Вандализммен күрес жалғасуда

Вандализм ғимараттарға, көліктерге, қала инфрақұрылымына және жекеменшік мүлікке зиян келтіру арқылы көрініс табады. Ол көбіне қоғамдық орындарда, яғни ойын алаңдарында, саябақтарда, тұрғын үйлердің кіреберістерінде, лифттерде және аялдамаларда жасалады. Осы құқықбұзушылық бойынша биылғы 1 тоқсанда атқарылған жұмыстар туралы Астана қаласының прокуратурасы ақпарат берді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық мүлікті бүлдіру және бұзақылық пен вандализм үшін жазаны қатаңдату қажеттігін мәлімдеді. Оны жүзеге асыру «нөлдік төзімділік» қағидаты бойынша жүзеге асырылуы тиіс. «Нөлдік төзімділік» қағидатын іске асыру барлық азаматтардың мемлекеттегі тәртіп пен қауіпсіздік үшін жауапкершілігінен тұрады. Еліміздегі қылмысты азайту және Қазақстандағы қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында 2012 жылдан бастап қоғамда ұсақ құқық бұзушылықтарға төзбеушілік ахуалын енгізу жөніндегі саясат белсенді түрде жүзеге асырылуда.
Астана қалалық прокуратурасының прокуроры Гүлмира Бекмұханованың айтуынша, прокуратураның үйлестіруімен «Заң және Тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында полиция мен жергілікті атқарушы органдар вандализммен күрес жұмыстарын жалғастыруда.
– Соңғы жылдары елордада бөтеннің мүлкіне, оның ішінде азаматтардың ортақ пайдаланатын заттарына зиян келтіру фактілері жиілеп кетті. Көбіне мұндай әрекеттерді адамдар қасақана жасайды, яғни саналы түрде, өздеріне есеп беру арқылы олар бөтеннің мүлкін бүлдіреді. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдың 3 қаңтарынан бастап вандализмге, мемлекеттік және жеке меншікке мүлікті келтіру үшін жаза күшейтілді. Президент Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне тиісті түзетулер енгізуге қол қойды, – деді прокурор.
Осылайша, бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіруге әкімшілік жауапкершілік енгізілді (ӘҚБтК-нің 147-1-бабы), осы ретте зақым келтірсе 200 АЕК немесе 738 мың теңге сомасынан аспайтын көлемде айыппұл салынады.
– Жыл басынан беріп ұсақ құқық бұзушылықтарға «нөлдік төзімділік» қағидатын іске асыру шеңберінде Астана қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ӘҚБтК-нің 147-1-бабы бойынша (бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру) 61 істі қарады, оның ішінде 40 адам қамауға алынды, 21 адамға 3 605 440 теңге көлемінде айыппұл салынды. Мәселен, биыл 9 наурызда елорданың 27 жастағы тұрғыны бөтеннің меншігіндегі шлагбаумды қасақана зақымдаған. Сот оған 137 620 теңге айыппұл салды. Тағы бір жағдайда 22 жастағы жас жігіт мас күйінде аялдама есігін қасақана зақымдаған. Ол 15 тәулікке қамаққа алынды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және елорданы абаттандыруға баса назар аударылады. Осыған байланысты жергілікті полиция қызметі барлық қажетті алдын алу шараларын қабылдауда, – дейді Г.Бекмұханова.
Бүгінгі таңда елордада Жедел басқару орталығының 35 600 сыртқы бейнебақылау камерасы орнатылып, оны қызметкерлер бақылап, заң бұзушылықтарды тіркеп отыр. Тәртіп бұзушылар бейнебақылау камералары арқылы анықталады, оларды жаяу патрульдер де ұстайды. Түкіру, қоқыс және темекі лақтырылған фактілері анықталса, полиция отряды жіберіледі. Оқиға болған жерде тәртіп бұзушы анықталып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылады және айыппұл салынады. Қазақстанда қоғамдық орында түкіргені үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2-бабы бойынша айып тағылып, тәртіп бұзушыға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, бұл – 19 660 теңге. Егер адам екінші рет осындай бұзушылық үшін ұсталса, онда айыппұл екі есеге, яғни 39 320 теңгеге дейін артады.
Жыл басынан бері қоғамдық орындарды ластағаны үшін 5 151 құқық бұзушы жауапқа тартылған, оның 36-сы – кәмелетке толмағандар. ҚР заңнамасына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық жасаған уақытқа қарай жасы он алтыға толған, бірақ он сегізге толмаған адамдар кәмелетке толмағандар деп танылады. Кәмелетке толмағанның айыппұл төлеуге жеткілікті мүлкі болмаған жағдайда айыппұл ата-анасына немесе олардың заңды өкілдеріне салынады. Мысалы, бейнекамералар 17 жастағы жас жігіттің темекіні жерге лақтырып жібергенін жазып алған. Қоғамдық орынның тазалығын бұзғаны үшін заңды өкілге айыппұл салынды.
Тәртіп сақшылары жаяу жүргіншілерден бөлек, көліктің ашық терезесінен түкіріп кетуі мүмкін жүргізушілерге де назар аударады. Мысалы, көлік терезесінен түкіріп кеткен жүргізуші камераға түсіп қалған. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ұсақ бұзақылық және бөтеннің мүлкіне қасақана зиян келтіру фактілері туралы ақпаратты анықтау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарын, әлеуметтік желілерді және басқа да басылымдарды бақылауға ерекше көңіл бөлінеді. Мұндай басылымдарға дереу құқықтық баға беріліп, тексеру шаралары жүргізіліп, кінәлілер жауапқа тартылады.
Қала прокуратурасы полиция органдарымен келісе отырып, мұндай фактілерді БАҚ-та тұрақты түрде жариялайды. Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдірумен байланысты құқық бұзушылықтарды көбінесе адамдар мас күйінде жасайды. Құқық бұзушылық жасау себептерінің бірі – азаматтардың құқықтық санасының жеткіліксіздігі, тұрмыстық және еңбек тәртіпсіздігі, белгіленген ережелерді елемеу, азаматтарға әкімшілік-құқықтық білім берудің жеткіліксіздігі, алдын алуға жеткіліксіз көңіл бөлу. Көптеген құқық бұзушылықтарды азаматтар заңдарды білмегендіктен жасайды.
– Әрбір азамат өзінің азаматтық ұстанымын көрсетіп, ешқандай құқық бұзушылық жасамауы керек, тіпті ең кішкентай болса да. Вандализм – бұл жай ғана мүлікке зиян келтіру емес. Бұл қоғамдық тәртіпке, заңды құрметтеуге және ортақ меншікке нұқсан келтіру. Мұндай құқық бұзушылықтардың жолын кесу – біздің, яғни полиция, мемлекеттік органдар, оқу орындары, ата-аналар және әрбір саналы азаматтың ортақ міндетіміз, – дейді қала прокуроры.
Прокуратура елорда тұрғындары мен қонақтарына бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру, егер бұл әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, 60 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға немесе 30 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғатынын ескертеді.
Райхан РАХМЕТОВА