ӘлеуметБасты ақпарат

Ядролық көлеңке және жаһандық жанталас

Таяу Шығыстағы геосаяси ахуал тағы да ушықты. Израиль 13 маусым күні Иранның ядролық нысандарына, әскери базаларына, қару-­жарақ қоймаларына әуеден соққы жасап, бірқатар стратегиялық инфрақұрылымды қиратты. Бұған жауап ретінде Иран да Израиль аумағын атқылауды бастады. Осылайша қақтығыс салдары аймақ шеңберінен шығып, әлемдік нарыққа әсерін тигізіп үлгерді: мұнай бағасы күрт өсіп, жаһандық энергетикалық қауіпсіздік мәселесі қайтадан күн тәртібіне шықты.

Сұрапыл соққы, қайратсыз қарымта

Израильдің бұл жолғы шабуылы тосын әрі аса қатты болды. Қарсыласын ес жиғызбай тұншықтыруды көздеген Израиль Қарулы күштері 200-ден астам жойғыш ұшақпен әуе­ден соққы беріп қана қоймай, Иран аумағынан да ұшқышсыз ұшақтар (дрондар) ұшырып, операцияны бірнеше бағыттан жүргізді.

Алдымен Иранның жоғары шенді генералдарын көздеп, командалық құрылымға соққы берді. Артынша әуе шабуылынан қорғану жүйелері мен барлау орталықтарын нысанаға алды. Бұл Иранның қорғаныс қуатын әлсіретуге бағытталған айқын қадам болатын. Соғыстың алғашқы күнінде-ақ Израильдің үлкен нәтижеге қол жеткізгенін әскери сарапшылар мойындап отыр.

Қазірге дейін Иранның 10-нан астам әскери қолбасшысы қаза тауып, әуе шабуылынан қорғану жүйелері шетінен қирады. Ұзақ уақыт экономикалық бұғаудың астында өмір сүрген Тегеранның өзі жасаған және Ресейден алған әуе шабуылынан қорғану жүйелері соғыстың алғашқы күні-ақ қауқарсыз екенін көрсетті. Жалғыз жойғыш ұшақты атып түсіргеннен басқа, маңызды нысандарға бағытталған зымырандарды, ұшқышсыз ұшақтарды атып түсіре алмады, радар жүйелерінің да көзі соқыр, құлағы саңырау болып шықты. Сосын да бір аптаға жетпей Из­раиль Иранның әуе кеңістігін толық бақылауға алып үлгерді. Ал Иран еруліге қарулы жасап, қақтығыс басталған күннің ертесінде Израильге бағыттап 200-ге жуық зымыран атқанмен, қазір оның саны 10-20-ға дейін құлдырады. Сарапшылар бұл жағдайды Иранның алысқа ұшатын зымырандарының таусыла бастауы және Израиль шабуылдарынан кейін зымыран ұшыратын қондырғыларының көбінің жойылып кеткенімен байланыстырады.

Иранның адам шығыны да еселеп артып барады. Қазірге дейін бейбіт тұрғындарды, Иранның әскери қолбасшыларын қамтыған 300-ге жуық адам көз жұмып, неше мың адам жараланды. Ал Израильде қазірге дейін 30-ға жуық адам қаза тауып, мыңнан астам адам жараланған көрінеді. Оның үстіне халық ел астанасын және басқа қалаларды тастап, сыртқа қашып жатыр. Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху қақтығыс басталған кезде Иран халқына арнайы үндеу жолдап, Тель-Авивтің әрекеті Иран халқына емес, елдің билігі мен әскери инфрақұрылымына бағытталғанын мәлімдесе, соңғы күндері жұртшылықты Тегераннан кетуге, жаппай көтеріліске шығып, билікті аударып тастауға шақырған болатын. Оған жауап ретінде Иранның Қарулы күштері бас штабының басшысы Амир Мусави: «Біздің осы уақытқа дейін жүргізген әскери операцияларымыз бар болғаны ескерту болатын. Енді біздің жазалайтын сәтіміз келді. Мен Тель-Авив пен Хайфа тұрғындарын дереу қаладан кетуге шақырамын. Аталған қалалар тұруға жарамсыз болмақ. Иран сионистік режимді жояды» деп мәлімдеді.

Иран оппозициясының лидері, Иран шахының ұлы Реза Пехлеви де үндеу жасап, Ислам Республикасының соңына жеткенін, Хаменеи режимінің күйреуі басталғанын айтты. «Хаменеи қорқақ тышқандай тығылып қалды. Басталған процесс енді тоқтамайды. Бұл – Иран халқына қарсы 46 жылдық соғыстың соңы» деді ол.

Пехлеви халықты көшеге шығуға, елдің барлық аймағында көтеріліске үндеп, Иранның болашағына арналған нақты жоспар бар екенін, өтпелі кезеңде ұлттық-демократия­лық үкімет құрылатынын жеткізді. Ол Қарулы күштер мен мемлекеттік құрылым қызметкерлеріне де үндеу тастап: «Бұл шіріген режим үшін өмірлеріңізді қиып, халыққа қарсы соғыспаңыздар. Болашақ Иранды бірге құрамыз» деді. Қысқасы, Таяу Шығыстағы соңғы геосаяси шайқас Иранның ішкі және сыртқы тұрақтылығына ауыр соққы болып тиді. Бір жағынан, Израильдің тосын шабуылы, екінші жағынан, ел ішіндегі жаппай наразылық пен оппозицияның жандануы. Осылайша Иран 1979 жылдан бері алғаш рет ішкі және сыртқы қысымға қатты ұшырап отыр. Ресеймен қол қойған стратегиялық әріптестік те бұл жолы нақты әскери көмекке айналған жоқ. Мәскеу Иранға әскери қолдау көрсетуге дайын емес, тек саяси мәлімдемелермен шектеліп отыр. Бұл да Тегеран билігінің халықаралық оқшаулануының көрінісі.

Қорыққан бұрын жұдырықтайды

Израиль Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху өз Қарулы күштерінің әрекетін алдын ала жасалған соққы ретінде сипаттап, «бұл – тіршілік үшін маңызды қатерді жоюға бағытталған қадам. Иранның ядролық бағдарламасы 90-минуттық кезеңге жетіп, ядролық бомба жасауға таяп қалды» деп мәлімдеді. Батыс елдері де Нетаньяхудың бұл ұстанымын қолдап, Тегеранның «қызыл сызықтан» өтуіне жол беруге болмайтынын айтты. Алайда Нетаньяху айтқан уақыт шегі көпшіліктің күмәнін тудырды.

Иран бірнеше рет ядролық қару жасау туралы шешім қабылдамағанын мәлімдеді. Биыл наурызда АҚШ Ұлттық барлау басқармасының директоры Тулси Габбард Конгресс алдында сөйлеген сөзінде: «АҚШ барлау қызметі Иранның ядролық қару жасап жатқанына дәлел таппа­ғанын» мәлім етті. Халықаралық атом энергиясы агенттігінің ­(МАГАТЭ) соңғы тоқсандық баяндамасына сәйкес, Иран уранды 60% деңгейіне дейін байыту көлемін арттырған, бұл қару жасайтын 90% деңгейге өте жақын. Жинақталған уран 9 ядролық оқтұмсық жасауға жетуі мүмкін. Сосын да қақтығыстың алғашқы күндерінде Иранның ауқымды ядролық бағдарламасына тиесілі 3 негізгі нысанға шабуыл жасалды: Натанз, Исфахан және Фордо. Соққыдан кейін МАГАТЭ Натанздағы бір тәжірибелік отын байыту зауытының жерүсті бөлігінің жойылғанын хабарлады.

Израиль сонымен қатар Иранның «зияткерлік әлеуетін» жою мақсатында ядролық физиктерді нысанаға алған. Қазіргі мәлімет бойынша кем дегенде 9 ядролық ғалым және көптеген жоғары шенді әскери қолбасшы қастандықпен өлтірілген. Израиль шабуыл нысандарының тізімін әскери базалардан, зымыран ұшыру алаңдары мен зауыттардан бастап, экономика және мұнай инфрақұрылымдарына дейін кеңейтті.

АҚШ атқа мінді

Дейтұрғанмен Израильдің әуе соққылары Иранның жер астындағы нысандарын толық жоя алмауы мүмкін. Мәселен, Фордо – Ирандағы екінші ірі әрі ең жақсы қорғалған ядролық нысан. Бұл нысан таудың терең қойнауында орналасқан. Сарапшылардың айтуынша, Иран осы жерде қару жасауға жарамды уран қорын сақтауда. Қазір Израиль осы нысанның күлін көкке ұшыруды ойласуда. Алайда Израильде мұндай тереңдегі нығайтылған нысанды жоя алатын «жерасты бекінісін бұзушы» бомба жоқ. Мұндай қару АҚШ әскери-әуе күштерінің иелігінде бар. Бұл қарудың салмағы – 30 мың фунт, дәлдікпен бағытталатын құрал. Алайда осындай қуатты қарудың өзі Фордоны толық жою үшін бірнеше күндік үздіксіз соққыны талап етеді. Израиль «Иранның Фордосындағы ядролық нысанның көзін жоймай, бізге тоқтау жоқ» дейді. Демек, Иранды біржолата тұралату үшін енді соғысқа АҚШ-тың араласатыны анық.

The New York Times дерегінше, Пентагон Таяу Шығыстағы барлық әскери базасын ұрыс жағдайына келтіріп үлгерді. БАӘ, Иордания және Сауд Арабиясындағы АҚШ базалары жоғары дайындықта. «Таяу Шығыста 40 мың АҚШ сарбазы бар» дейді басылым. Бұған қоса, Парсы шығанағына АҚШ әскери кемелері кіріп, өңірге бақылауды күшейтті.

АҚШ-тың соғысқа араласуы жа­һандық ахуалды күрт ушық­тыруы мүмкін. Өйткені бұл – жай тактикалық шешім емес, әлемдік тәртіпке ықпал ететін стратегиялық бетбұрыс. Таяу Шығыс қана емес, бүкіл планета жаңа дағдарыстың табалдырығында тұр.

«Иран мен Израиль арасындағы соғысқа АҚШ араласуы мүмкін» деген ақпаратқа Иран Парламенті Ұлттық қауіпсіздік комиссиясының орынбасары Фарди Аймани: «Біз үшін АҚШ-тың әскери базаларына соққы жасау Израильге соққы жасауға қарағанда оңайға түспек. Сол үшін АҚШ ойланып әрекет етуі тиіс. Олар Иранға шабуыл жасауды ойласа, ендеше 50 мың сарбазына табыт дайындауды да ұмытпасын» деді.

Мұнай – геосаяси өнім

Таяу Шығыстағы бұл соғыс мұнай бағасына тез әсер етіп, оның құны 7 пайызға өсті. Бұл – соңғы айлардағы ең күрт өсім. Энергетика саласындағы сарапшылардың пайымдауынша, бұл үрдіс әлі де жалғасуы мүмкін. Себебі геосаяси тәуекелдер – мұнай нарығына ықпал ететін негізгі фак­торлардың бірі.

Иранда барланған мұнай қоры шамамен 157 миллиард баррельді құрайды, бұл Таяу Шығыстағы барланған мұнай қорының төрттен біріне (24 пайыз) және әлемдік қордың 12 пайызына тең. Иран – әлемдегі мұнай өндіруші елдердің ішінде тоғызыншы орында, ал ОПЕК құрамында төртінші орында тұр. Оның күнделікті шикі мұнай өндіру көлемі шамамен 3,3 миллион ­баррельді, ал шикі мұнай мен мұнай өнімдерін экспорттау көлемі күніне 2 миллион баррельді құрайды.

2023 жылы Иранның мұнай экспорты есебінен түскен таза табысы 530 миллиард АҚШ долларына жетіп, 2021 жылғы 370 миллиард доллармен салыстырғанда едәуір артқан. Иран экономикасы көптеген көршілес елмен салыстырғанда әртараптандырылған болса да, мұнай ел кірісінің басты көзі болып қала береді. Алайда шетелдік инвестициялардың шектеулі болуы мен халықаралық санкциялар салдарынан Иран мұнай өндіру әлеуетін толық пайдалана алмай отыр.

Теңіз арқылы тасымалданатын мұнайдың 20 пайыздан астамы Иран мен Оман арасындағы стратегиялық Хормуз бұғазы арқылы өтеді. Кеше «Al Jazeera» «Егер соғысқа АҚШ араласса, Иран Хормуз бұғазын миналайды» деп хабарлады. Бұл қауіптің астарында әлемдік мұнай нарығына төнген орасан қатер жатыр. Себебі Хормуз жабылса, күніне 18-20 миллион баррель мұнайдың жолы кесіледі, мұнай бағасы $120-$150 межесіне дейін шарықтауы мүмкін, әлемдік инфляция үдейді, азық-түлік бағасы өседі. Өйткені Хормуз – жай ғана бұғаз емес, әлемдік энергия қауіпсіздігінің күретамыры. Егер ол миналанса, соғыс майданы мұнай бағасының дүрбелеңімен бүкіл планетаға жайылуы ғажап емес.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button