Уақыт талабындағы талпыныс

Таяуда Астана қаласы Сарыарқа аудандық Ардагерлер кеңесінің кезекті VI есеп беру-сайлау конференциясы болып өтті. Оның жұмысына Сарыарқа ауданының әкімі Жанасыл Шәукетаев пен Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов қатысып, сөз сөйледі. Олар Ардагерлер кеңесінің есепті мерзімі ішіндегі атқарған жұмысына оң баға беріп, жоғары ұйымшылдық деңгейінде өткендігін атап өтті.
Конференцияда Ардагерлер кеңесінің төрайымы Үләш Құсайынованың 2022 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңдегі атқарған жұмыстары жайлы есепті баяндамасы тыңдалды. Аудандық Ардагерлер кеңесінің пленумдарында, төралқа отырыстарында заман талабына сай өзекті мәселелер ұдайы қаралып отырды. Соның нәтижесінде ардагерлер қозғалысын жандандыру, зейнеткерлерді әлеуметтік-тұрмыстық түрлі ахуалдар жағынан қорғау, олардың қоғамдық-саяси өмірге белсене қатысуын қамтамасыз ету тұрақты түрде жүзеге асырылды. Есепті кезең аралығында Президиумның 16 мәжілісі өткізілді, 5 пленумда уақыт талабы үрдісіндегі маңызды мәселелер талқыланды. Тек қана өткен жылдың өзінде заңнамалық тұрғыдан кеңес берушілердің қабылдауында 425 адам болды. Телефон арқылы 250 адамға ауызша заңнамалық жәрдем көрсетілді.
Конференцияда ұжымның есепті кезеңдегі жұмысы қанағаттанарлық деп бағаланды. Жаңа басшылық құрамы және Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің ХII есеп-беру сайлау конференциясына делегаттар сайланды. Конференция Сарыарқа аудандық Ардагерлер кеңесінің төрайымы қызметіне Үләш Құсайынованы бірауыздан қайтадан сайлады.
СЕРІК ШАЙМАН,
Астана қаласы Сарыарқа
аудандық Ардагерлер кеңесі Президиумының мүшесі



