Вакцинация мәселелері талқыланды
Елорадада «Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен вакцина арқылы алды алынатын ауруларға қатысты дөңгелек үстел отырысы өтті.
«Бiз вакцинациялау арқылы болашақ ұрпақты қорғай аламыз» тақырыбында ұйымдастырылған бұл бас қосу 2026–2028 жылдарға арналған вакцина арқылы алдын алынатын ауруларға қарсы күрес жөніндегі қалалық жоспар аясында өткізілді.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейрхан бұл мәселенің қоғам үшін аса маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, 2024 жылдан бастап Қазақстанда қыздарды адам папилломасы вирусына қарсы вакцинациялау бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар қазіргі уақытта қалада және жалпы ел бойынша балалар арасында қызылша ауруының өсуі байқалып отырғанын баса айтты.

-Балалардың денсаулығы – баршамызға ортақ жауапкершілік. Сондықтан вакцинация мәселесінде ғылыми деректерге сүйенген ашық әрі сенімді диалог қажет. Біздің мақсатымыз – тек пікір алмасу емес, қоғамның аурулардың алдын алу шараларына деген сенімін нығайтып, бірлескен шешімдер қабылдау, – деді Ерік Мейрхан.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар елордадағы жатыр мойны обырының таралу көрсеткіштерін, қызылша бойынша эпидемиологиялық ахуалды талқылады. Сондай-ақ АПВ-ға(Адам папилломасы вирусы) қарсы иммундауды енгізудің халықаралық және өңірлік тәжірибесіне шолу жасалып, вакцинацияны ілгерілету жолдары қарастырылды.
Сарапшылардың айтуынша, вакцина арқылы аурулардың алдын алу – болашақ ұрпақтың денсаулығына салынған стратегиялық инвестиция. Балаларды қызылшаға қарсы, ал қыздарды АПВ-ға қарсы вакцинациялау, скринингтік тексерулер жүргізу және обыр алды өзгерістерді уақтылы емдеу жатыр мойны обырын қоғамдық денсаулық сақтау мәселесі ретінде жоюға мүмкіндік береді.
Кездесу барысында АПВ-ға қарсы вакцинацияны енгізудегі ықтимал кедергілер, соның ішінде әлеуметтік-мәдени және гендерлік факторлар, сондай-ақ жатыр мойны обыры туралы мифтер мен қате түсініктер сөз болды. Қатысушылар халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту және әлеуметтік жұмылдыру тетіктерін кеңейту қажеттігін атап өтті.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ



