Басты ақпаратҚоғам

Ұстаз – ұлы тұлға

Өмірде адал дос таңдау – әркімнің арманы. Шынайы дос – ешнәрсемен бағаланбайтын құндылық. Адал достық деген сөз – ол екі адамның бір-біріне мүлтіксіз сенім арта білетін, әрі өмірге деген көзқарастары да бір жерден түйісетін қасиет. Менің жалпы достарым көп.

Олардың әрқайсысымен ашық сырласа аламын. Айналамызда болып жатқан оқиғаларды, қоғамда талқыланып жатқан жайлармен де ашық пікірлесемін. Және осы достарыммен қуанышым мен қызығымды, әрі кетсе қайғымды да бірге бөлісемін.

Солардың бірі ұлағатты ұстаз, құрбы сіңлім – Маржан Бектұрсынқызы Пірімбетова. Онымен таныстығым Астанадағы көз аурулары қазақ ғылыми-зерттеу институтында көзімізге ота жасатар алдында таныстым. Бір палатада жаттық. Бір көргеннен таныстығымыз жарасып кетті. Міне, содан бері қаншама жыл өтсе де, жұбымыз жазылмай келеді.

Маржан Бектұрсынқызының болмысы қаншалықты рухани бай болса, жанындағы адамдарға қарапайымдылығымен соншалықты әсер қалдырады. Табиғатында байсалды әрі қиыншылыққа мойымайтын жан. Танымы да, философиялық ой-тұжырымы да, жан дүниесі де ерекше адам. Мен оның осы қасиеттерін ауруханада жатқанда сезініп, ол жайлы жақсы ой топшылағанмын.

Маржан Пірімбетова – Қызыл­орда облысының Шиелі өңірінде дүниеге келген. Сыр елінің жыр сүлейлері мен шайырларының өлеңдерін, жырларын тыңдап өскен білімді әрі парасатты жан. Жастайынан «Бес ғасыр» антологиясы мен қазақ ертегілерін оқып, санасына түйген. Кейін келе сөз сырын терең ұғынып, зерделі қазақ тілі пәнінің филолог маманы болып шығады. Алматыдығы Абай атындағы педагогикалық институтының түлегі. Негізінен, бар өмірі мен еңбек жолын педагогикалық қызметке арнаған.

Алматы қаласында қалалық Білім беру басқармасының оқу орындарында жоғары лауазымды қызметтерде қызмет атқарған. Халықаралық мамандықтар институтында проректор, кафедра меңгерушісі, сектор жетекшісі қызметтерінде болған. Маржан Пірімбетова – ұлағатты ұстаздығына қоса методист тәлімгер. Зейнетке шыққанға дейін Астанадағы Нәрікбаев атындағы заң университетінде ұзақ жылдар қазақ тілі пәнінің оқытушысы болып қызмет атқарған. Ұйымдастыру қабілеті жоғары, әрі педагог ғалым. Ұстаздық қызметте жүріп студенттерге арнап бірнеше оқулықтар жазып, әртүрлі тақырыпта кітаптар да шығарған. Орта саны 35 кітап жазып, оқырманға ұсынған. Ол Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Республикалық, қалалық газеттерге жастар тәрбиесі жайлы жүздеген мақала жазып, әртүрлі тақырыпта лекциялар оқыған. Оның бірнеше көркем шығармалары мен оқулықтары жайлы студенттер ғылыми еңбек те жазған. Маржан Пірімбетова – қаламгер жазушы, публицист, прозаик. Жазған кітаптарының мазмұны кең, ауқымды, тілі көркем оқып отырып көз жазбайсың, кітаптан басыңды алмай тоқтамай оқисың.

Мен Маржан Бектұрсынқызының бірнеше сабақтарына қатыстым. Сонда аңғарғаным, сабақтағы алған тақырыбын жан-жақты зерттей келіп, оны өзінің ой елегінен өткізіп алып барып тындарманына жеткізеді. Сондықтан да ол – студент жастардың жүрегінен орын тепкен ұлағатты ұстаз. Ізденіске жаны құмар, ұлтжанды, жүрегі жылылыққа толы мейірімді жан. Ізденімпаз, мінезі сабырлы, өзі ұлтжанды әрі тіл жанашыры. Әрбір сабағы мен лекциясында Абайдың ұлағатты ойлары мен сөздерін мысалға алып отырады.

Маржан Бектұрсынқызы Пірімбетова жайлы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сүлеймен Мәмет: «Маржан Бектұрсынқызы – ғылым әлеміне бей-жай қарамайтын, өзін тіл жанашыры ретінде сезінетін жан. Ол зерде баспалдағына көтерілген сайын жинап-терген асыл дүниесі мен рухани байлығынан келтірілген түйінді ойлары көпшілік қауымның кәдесіне жарар танымдық үлкен еңбек» деп баға берген екен. Біз де осы ойға қосыламыз.

Ал отбасы жайлы айтатын болсақ, жолдасынан ерте қалған, үш баланың анасы. Немерелерінің мейірімді әжесі. Құдағиларының сырласы, ағайындары мен әріптестері арасында беделді. Абыройы асқақ жан. Балаларының үшеуі де, келіндері де білімді қызметкер. Маржан Пірімбетованың балалары – қазақы тәрбие алған, әрі заманауи трендті қатар алып жүрген мамандық иелері.

Бүгінгі таңда Маржан Пірімбетова құрметті зейнетте жүрсе де еңбектен қол үзген жоқ. Астана қаласы Байқоңыр ауданына қарасты «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында» қазақ тілі пәнінің оқытушысы. Әртүрлі тақырыпта кештер ұйымдастырып жүрген белсенді қайраткер. Жұма сайын орталықта әртүрлі тақырыпта зиялы қауым өкілдері мен ардагерлерді қатыстырып, өнер қайраткерлері ақын, жазушы, тарихшылармен шаралар ұйымдас­тырып, оған мектеп оқушыларын да қатыстырып жастарға үлгілі тәрбие беруде.

Осы орталықта екі жылдың ішінде жетпіске жуық танымдық кештер мен тақырыптық шаралар өткізген. Сол кештерге мен де қатысып, рухани ләззат алған адаммын. Ерекше есімде қалғаны – «Абай хакімнің шығармалары» жайлы конференциясы. Оның өткізіп жүрген кештерінің қай-қайсысының да тақырыбы ауқымды.

Маржан Пірімбетованың тағы бір ерекшелігі – қолының ашықтығы. Өзіне емес, өзгеге болсын деген шынайы ниеті. Өзгелерге пайдалы болудан жалықпайтын мейірімді ана. Маржан Бектұрсынқызы ата-анасыз қалған жетім студент қызға өзінің зейнетақысынан айына бір рет стипендия ретінде талай жылдан бері қаржылай көмек көрсетіп тұрады. Өзі түлеп ұшқан мектебінен де қол үзген емес. Мектебіндегі Өлкетану музейіндегі «Мақтан тұтар тұлғалар» атты көрнекі бөлімнің төрінде Маржан Пірімбетованың да портреті тұр. Осы өзінің мектебінде жыл сайын «100 дәптер, 100 қалам, 100 бауырсақ» акциясын өткізіп тұрады.

Қызмет жасап жүрген Астанадағы Байқоңыр ауданындағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» ортағалығына қарасты «Интеллектуалды даму» клубына да ол қамқорлық жасауда. Ол осы клуб мүшелеріне арнап және «Байқоңыр аудандық белсенді ұзақ өмір сүру орталығына» өзінің өмір бойы жинаған кітапхана қорын сыйға тартты. 3500 дана кітап. Онда Қазақстан ақын-жазушыларының, шетел классиктерінің, Алаш азаматтарының және де өзі жазған 35-тен астам кітабы бар.

Маржан Пірімбетованың кішіпейіл, әрі байсалды, ізденуден жалықпайтын мінезіне мен өте таң қаламын. Өзі қайы­рымды, кішіге де, үлкенге де ізет көрсетіп тұратын парасатты жан. Ол қызметіне де өте адал, ізденісі де мол.

Маржан Пірімбетова біраз жыл Астана қалалық Ардагерлер кеңесі медиа тобының да белді мүшесі болды. «Астана ақшамы» газетіне Астана қалалық ардагерлер кеңесінде өткізіп жатқан шаралар туралы және белсенді ардагерлер жайында мақалалар жазып оқырмандарына ұсынуда. Ол жазғанда көркем тілмен төгілтіп жазады. Оның ешкімге ұқсамайтын өз стилі, өз мәнері, әдемі жазу ерекшілігі бар. Яғни, әдемі жазу – бұл да мәдениеттің бір белгісі. Әрі сол жазуды оқитын адамға деген құрмет деп түсінемін. Міне, біздің Маржан Пірімбетова – осындай жан.

Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, профессор-ғалым, тіл маманы, ұлағатты ұстаз, «Үздік оқытушы» медалінің иегері, «Үздік оқытушы номинациясының» жеңімпазы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Маржан Пірімбетова ұлт руханияты үшін осы күнге дейін адал қызмет етуде.

Оның «Қазақ әйелдері – әлем жанарында» кітабы – мектеп оқушылары мен мұғалімдерге өте пайдалы, таптырмайтын кітап екенін баса айтқым келеді. Әрі ұрпағымызға бұл жинақ – аналарын ардақтайтын асыл қазына дер едім. Қорыта айтқанда, бұл кітап – қазақ әйелдерінің энциклопедиясы.

«Байқоңыр аудандық ұзақ өмір сүру орталығында» өмірлік тәжірибесі мол, жастарымызға үлгі боларлық білікті, білгір, көсем сөз шебері, алтын қалам иесі, кәсіби журналистиканың шебері, әрі ұлағатты ұстаз атанған, қазақ тілінің маманы, Маржан Пірімбетова сабақ беріп жүргенін мен мақтанышпен айта отырып, газет оқырмандарына жеткізуді өзімнің парызым дедім. Зейнетте жүріп, Маржан Пірімбетованың ұлт үшін, ұрпаққа жасап жатқан еңбегі ұшан-теңіз! Осы жылдың қазан айында ол мерейлі 70 жасқа толады. Алдағы уақытта да өмірің қызық пен шаттыққа толы болып, беделің артсын ортада деп Маржан Бектұрсынқызына тілек айтамыз!

Ғалия БАЛТАБАЙ, «Құрмет» орденді

журналист

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button