілік тіледі.

«Мәскеу мемлекеттік халық­аралық қатынастар институты – өте беделді жоғары оқу орны. Бүкіл әлемге танымал. Қазақстан – бүгінде дербес мемлекет. Менің ойымша, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар ­институтында алған білімдеріңіз болашақта мол пайдасын тигізеді. Өйткені түрлі елдер туралы, оның ішінде Ресейдің бұрыннан келе жатқан одақтасы Қазақстан жайында көп мағлұмат білу Сіздерге кейін жұмысқа орналасуға, сондай-ақ әлемде және өңірлік деңгейде бәсекеге қабілетті маман болуға көмектеседі» деді Президент.

Бейресми жағдайда пікір алмасты

Қазақстан мен Ресей президенттері бейресми кездесу өткізді.

«Құрметті Владимир Владимирович, ең алдымен, Мәскеуге, осынау қасиетті жерге табаным тиген сәттен бастап көрсетілген ерекше сый-құрмет үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Жаңа ғана протокол аспектілері жөнінде айтылды. Шын мәнінде, Ресей астанасындағы ыстық ықылас мені қатты таңғалдырды әрі қуантты. Екіжақты ынтымақтас­тық стратегиялық серіктестік, одақтастық қатынастар сипатына ие. Барлық бағытта бірлесе жұмыс атқарып келеміз. Мемлекеттеріміз арасында ешқандай түйткіл жоқ. Мәселе туындаған күннің өзінде президенттер мен үкіметтер басшыларының күш-жігері арқасында оң шешімін табады. Сіздің шақыруыңызды зор ықыласпен қабыл алдым. Расында, бүгін бейресми жағдайда пікір алмасамыз. Менің Өзіңізбен талқылағым келетін біраз пікір-пайымым бар» деді кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев.

Владимир Путин мемлекеттік сапармен келген мәртебелі мейманына алғыс айтты.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, ең алдымен, Сізге уақыт тауып, келіскеніміздей, мемлекеттік сапармен келгеніңіз үшін алғыс айтамын. Бұған шын жүректен қуаныштымын. Әрине, біз ұдайы байланыстамыз. Алайда мемлекетаралық қатынастарда мұндай протоколдық дүниелер де маңызды. Бүгін бейресми жағдайда кездесіп, барлық өзекті мәселе бойынша әңгімелесеміз. Ал ертең әріптестермен бірге екіжақты қарым-қатынастың күн тәртібін қарастырамыз және перспективті бағыттарға назар аударамыз. Жалпы алғанда, біз осы жылды өте жақсы нәтижелермен аяқтаймыз, сондай-ақ таяу келешекке арналған жоспарды орындаймыз деп ойлаймын» деді Ресей Федерациясының Президенті.

Мемориалға гүл шоғын қойды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапарының екінші күні Александр бағындағы «Белгісіз жауынгер бейіті» мемориалына гүл шоғын қою рәсімінен басталды. Бір минут үнсіздіктен кейін оркестр Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранын орындады. Содан соң Құрмет қарауылы еліміздің ресми делегациясының алдынан салтанатпен сап түзеп өтті. Қазақстан Ұлы Жеңіске зор үлес қосты. Майданға 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық аттанып, олардың тең жартысы ерлікпен қаза тапты. Бес жүзден астам отандасымыз Кеңес Одағының Батыры атанды.

Одақтастық қатынастардың жаңа деңгейі

Мемлекет басшысы Ресей Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесті. Жүздесу барысында Президент бұл сапарын Қазақстан – Ресей сан қырлы ықпалдастығының айтулы кезеңі ретінде қарастыратынын айтты.

«Бұл сапар елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды жаңа деңгейге көтеру тұрғысынан тарихи маңызға ие» деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен кездесуі жайында айтып, екі елдің ресми делегация өкілдерінің қатысуымен өтетін келіссөздердің күн тәртібіне назар аударды.

«Кеше Владимир Владимировичпен екі сағатқа жуық жүзбе-жүз отырып әңгімелесіп, көптеген мәселені, өзара ынтымақтастықты және халықаралық ахуалды талқыладық» деді Қазақстан Президенті.

Валентина Матвиенко кездесу үшін Мемлекет басшысына ризашылығын білдіріп, Қазақстан Президентінің мемлекеттік сапарына Ресейдің ерекше мән беріп отырғанын жеткізді.

«Сіздің сапарыңызға өте үлкен дайындық жүргізілгенін білемін. Мазмұнды бағдарлама мен мемлекетаралық құжаттар пакеті әзірленді. Бүгін бұл құжаттарға мемлекеттер басшылары қол қояды. Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіздің «Российская газета» басылымына жарияланған мақалаңызды мұқият оқып шықтым. Шынымды айтсам, Ресей – Қазақстан қарым-қатынасына қатысты тұстарына алып-қосарым жоқ. Екі ел арасындағы ынтымақ­тастықтың тарихы, бүгіні және болашағы жайында өте терең толғам жасағансыз» деді Ресей Федералды Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрағасы.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Валентина Матвиенко сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың, сондай-ақ парламентаралық диалогтың өзекті мәселелерін талқылады. Жоғары деңгейде қол жеткізілген барлық келісімге заңнама тұрғысынан сапалы қолдау көрсетудің және Қазақстан мен Ресей парламенттерінің күш-жігерін үйлестірудің маңызын атап өтті.

Таяу келешекте мақсатымыз орындалады

Қазақстан Президенті Қасым-­Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин Кремльдің Георгий залында келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Ресей тарапының сапарды ұйымдастыруға мұқият әзірленгенін айтып, ризашылығын жеткізді.

«Владимир Владимирович, Сізге алғысым шексіз. Ерекше қонақжайлығыңыз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Іс-шаралар жан-жақты ойластырылған. Біз үшін Ресей Федерациясына мемлекеттік сапар – биылғы ең айтулы оқиға. Министрліктер, ведомстволар арқылы консультациялар жүргізіп, тыңғылықты дайындалдық. Өйткені ынтымақтастық ауқымы өте кең. Ресей Федерациясымен барлық салада тығыз байланыс орнаттық. Сіз жаңа ғана қандай жұмыс атқарылғаны, алдымызда қандай міндеттер тұрғаны жөнінде егжей-тегжейлі айттыңыз. Оған алып-қосарым жоқ. Шын мәнінде, мемлекеттеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастар – саяси сыпайылық үшін айтылған сөз емес, өзара ынтымақтастығымыздың мәнін ашатын сипаттау. Сондықтан өзара қарым-қатынасымызда ешқандай түйткіл жоқ деп сеніммен айтуға болады. Әлгінде өзіңіз айтқандай, барлық сала табысты дамып келеді. Тауар айналымын 30 миллиард долларға дейін арттыру міндетін қойдық. Менің ойымша, бұл – қол жеткізуге болатын көрсеткіш. Таяу келешекте мақсатымызға орындалады деп ойлаймын. Ресей Федерациясымен атом энергиясы саласындағы ынтымақтастыққа айрықша тоқталғым келеді. Көп ұзамай «Росатоммен» станса құрылысын бастауға мүмкіндік беретін өте маңызды келісімдерге қол қоямыз. Бұл – серпінді жоба. Өйткені атом электр стансасы ғана салынбайды, мүлдем жаңа сала пайда болады. Білім саласындағы ықпалдастығымызды атап өткім келеді. Ресейдің 9 жоғары оқу орны, соның ішінде танымал университеттер Қазақстанда филиалдарын ашты. Бұл үшін Ресей Федерациясының білім саласы өкілдеріне ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар Омбы университеті жанынан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалы ашылды. Бұл да елеулі оқиға. Жалпы, білім саласына ерекше мән беремін. Өйткені жастарымызға жағдай жасау керек деп санаймын. Біздің мақсатымыз – жастарға Қазақстан мен Ресейдің жаңа тарихи және геосаяси кезеңдегі ынтымақтас­тығы мен достық байланыстарын аманаттау. Өскелең ұрпақ мұндай қарым-қатынассыз осынау алмағайып заманда өмір сүру мүмкін емес екенін түсінуге тиіс. Қазақстан Президентінің Ресей Федерациясына мемлекеттік сапары бұл міндетті белгілі бір деңгейде орындап отыр. Осы бағыттағы жұмыс жалғасын табады деп ойлаймын. Сол себепті Сізді Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырамын» деді Президент.

Өз кезегінде Владимир Путин осы сапар қорытындысы бо­йынша бірнеше меморандум­дар әзірленгеніне тоқталды.

«Құрметті Қасым-Жомарт ­Кемелұлы, Сізді Мәскеуде, Кремль сарайында қарсы алғаныма өте қуаныштымын. Бүгін Мәскеуге Үкімет мүшелерінен және бизнес өкілдерінен құралған үлкен делегация келгенін көріп отырмыз. Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасымыз қарқынды дамып келеді. Негізгі құжаттарда жазылған уағдаластықтардың өзектілігін өмірдің өзі көрсетуде. Қазақстан мен Ресей – жақын серіктес, достас әрі одақтас елдер. Бұл нақты істерден байқалады. Ресей – Қазақстанның жетекші сауда-экономикалық серіктестерінің бірі және басты инвесторлар қатарында. Былтыр сауда айналымы 27 миллиард доллардан асты. Биылғы 9 айда бұл көрсеткіш 20 миллиард долларға жетті. Көптеген ресейлік компания Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстанның бизнес өкілдері де Ресейде өз кәсіптерін ашып, белсенді жүргізуде. Біз халықаралық аренада тығыз байланыс орнаттық. Бірқатар өңірлік ұйымға мүшеміз. Алдағы күндері Бішкекте өтетін ҰҚШҰ форумында, одан кейін Санкт-Петербургтегі ТМД-ға және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларының дәстүрлі басқосуларында кездесеміз. Бағдарламамыз өте мазмұнды, оның барлығы орындалып жатыр. Сіздің бүгінгі сапарыңыз­дың қорытындысы бойынша меморандумдар әзірленді. Бұл байланыстарымызды жоғары мемлекетаралық деңгейге шығаруды көздейді. Әрине, бұл бізді қуантады. Қазақстанмен қарым-қатынасты одан әрі дамытуға ұмтыламыз» деді Ресей Федерациясының Президенті.

Кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ықпалдастықтың кең көлемді мәселелері қарастырылды. Одан әрі мемлекеттер басшылары Орал қаласында өткен XXI Қазақстан – Ресей өңіраралық форумының пленарлық сессиясына бейнебайланыс арқылы қатысты. Биылғы форумның тақырыбы – «Жұмысшы мамандықтары – экономикалық өсімнің қозғаушы күші».

Қасым-Жомарт Тоқаев Форум­ға екі елдің нәтижелі стратегия­лық серіктестігін айшықтайтын айтулы шара ретінде баға берді.

«Осы бірегей алаңда экономикалық, инфрақұрылымдық және гуманитарлық бағыттағы тың жобалар дүниеге келіп, кейін өңірлік деңгейде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатады. Мұның маңызы зор. Өйткені экономикалық өсім және өнеркәсіп, ғылым, білім, мәдениет салаларындағы ынтымақтастық ең әуелі өңірлерде қалыптасады» деді Президент.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button