Ел тынысы

Волонтерлік жас талғамайды

Елордада волонтерлікті 2021 жылы бастадым, сол жылы Астана қаласы “Белсенді ұзақ өмір сүру” орталығында жұмысқа ерікті болып кірдім. Алғашында “Айкуне”  халықтық гимнастикасынан аптасына екі рет жаттығу өткіздім. Кейін 2022 жылы орталық заңды іске қосылғанда, мені мекеме басшысы Мұхтар Дүйсенұлы ұйымдастырушы есебінде жұмысқа шақырды.

Мен сол кезде негізгі жұмысыммен қатар “Күміс еріктілер” клубын жүргізуге де рұқсат сұрадым. Себебі бұл салада азды-көпті жинаған тәжірибем бар еді. Бұған дейін де Алматы қаласындағы дәл осындай орталықта 2019-2020 жылдар аралығында”Күміс волонтер” клубының белсенді мүшесі  болып, бірнеше игі істер атқарған едік. Қоғамға пайдалы түрлі акцияларға және «Қайырымдылық керуені» республикалық конкурысының «Мейірім жолында» номинациясы бойынша Алғыс хат алдым.

Жалпы, әр зейнеткерге ауадай қажет, дәл осындай орталықтың ел астанасында да ашылуына тікелей себепші болған ол  – Еркетаев Мұхтар Дүйсенұлы. Мұхтар Дүйсенұлы Алматы жоғары партия мектебін бітірген, көптеген лауазымды қызметтерде істеген идеологиялық саяси білімі жоғары, білікті басшы. Орталық қазір Астана қаласында алты ауданда қарқынды жұмыс істеп жатыр. Мұхтар Дүйсенұлының басшылығымен, идеясымен зейнеткерлерді әлеуметтендіру барысында көптеген  клубтар жұмыс істеп жатыр.

Жасы сексеннің сеңгіріне шықса да қоғамға тигізер пайдасы өте көп.  Осы орайда менің ойыма зейнеткерлер де осы жақсылықты пайдалы іс-әрекетімен қайтара алса екен, жалпы айналасына жақсылығын көрсете алса екен деген ой келді. Алматыдан жинаған тәжірибемді Астанадағы “Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында” жүзеге асырып көрсем деп шештім. Осылайша, Астанада да менің бастамаммен “Күміс еріктілер” клубы құрылды.

Біз қазір заманауи терминмен “ерікті” деп атап жүрміз. Жалпы бұл бүгін ғана пайда болған сөз емес. Тарихқа үңіліп көрейікші, жетімі мен жесірін жылатпаған дана қазақ сонау ашаршылық жылдары да ерікті боп талай адамға қол ұшын созған. Өздеріңіз білетіндей кезінде Сталиннің бұйрығымен қазақ даласына неміс, шешен, кәріс, гректерге дейін жер аударылды. Солардың барлығына бізге тез сіңіп кетуіне жаны жайсаң, жүрегі кең қазақ елі көмектескен. Осы орайда анамның бір естелігін айта кетейін. Баяғыда сол жер аударылғандар отын жинауға шыққанда отынды төсенішке салып, оны өздері төрт жағынан ұстап алып жүреді екен. Қатты жел соққанда әлгі жинағандарының бәрі қайта ұшып кетеді екен. Олар жылап жүріп қайта жинайды. Сонда ата-анамыз отынды буып, түйіп жинап, арқаға асатынын үйреткен. Ал әкелеріміз болса қорадағы қой ешкісінің біреуі егіз туса, соның біреуін соларғаен салып беріп, демеу болған екен.

Жалпы “асар салу”, “жылу жинау” деген де қазақта бұрыннан бар, қанымызға сіңіп кеткен қағидалар. Көршіге көмектесу, жақыныңа жәрдем болу, білгеніңді айту осының барлығы қазақтың бойында бар қасиет. Ешкім ешкімді мәжбүрлемей, ерікті түрде жәрдемдесу қазақта бар қасиет. Десе де, қазір заман күрт өзгеруде. Сананы смортфон билеуде. Ұрпағымыз темір адамға айналуда. Бұл ретте көне салтты жаңғырту біздің басты міндетіміз әрі борышымыз деп білем. Бүгінгі ұрпақ жоғарыда атап өткеніміздей ата-бабасының қамқор да жанашыр болғанын ұмытпау қажет. Ендігі біздің міндет осындай клубтар құрып, бүгінгі буынға көне салт-дәстүрімізді,әдет- ғұрпымызды дәріптеу.

Бүгінде “Күміс волонтерлер” клубы төрт бағыт бойынша белсенді жұмыс атқарып келеді:

  1. Жастарға патриоттық тәрбие беру: Жас ұрпақтың бойына тарихымыз бен ұлттық құндылықтарымызды сіңіре отырып, оларды кітап оқуға деген сүйіспеншілігін арттыру, отансүйгіштікке баулу.
  2. Ұлттық мұраны дәріптеу: Ұлттық қолөнер мен ұлттық тағамдардың жасалу жолдарын үйрету арқылы шеберлік сабақтарын өткізу.
  3. Инклюзивті волонтерлік: Клуб мүшелері зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандармен бірге жұмыс жасап, ұлттық ойындарды үйретіп, ертегілер оқып беру, қойылымдарға қатыстыру сынды жұмыстармен айналысады. Сонымен қатар, демеушілер тарта отырып, әр шарада қатысушыларға сыйлықтар табыстап, олардың көңілін көтеріп келеді.
  4. Экология: Қоршаған ортаны қорғау бағытында жастармен, колледж және жоғары оқу орындарының студенттерімен бірге сенбіліктер ұйымдастырып, қоғамға үлгі болып келеді.

«Таным» және әдеби-танымдық бағытта жұмыс істейтін «Ұлағат» клубын құрдық. Клубта “Ыбырай Алтынсарин” төсбелгісін алған жоғары санатты магистрлар мен ғылым кандидаттары және көп жылдық тәжірибелері бар ұлағатты ұстаздар бар.

“Әжеден қалған  асыл мұра», «Ұлттық тағамдар құпиясы» клубтары да ұмыт болған қазақ асханасы мен қолөнерімізді қайта жаңғырту мақсатында жасалған. Мысалы мұнда әжелеріміз түрлі тағамдарды әзірлеп қана қоймай, олардың адам ағзасына өте пайдалы екенін де айтады.

2024 жылы Атырау қаласында өткен құрылтайда: «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», деді Мемлекет басшысы.

Ғалымдардың зерттеу нәтижелері көрсеткендей, кішкентайынан кітап оқуға құлшынысы бар балалар мен жасөспірімдердің болашақта жетістікке жету мүмкіндігі жоғары болады. Сол себепті көптеген елдер «кітап оқуға» шақырудың түрлі айла-тәсілдерін ойлап тауып жатыр. Техника мен заманауи гаджеттер дамыды десек те оларды басқару үшін де білім қажет. Жапонияда өсіп келе жатқан жастардың кітап оқып, білім алуына айрықша көңіл бөлінеді. Бүгінде Жапония балалардың кітап оқу белсенділігін қолдау туралы арнайы Заң шығарған жалғыз ел болып отыр. Ол жерде ауқымды ұлттық саясат жүргізіледі. Олар балалармен тікелей жұмыс істейтін кітапханаларға арнайы қолдау білдіреді. Тіпті Жапонияда балалардың кітап оқу күні де 23 сәуірге белгіленген. «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтарында баланың кітапқа деген махаббатын ашу мақсатында жазғы лагерьлерде «Әжемнің ертегісі» рубрикасы да іске қосылды. Ақ жаулықты аналарымыз ұлттық киіммен мектепке кіріп келгенде балалар да ерекше сезімге бөленетінін сан мәрте байқадық. Және ол әжелер құр қол бармай қалтасын тәттіге толтырып барады ғой.

Сондай-ақ біздің “Күміс ерікті” әжелері Астана қаласындағы №2 ші Өнер мектебі, №66 және  №89 мектептермен тығыз байланыста жұмыс істеді. Аптасына бір рет барып, ұмыт болып бара жатқан киіз басу, алаша тоқу, құрақ құрау, кесте тігу, қамшы өру сынды қолөнерімізді дәріптеді. Оқушылардың қызығушылығы керемет болды.

Инклюзивті волонтер ерекше балаларға да үнемі қолдау білдіреді. Әлбетте мүмкіндігі шектеулі балаларға басқа да еріктілер жиі барып көмектеседі. Дегенмен, көпті көрген, айтары бар қарт қарияларымыздың барғаны тіпті бөлек. Ата-әжелеріміз оларды аялы алақандарымен аялап, жылы-жұмсақтарын беріп, ертегілерін айтып, құшақтап бауырларына басып рахатқа бөлейді. Бұл ретте де көмекке келетін демеушілер көп.

Астана қаласында 2024 жылы  қыркүйек айында өткен Көшпенділер ойынына 1300 еріктілер қатысты.  Осы халықаралық ойынға жиырма шақты «Күміс еріктілер» белсенділік танытты. Жастармен қоян-қолтық араласып шет елден келген қонақтарды күтіп алып шығарып салуға атсалысты.Бекітіліп берілген аймақ «Этно-ауылда» ұлттық қолөнеріміз туралы мәліметтерді аудармашы жастардың көмегіне сүйене отырып келген қонақтарға көптеген мағлұматтар бере отырып қонақтардың естелік сыйлықтар сатып алуына себепші болды. Көшпенділер ойынында да, жастарға үлгі бола білді.

Президент Қ.К Тоқаев өткен құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Адал еңбек, адал табыс, адал азамат  тәрбиелеу «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қабылданды. Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек…. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, ол ең алдымен үлкендердің кінәсі», деді. Себебі жас ұрпақ тәрбиесіне келгенде ардагерлерге де жүктелер міндет өте жоғары.  Осы бағытта біздің Күміс волонтерлер де айтарлықтай үлес қосып келеді. Соның ішінде ұлттық тәрбиеге аса мән беріліп, балалармен түрлі тәрбие сағаттарын өткізуге жоспар құрып, оған спикерлер даярлаймыз. Бір ғана мысалы, оқушыларға сабақтың кіріспе бөлімінде киіз үй, домбыра, бесік туралы не білетінін, не білгісі келетінін сұрап алдық. Содан соң мәтін таратылып, топтық жұмыс жүргізу нәтижесінде “Инсерт” стратегиясымен жаңа білім берілді. Сабақта не уйренгенін білу нәтижесінде қорытынды бөлімі уйымдастырылды.

Волонтерлер туралы заңға  «Күміс еріктілер» туралы бір тармақ кіргізіп, оларға жыл аяғында қаржылай марапаттар берсек, артық болмас еді. Ойымды қорыта келе айтарым, «Күміс еріктілер» қандай да бір берілген тапсырмаларды тыңғылықты, барынша жоғары деңгейде орындап, жастарға үлгі, қоғамның айнасы болып келеді. Өмірінің жазы кетіп, күзі қалғанда қоғамға, қоршаған ортаға, жас ұрпаққа қандай пайда келтірсем екен деп жүректері мейірімге толы, әр күнін бір қайырымдылық іс істеуге арнап жүрген «Күміс волонтер» ата-апаларымызға денсаулық тілеймін!

Ләззат Өтеғұлова,

Астана қаласы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы

«Күміс волонтерлер» клубының үйлестірушісі

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button