Басты ақпаратСараптама

Веложолдар ұзарып барады

Қала өміріндегі ең басты мәселенің бірі – көлік. Көпшілік күнделікті жұмысқа қатынау үшін автобусқа, жеке көлікке немесе баламалы құралдарға жүгінеді. Соның ішінде соңғы жылдары ерекше сұранысқа ие болып келе жатқаны – велосипед.

Әлемнің көптеген елінде велосипед мәдениеті жоғары деңгейде дамыған. Мысалы, Нидерланд, Дания, Германия, Жапония, Қытай, Канада және Скандинавия елдері бұл бағытта ерекше озық тәжірибеге ие. Бұл мемлекеттерде арнайы веложолдар салынған, қауіп­сіздік шаралары заң жүзінде бекітілген, велосипед қоятын тұрақтар жеткілікті, тіпті қоғамдық велосипед жалға алу жүйесі кеңінен қолданылады. Сондықтан Нидерландты әлемдегі «велосипедшілер елі» деп атайды. Амстердам мен Утрехт қалаларының бүкіл аумағы веложолдармен көмкерілген. Сондай-ақ мұнда көпқабатты велотұрақтар бар, ал заңнамалық тұрғыдан жол-көлік апаты болған жағдайда, көлік жүргізушісі жауапты болады. Сонымен бірге Қытай да велосипед мәдениетімен танымал. Бір жағынан, бұл халықтың қарапайым тұрмысын көрсетсе, екінші жағынан экологиялық әрі қолайлы өмір салтының көрінісі. Оның үстіне өзіндік романтикасы да жоқ емес. Астананың да болашағы дәл осындай өркениетті бағытқа ойысатыны сөзсіз.

Қоршаған ортаға залалы жоқ

Астанада 1500 электркөлік, 90 электрқуаттау стансасы бар. Қазіргі таңда веложолдардың ұзындығы 152,75 шақырымды құрайды. 2018 жылы Есіл ауданында ұзындығы 34 шақырым болатын «Велосипед көлігін дамыту» жобасының бірінші кезеңі іске қосылған. Сол жылы «Жасыл белдеу» аумағында ұзындығы 23 шақырым болатын жол торабы салынған. Ал 2020 жылы ұзындығы 89 шақырым болатын велосипед көлігінің екінші кезеңдік инфрақұрылым жобасы әзірленіп, 2021 жылы Ғ.Мүсірепов, Абылай хан, Ш.Құдайбердіұлы, Р.Қошқарбаев пен Мәңгілік ел көше-даңғылдарының бойында 7,5 шақырым веложол салынған. 2024 жылы Мәңгілік ел даңғылын қайта жөндеу жұмысы аясында ұзындығы 3 шақырым (бірінші кезең) веложол төселсе, ал Қабанбай батыр даңғылы бойында Сығанақ көшесінен ипподромға дейін ұзындығы 6 шақырымнан асатын веложол салынған. Биыл Сығанақ көшесінде (Қабанбай батырдан Тәуелсіздікке дейін) ұзындығы 0,4 шақырым веложол, Мәңгілік ел даңғылының екінші кезеңін қайта жөндеуде (Ұлы даладан Қабанбай батыр­ға дейін) ұзындығы 1 шақырым веложол салынған.

– Астана қаласы бойынша пайдаланушыларға 155 велостанса және электрлі велосипедтерге арналған 2 станса ­жұмыс істейді, қазіргі таңда 774 велосипед пен 13 электрлі велосипед қолжетімді, велостансалардың орналасқан жерін www.velobike.kz сайтынан көруге болады және жүйе тәулік бойы 24/7 режимінде жұмыс істейді. Велосипедті жалға алу үшін алдымен жүйеде тіркелу қажет, ол үшін сайтқа кіріп, жеке деректерді енгізіп, келісімшартпен танысып, оны растау керек, тіркелу құқығы тек 16 жасқа толған адамдарға бе­ріледі, абонементтерді www.velobike.kz сайтынан, CTS кассаларынан немесе CTS мобильді қосымшасы арқылы сатып алуға болады. Қолданушыларға айлық тоқсандық және маусымдық абонементтер ұсынылады, әр абонементте 30, 45 немесе 60 минут тегін пайдалану уақыты бар жеңілдіктер қарас­ты­рылған, тиісті құжаттарды ұсынған жағдайда, тоқсандық және маусымдық абонементтерге 50% жеңілдік беріледі, жеңілдікке құқығы бар санаттарға ҰОС қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілгендер, Ауған соғысының ардагерлері, көпбалалы аналар, ерекше қажеттіліктері бар балалар және олардың ата-аналары немесе заңды өкілдері, барлық топтағы мүгедектер, көпбалалы отбасылар (жеңілдік ата-аналардың біреуіне ғана беріледі) және Астанадағы жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері жатады. Абонементтен бөлек, пайдаланушының жеке шотында кемінде 500 теңге болуы тиіс. Егер велосипедті белгіленген уақыттан артық (30, 45, 60 минуттан кейін) пайдаланса, қосымша төлем алынады, – дейді «City Transportation Systems» ЖШС баспасөз хат­шысы Оксана Әубәкірова.

Шынында, велосипедті пайдалану жол кептелісінде ұзақ уақыт тұрып, уақыт жоғалт­қаннан әлдеқайда тиімді. Керісінше, велосипедпен межелі жерге дер кезінде жетіп, денсаулыққа да пайдасын тигізуге болады. Алайда қазіргі кезде адамдардың көбі велосипед пен электрсамокатты шатастырып жатады. Соның салдарынан екеуін бірдей деңгейде жол ережесін жиі бұзатын көлік құралдары деп қабылдайтындар аз емес. Біздіңше, электр­самокаттарға қатысты талапты күшейткен кезде велосипедті сонымен бірге қарастыру қате. Өйткені велосипед – қала өмірінің ажырамас бөлшегі. Ол тек көлік құралы ғана емес, тұрғындардың денсаулығына, экологияға және уақыт үнемдеуге оң әсерін тигізеді. Сондықтан қала ішінде велосипедті пайдалануға жағдай жасау – заман талабы. Ол үшін арнайы веложолақтар салу, қауіпсіз велотұрақтар орнату және велосипед инфрақұрылымын дамыту қажет. Сонда ғана велосипед қаланың ыңғайлы әрі қауіпсіз көлік жүйесінің бір бөлігіне айналады.

Туризмге ықпалы қандай?

– Жұмыс барысында бір байқағаным, велосипед мі­нушілердің қатары жыл са­йын көбейіп келеді. Демек, қала өмірінде велосипедке сұраныс артып, адамдардың оны күнделікті қолданысқа көптеп пайдаланып жатқанын көруге болады. Осыған сәйкес әкімдік тарапынан арнайы шаралар қажет. Атап айтқанда, велосипед жолақтарын кеңейту, жаңа веложолдар салу маңызды. Әсіресе жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмейтіндей етіп жобалануы тиіс. Өйткені қазір Астанаға қоныс аударушылар саны өте көп. Қалада тірлік көзі бар: білім, медицина, жұмыс орындары – бәрі осында. Соған байланысты көлік кептелісі жылдан-жылға артып отыр. Осындай жағдайда тұрғындардың біразы жұмысқа велосипедпен баруды жөн көреді. Сонымен бірге соңғы жылдары спорттық велосипед тебу сәнге айналып барады. Тіпті өзім де отбасыммен бірге спорттық велосипедке қызығушылық танытып жүрмін. Сондықтан велосипедтің қолданыс аясын кеңейтіп, халықтың қызығушылығын арттыру керек. Ол үшін ең алдымен веложолдардың сапасын жақсарту қажет. Шетелден келетін туристер үшін де қолжетімді әрі сапалы велосипедтерді ұсыну маңызды. Қазіргі қолданыс­тағы велосипедтердің жүруі мен міну ыңғайы көп жағдайда көңілден шықпайды. Сол себепті арнайы спорттық үлгідегі велосипедтерді жалға қою, олардың тұрақтарын заманауи етіп, шатырлап, әдемі дизайнмен жасау қажет. Мұндай орындар тек тұрғындарға емес, сырттан келген қонақтарға да қала мәдениетін танытатын көрініс бола алады. Бұл бастаманың артықшылығы айқын: біріншіден, көлік кептелісін азайтады; екіншіден, халық денсаулығына пайдалы, сонымен қатар велосипедті пайдалану кезінде тәртіп ережелерін сақтау маңыз­ды. Сол үшін қалада велосипед міну мәдениетін қалыптастырып, оны тұрғындарға кеңінен насихаттау қажет, – дейді Астана қаласы Полиция департаменті ­патрульдік полиция полкі турис­терге қызмет көрсету взводының инспекторы, полиция аға лейтенанты Жеңіс ­Өнербек.

Студенттерге таптырмас көлік

Қала тұрғындарының ішінде велосипедті ең көп пайдаланатындар – студенттер. Өйт­кені студент үшін ең қолайлы көлік – осы. Ол арзан, қолжетімді, күтімі жеңіл әрі қала ішінде емін-еркін қатынауға ыңғайлы. Сондықтан велосипед студент жастардың күнделікті өміріндегі таптырмас көлік құралына айналып отыр. Өкінішке қарай, еліміздің бетке ұстар жоғары оқу орындарының бірі – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің өзінде велосипедке арналған арнайы жабындысы бар тұрақтар қарастырылмаған. Соның салдарынан студенттер жатақхана маңындағы темір бағаналарға немесе қоршауларға велосипедін байлап кетуге мәжбүр.

«Біздің университетте велосипед қоятын арнайы тұрақтар қарастырылмағандықтан, амалсыздан жатақханалардың маңайындағы темір решёткаларға байлап кетеміз. Бұл, әрине, ыңғайсыз әрі қолайсыз. Егер арнайы жабдықталған велотұрақтар салынса, ол өмірімізді әлдеқайда жеңілдетер еді. Өйткені студент үшін велосипед жай ғана көлік емес. Біз кейде бос уақытымызда түрлі қосымша жұмыс істеп, ақша табуға тырысамыз. Сол кезде қымбат көлігіміз жоқ, автобусты ұзақ күтіп уақыт жоғалтқымыз келмейді. Осындай жағдайда ең тиімді шешім – велосипедке міну» дейді аты-жөнін жасырын қалдыруды өтінген студент бала.

Шынығудың бір жолы

Жалпы шаһарымызда велосипед спортымен айналысуға арналған арнайы орындар жоқ емес. Арнайы велотректер, жаттығу алаңдары бар, сол жерде кәсіби түрде дайындалатын спортшылар жетерлік. Олар түрлі жарысқа қатысып, қаланың ғана емес, елдің атын шығарып жүр. Яғни қаламыз­да велосипед тек көлік құралы ғана емес, сонымен қатар спорттың бір тармағы ретінде дамып келеді.

– Қазіргі таңда Астана қаласы әкімдігі №6 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің иелігінде 300-ден астам велосипед құралы бар және 2023 жылы мектепке арнайы 55 велосипед пен 3 автокөлік тапсырылды. Сонымен қатар онда барлығы 426 спортшы спорттық бағдарлама бо­йынша велоспортпен айналысады. Оның ішінде шоссе – 156 спортшы, трек – 140 спортшы, маунтинбайк – 130 спортшы. Ал велосипедтер арнайы спорт базаларындағы тұрақжайларда сақ­талады және спортшылар үшін қолайлы жағдай жасалған. Сондай-ақ қаламызда алдағы уақытта велосипед тебушілер үшін веложолдар ұзындығы 123 км-ге дейін ұлғайып, LRT бойында жаңа веложолдар мен демалыс аймақтары салынады, автоматтандырылған велосипед жалға беру жүйесі енгізіліп, спортшыларға ыңғайлы инфрақұрылым жасалмақ. 2025 жылы Астана қаласы мәслихатының шешімімен «Астана орманы» веложолын қалпына келтіру жұмыстары да жоспарланып отыр, – дейді Астана қаласы әкімдігі №6 балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің басшысы Бауыржан Өтегенов.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button