Басты ақпаратМәдениет

Уақытты жеңген туынды

Николай Гогольдің «Ревизор» пьесасы уақыт пен кеңістікті жеңген классикалық туынды екені даусыз. Елорданың «Жастар» театрының сахнасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрқанат Жақыпбай қойған бұл спектакльдің ерекшелігі – жиырма жылдық тарихына қарамастан, өзінің көркемдік формасын, мәні мен қуатын сақтап қалуында. Бұл қойылым жыл сайын бір рет қойылса да, әр жолы жаңа эмоциялар сыйлап, көрерменді қайта-қайта көруге жетелейді. Осындай тұрақтылық пен сапа – театр өнеріндегі нағыз феномен.

Спектакльдің алғашқы сәтінен бастап-ақ режиссерлік және көркемдік шешімдердің терең ойластырылғаны байқалады. Сахна ортасында жалғыз қалған Дуанбасы (Әділ Ахмет) бейнесі, сахна сыртынан естілген белгісіз дыбыстан шошып, үрейленген қалпы алдағы оқиғалардың сипатын айқындайды. Кейін сахнаға шыққан актерлердің сахнадағы қызыл кілемді абыржыған кейіппен тазалап жүруі – қоғамдағы әбігер мен үрейдің, жемқорлықтың «ізін жасыру» әрекетінің аллегория­лық көрінісі.

Жандәулет Батайдың Бобчинскийі жеңіл, көңілді және әдепкі «жағымпаз» мінезімен ерекшеленеді. Оның қимылдарындағы жылдамдық пен бет-әлпетіндегі балаңдық көрерменді бірден өзіне баурап алады. Актер кейіпкердің ішкі әлемін аша түсу үшін әр қимылын, әр мимикасын мұқият ойнайды. Оның әр сәті трагифарс жанрының ішкі логикасына сай. Актердің ойынында жасандылықтың ізі де жоқ. Жандәулет Батайдың Бобчинский рөліндегі шеберлігі – спектакльдің ең тартымды тұстарының бірі. Оның сахнадағы шынайылығы қойылымның жалпы көркемдік құндылығын арттырады.

Спектакльдің басты кейіпкері – Хлестаков рөлін сомдаған Дәурен Серғазиннің ойыны ерекше атап өтуге тұрарлық. Актер Хлестаковтың жеңіл ойлы, бос сөзді сипатын табиғи қалпында жеткізу арқылы, оның психологиясын тереңнен ашады. Дәуреннің Хлестаковы – тек күлкі тудыратын карикатура емес, өзінің өтірігіне өзі сене бастайтын, билік пен жағымпаздықтың құрбаны болған, соның ішкі драмасын бастан кешіретін кейіпкер. Дәурен Серғазиннің сахнадағы пластикасы мен сөз саптауы кейіпкердің ішкі өзгерістерін айқын көрсетеді. Бастапқыда Хлестаковтың жеңілтектігі, әңгімеге құмарлығы байқалса, оқиға өрбіген сайын, оның бойындағы бос мақтаншақтық бірте-бірте сенімділікке, тіпті, тәкаппарлыққа ұласады. Актер осы өзгерістерді мимикасы, интонациясы және қимылдары арқылы көрерменге шебер жеткізеді.

Мәдина Май сомдаған Мария Антоновна мен Хлестаков арасындағы махаббат сезімі сахналары өте шебер орындалған. Актриса Анна Андреевнаның аңқау, өзімшіл және сәнқой мінезін тартымды әрі қуатты етіп ашқан. Оның сахна­дағы энергиясы, Хлестаковқа жағымды көріну үшін жасаған әрекеттері кейіпкердің ішкі қызығушылығы мен трагифарс­тық табиғатын толық ашады. Актрисаның қуатты ойыны қойылымға ерекше реңк беріп, көрерменді өзіне тартады.

Пошта бастығы Шпекина рөлін сомдаған Айнұр Рахипованың ойыны ерекше назар аударуға лайық. Актриса өз кейіпкеріне жан бітіріп, оның тек комедиялық элементтерін ғана емес, сонымен бірге ішкі мінезіндегі қызбалық пен энергияны да айқын көрсетіп, сахнадағы ең қуатты тұлғалардың біріне айналдырған. Актриса Шпекина рөліндегі энергиясы, бір деммен бірнеше репликаны айтып шығу шеберлігі – нағыз кәсібиліктің белгісі. Бұл тыныс алу техникасын жоғары деңгейде игерген актрисаның жұмысы сахнада шынайы театр атмосферасын сезінуге мүмкіндік береді.

«Жастар» театрының «Ревизор» қойылымындағы көркемдік шешімдердің ішінде костюмдердің дизайны мен стилі ерекше назар аудартады. Біздің байқауымызша, бұл кос­тюмдер кейіпкерлердің ішкі мәнін аша түсетін маңызды символикалық жүк арқалаған. Актерлердің құмырсқаға немесе басқа жәндіктерге ұқсас стильде жасалған. Бұл – кейіпкерлердің ішкі мәнін, олардың қоғамдағы «жәндіктей» аласұрған тіршілігін меңзейтін метафоралық шешім. Костюмдердің осылай стилизациялануы билік басындағы адамдардың адамдық қасиеттерін жоғалтып, бір жүйенің «винтиктеріне» айналғанын, яғни «жәндіктендірілгенін» меңзейді. Олардың әдемі, бірақ біртүрлі формалары осы әлеуметтік сыбайластықтың, біркелкіліктің бейнесі іспетті. Костюмдердің бұл әдемі әрі қызықты стилі – қойылымның жалпы эстетикасына сай.

Хореография мен актерлердің пластикасы – спектакльдің қозғаушы күші. Бұл элементтер қойылымның жалпы көркемдік кескіндемесінде ерекше орын алады. Актерлердің жас ерекшелігіне қарамастан, сахнадағы қозғалысы таңқаларлықтай жеңіл әрі еркін. Бұл жылдар бойғы тәжірибенің, физикалық дайындықтың және сахналық мәдениеттің жоғары деңгейін көрсетеді. Қойылымдағы би элементтері мен жаппай сахналардағы қозғалыстар өте қуатты әрі синхронды орындалған. Актерлердің бір-бірін сезініп, бір ырғақта қозғалуы труппаның ансамбльдік жұмысының жоғары деңгейін көрсетеді.

Біз бұл спектакльді көре отырып, театр өнерінің қуатын, актерлік құрамның жан-тәнімен беріле жұмыс істеуін және режиссерлік концепцияның тереңдігін сезінеміз. Қойылымның көркемдік қуаты мен актерлік шеберлігінің шынайылығы бізді қатты тебірентті. Мұндай қойылымдар – ұлттық театр өнерінің байлығы.

Нұрсая ҚАЙРАТ,

К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер
университетінің студенті

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button