Uncategorized

Ұстыны – ұрпақтар сабақтастығы

Қазақстандағы неміс қауымдастығының соңғы 30 жылдағы тарихы мәдени бірегейлікті сақтаудың күрделі процесін көрсетеді. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін көптеген этникалық немістер Германияға қоныс аударып, Қазақстандағы қауымдастықтың көлемін айтарлықтай қысқартты. Дегенмен қалғандары неміс мәдениетін сақтауға белсенді түрде кірісті. 1989 жылы Алматыда неміс диаспорасының қызметін үйлестіру орталығына айналған «Возрождение» қоғамы құрылды.

2000 жылдары көпмәдениетті мемлекет тарапынан қолдау неміс диаспорасы үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. Неміс мәдени орталықтары, мектептер мен неміс тілі курстары құрылып, Германиямен алмасу бағдарламалары ұйымдастырылды. Бұл қадамдар тарихи отанмен байланысты нығайтып, неміс дәстүрін жастарға жеткізуге жағдай жасады. «Возрождение» Қазақстан немістері қоғамының негізгі мақсаты – көпмәдениет­ті қоғамда неміс мәдениеті мен этникалық топтың өзіндік ерекшелігін сақтау. Оның жұ­мысының маңызды бағыттарына неміс тілін үйренуге қолдау көрсету, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру және дәстүрлерді сақтау кіреді.

Елорданың барлық мәдени орталықтарындай неміс қоғамы сан алуан мәдени-ағарту бағдарламаларын жүзеге асырады. Оның қатарына этнолингвистика­лық жексенбілік мектеп, этномәдени компоненті бар қолданбалы өнер, би және вокалдық үйірмелер, аспаптық ансамбль кіреді. Бұл бастамалар мәдениетті сақтауға ғана емес, әртүрлі ұрпақтар арасындағы белсенді қарым-қатынасқа септігін тигі­зіп, дәстүрлерді келесі ұрпаққа жеткізуге көмектеседі. Сонымен қатар отбасы академия­лары, лингвистика сайттары, балалар мен жасөспірімдерге арналған лагерьлер, фестивальдар үнемі өтіп тұрады. Бұл іс-шаралардың барлығы біртұтас мәдени кеңістікті қалыптастыруға және ҚХА аясында этносаралық байланысты нығайтуға ықпал етеді.

«Возрождение» қоғамының қызметі қазақстандық бірегейлікті нығайтуға белсенді ықпал етуде. Қоғамдастық мүшелері немістің де, қазақтың да салт-дәстүрін құрметтей отырып, мәдени-ағарту жұмыстары арқылы ұлттық бірегейлікті дамытады. Бұл этностар арасындағы байланысты нығайтып, көпұлтты Қазақстанға ортақ сезімді қалыптастырады.

Неміс қоғамдастығының Қа­зақстан халқы ассамблеясы ұйымдастыратын концерттерге, байқауларға және фестивальдерге белсенді қатысуы неміс мәдениетін танымал етуге және оның елдің әлеуметтік және мәдени өміріндегі рөлін нығайтуға ықпал етеді. Бұл іс-шаралар бірегейлікті сақтауға ғана емес, халықтар арасындағы өзара сыйластыққа ықпал етеді. Қоғамның маңызды жетістіктерінің бірі – ұрпақтар сабақтастығы. Бұл – салт-дәстүрді сақтап қана қоймай, келешек ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік беретін басты міндет. Барлық жас топтарына арналған бірлескен іс-шаралар тарихи жадыны сақтауға және үлкендерге құрметті тәрбиелеуге көмектеседі.

Бұл үдерісте білім беру бағ­дарламалары маңызды рөл атқарады. Неміс тілі курстары, вокал және би үйірмелері, аспаптық ансамбль және театр ұжымы жастарға өздерінің мәдени болмысын түсінуге, бағалауға және Қазақстанның әлеуметтік өміріне араласуға көмектеседі.

Қазақстан халқы ассамблеясының мерейтойлық жылында елорданың неміс қауымдастығы өзінің мәдени бірегейлігін сақтауды жалғастырып, көпмәдениетті Қазақстанды дамытуға белсенді атсалысатынын атап өткен жөн. Немістер де басқа этностар сияқты ұлттық бірлікті нығайтуға, жалпы ұлттық бірегейлікті дамытуға үлес қосуда. Қазақстан халқы ассамблеясы соңғы 30 жылда мәдени әртүрлілік кедергі емес, елдің өркендеуіне ықпал ететін құндылық екенін көрсетті. Неміс диаспорасы Германиямен байланысын нығайтып, дәстүрін болашақ ұрпаққа жалғастырып, өз бастамаларын дамытуды жалғастыруда.

Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығы – жетістіктер мен жаңа белестердің уақыты. Неміс қоғамы осы көпқырлы үдерістің бір бөлігі ретінде Қазақстанның дамуына елеулі үлес қоса отырып, өз болмысын сақтап қала береді.

Айгүл УАЙС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button