Басты ақпаратҚоғам

Ұстаз ұлағаты

Замандастары «Ұстаздардың ұстазы» деп баға берген, оңтүстік өңірі жақсы білетін қадірменді қария, ұлағатты ұстаз Құтым Ордабаев ақсақал туралы естелік айтпас бұрын мына бір жағдаятқа назар аударғым келеді.

«Отырар – қазақ өркениеті­нің алтын діңгегі». Дүниеге әлемге мәшһүр Әбу Насыр әл-Фарабидей ұлы ғалымдарды әкелген Отырар өзінің үлкен тарихында небір шапқыншылықты көрді. Сондай қиын кездері табан тірері қасындағы Шілік шаһары деген тарих ке­ңінен айтылады. Шыңғыс хан шап­қыншылығынан соң Отырар халқының дені Шілікке көшкен деген деректер тарихшылар аузынан аз айтылып жүрген жоқ. Сондықтан байырғы жұрт осы екі аймақты кіндігі байланған, егіз қозыдай болып, бірге өркендеген деп біледі. Бұған қосымша айтарымыз, тарихшы, өлкетанушы Абдулла Жұмашевтің деректеріне сәйкес, патшалық Ресейдің кезінде осы өңір Шілік болыстығына біріктірілген. 1921 жылы Шілік болыстығының негізінде Шілік ауылдық кеңесі құрылған. Ал алғашқы төрағасы Құтым ағамыздың әкесі Ордабай Бәймішов болған.

Мақаламызға өзек болып отырған Құтым ақсақал – Отырар ауданы Майлытоғай ауылының тумасы. Осы өңірге атағы жайылған текті әулеттің тұяғы. Отырар ауданының тарихына бойласақ, оны алғаш ұйым­дастырушылардың қатарында Құтым ағамыздың әкесі Ордабай Бәймішов болғанын көнекөз тарих тәспірлеп береді. 1930 жылдары «Шәуілдір сиезі» деп аталған үлкен жиын болады. Халық отырықшылыққа көшеді. Ұсақ колхоздар біріктіріледі. Арыс өзенін бөгеп, Шәуілдір каналы қазылады. Осы үлкен шаруаның басында ел азаматы Дүйсенбай Алтынбековтей көшелі кісілер болады. 1931 жылы ауданда 5 колхоз құрылады. Бұл бес колхоздың алғашқы төрағалары болып «Отырар» колхозына Ордабай Бәймішов, «Абат» колхозына Тұрғанбай Бозшабаев, «Кеңес» колхозына Әлі Толыбаев, «Жаңарық» колхозына Арқабай Құрманбеков, «Қызыл Түркістан» колхозына Жарас ­Рүстемов сайланады.

Халқының болашағы үшін атқа мініп, 27 жасында Отырар ауылдық кеңесінің төрағасы болған Ордабай Бәймішұлы жай ғана басшы емес, кеудесі алтын сандық көшелі кісілердің бірі болыпты.

Берекелі шаңыраққа әр жылдары Өзбекстан басшысы Юлдаш Ахунбабаев, орыстың атақты жазушысы Леонид Соболев, ақиық ақын Ілияс Жансүгіров, беріде Асқар Тоқмағамбетов сынды тұлғалардың қона жатып, үй иесімен пікірлескені Ордабай атамыздың қатардағы көптің бірі емес, үлкен парасат иесі екенін аңғартса керек.

Ордалы жиындардың ортасында күндей жайнап жүретін Ордабай ақсақалды жұрт «уызынан жарыған» дейді екен. Әкесі Бәйміш – ел сыйлаған азамат. Ал атасы Едіге – жүз жасаған адам. Аса турашыл, әділетті, әлсізге болысатын Едіге ақсақал осы Құтым ағамыз дүние есігін ашар тұста түс көріпті. Құтым аға бұл жағдайды былайша баяндайды:

«Бір күні Едіге бабамыз түс көріпті. Түсінде менің әкем Ордабайдың үйінде алты қанат ақ үйінің ортасында бір тұғырда отырған қаршығаны көреді. Сол тұғырдағы қаршығаның аяқ бауы өте ұзын, ұшы алты қанат ақ үйді түгел айналып шыға алатындай болған екен. Бабамыз осы түсті көрген кезінде менің шешем маған жүкті екен. Ертеңіне Едіге бабам әкем мен шешемді шақырып алып:

– Шырақтарым, мен түс көрдім. Түсімде үйлеріңде ұзын аяқ бауы бар қаршыға отыр. Сен, шырағым, жақында ұл табасың. Ол ұлыңды жөргегімен маған алып келесің. Өзім атын қойып, белгілеп беремін, – деп алдын ала ескерткен екен.

Мен дүниеге келген соң, Едіге бабам айтқандай, мені жөргегіме орап, оның алдына алып барған екен. Сосын бабамыз жөргекте жатқан мені алдына алып отырып маған бата беріпті. Сөйтіп менің атымды қойып, аузыма түкірген екен.

– Шырағым, мынау балаларыңның аты Құттыболсын болады. Үйге құт әкелетін, елге береке-бірлік әкелетін бала болсын! Сондықтан оның атын Құттыболсын қояйын. Құдай қаласа, бұл бала елге құт болады. Рахатын, қызығын ел көреді, өздерің көресіңдер, туған-туысқандарың көреді. Бұл баланың мен сияқты өмір жасы ұзақ болады. Жүзге келеді. Мен қазір 95-ке келіп отырмын. Мен жүзге келемін. Құдай қаласа, бұл шөбереме менің жасымды береді. Осыны ұмытпаңдар! – деп атымды Құттыболсын қойып, әке-шешеме батасын берген екен. Сонда әке-шешем қуанып, шілдехана тойын өткізіп, елге дәм-тұз беріп, елдің батасын алған екен. Шілдехана тойында Едіге атам төрде отырып елге және маған батасын арнаған екен.

Өзі айтқандай, Едіге бабам жүзге келіп өмірден өткен. Майлытоғайда Ақболат дейтін мешіт болған. Атамды сол мешітке апарып жерлеген. Сонда әкем Ордабай мені аттың алдына отырғызып алып, қайтыс болған Едіге бабамыздың бұйдасын ұстатып, сол кісіні жерлеуге қатыстыр­ған екен. Сөйтіп менің қолымнан топырақ салдырып, жерлеу                                           рәсіміне қатысқан екенмін».

Бұған қосарымыз, Құттыболсын есімі, әрине, ел ыңға­йына қарай дыбыстық өзгеріске ұшырап, айтуға жеңіл Құтым атауына айналған. Алайда екеуі де жақсы мағынаға ие.

Қалың тарихында талай қуғын-сүргінді көрген, ақсүйек болып қырылған, тіпті жер бетінен құрып кете жаздаған нәубет 1937 жылы тағы да қайталанған. «Отырар» колхозын жөргегінен бастап көтерген Ордабай Бәймішов 1937 жылы біреулердің көрсетуімен «халық жауы» болып ұсталады. Елге еңбегі сіңген елеулі тұлға болғанмен, НКВД-ны сендіре алмайсың. Сүйікті әкеден айырылумен қатар осы жағдай қатарынан озық Құтым ағаға да оңай тимейді. «Халық жауының баласы». Комсомолға алмайды. Партия қатарына өтуіне де осы кедергі. Халыққа болсын деп күн-түн бел шешпей еңбек еткен Ордабай Бәймішов 1937 жылы 1 қарашада «үштіктің» үкімімен атылып кеткен екен. Қайран әке, кеш болса да ақталып, әділет салтанат құрды.

Құтым ағамыз ұзақ жыл ұстаз болды. Мектеп директоры болды. 1958 жылдың 18 сәуірінен бастап аудандық оқу бөлімінің меңгерушілігіне таға­йындалды. 1987 жылға дейін осы қызметті абыроймен атқарды. Зейнет­ке шыққанға дейін. Кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалығына сайланды. Бұл жұмыс­ты 24 жыл атқарды.

Құтым ағамен бізді көп дүние байланыстырады. Ол кісі әкем Сейітжан Құртаевпен жақсы сыйлас, жақсы інісі болды. Әкеміз 1938 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетін (САГУ) бітірген, бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған адам. Аралары оншақты жыл болғанмен, мұраттас қос қария аға, іні болып жақсы сыйлас­қанын көріп өстік.

Мен 2005-2009 жылдар аралығында Отырар ауданында әкім болғанымда жолымыз тағы қиылысты. Ол кезде Құтым аға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болатын. Ел басқару оңай емес. Экономикадан бөлек, әлеуметтік қиындықтар аз емес еді. Осындай кездерде Құтекеңмен ақылдасып, бірігіп іс қылар едік. 2006 жылы халықпен кездесуде Қалекең Әшірбаев деген ақсақалымыз: «Қарағым, Әлімжан. Ел ішіндегі шаруа кезегімен біте береді. Саған елдің атынан аманат. Осы Отырардан шығып, әлемге мәшһүр болған Әбу Насыр әл-Фарабидің басына барып, тәу етіп, қабірінен бір уыс топырақты елге жеткіз» деген болатын. Осы ­аманатты жүзеге асыруда Құтым аға маған ұйым­дастыру мәселелері жағынан көп ақыл-кеңес беріп отырды.

Шәуілдірде Мырзахмет Те­мірбеков деген ел ағасы бар. Ардагерлер кеңесінің төрағасы болды. Сол ағамыз мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың күллі қазаққа әйгілі «қолым таза, жүзім таза, арым таза» деген сөзін Құтым ағамызға да арнап айтқанын естідік.

«30 жыл аудандық оқу бө­лімін басқарған Құтым Ордабаев қаласа алтын астаумен ас ішетін жағдайға әбден мүмкіндігі болды. Бірақ «Құтым біреу­дің еңбегін жепті, пара алыпты» дегенді естіген жоқпыз. Абыроймен зейнетке шықты. Ардагерлер кеңесін 20 жылға жуық басқарды. Барлық ардагерді құрметтеді. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің халін ұдайы біліп, мейлінше көмектесетін еді. Шәкірттерінің бірі – қалың қазақтың ардағы Өзбекәлі Жәнібеков. Басқасын айтпағанда, ән падишасы Шәмші Қалдаяқов, ақын Мұхтар Шаханов, қоғам қайраткері Қуаныш Айтаханов – тұтас Қазақстанның мақтанышы. Осы ел ағалары Шәуілдірге келгенде міндетті түрде Құтекеңнің босағасына келіп, сәлем беріп кететін еді. Зайыбы Қалтай апамыз екеуі ұстаздық етіп қана қоймай, өнегелі шаңырақ иесі болды. Балалары да әке-шеше үмітін ақтады» дейді.

Бұл – Құтым Ордабаевтай ел ағасына халықтың берген бағасы. 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінен кейін қазақтың көптеген зиялысы қуғынға ұшырады. Олардың бірі мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров еді. Шәуілдірдің өркендеуіне айтулы үлес қосқан сол Асқаровты жазықсыз жаладан құтқаруға Құтым ағамыз көп еңбек сіңірді. Бірнеше азаматты ұйымдастырып, үкіметке ашық хат жазды. Осылайша әділдік салтанат құруына еңбек сіңірді. Әрине, мұндай мысалдарды жалғастыра беруге болар еді. Құтым Орда­баевтың өмірі – өскелең ұрпаққа үлкен өнеге.

Қазақта «ақ өлім» деген ұғым бар. Ерте ме, кеш пе жұмыр бас­ты пенде Раббысына қайтатыны белгілі. Осындайда жасы келген кісілер «Е, Алла, жаныма қиындық көрсетпе, бала-шағамның ортасында өмірден өтейін» деп тілер екен. Ел сөзін ұстаған Едіге бабасы есімін «Құттыболсын» деп қойған Құтым ағамыз осы тілегіне жетті. Қария 7 қарашада дүние есігін ашқанын жоғарыда айттық. 90 жасқа толған торқалы тойына әулеттің бәрі жиналады. Бабасы осы немересі «үйге құт әкеледі, елге береке-бірлік әкеледі» деп ырымдаған Құтым ағамыз ұрпағы, немере, шөберелерінің алдында келесі күні келместің кемесіне отырып кеткен еді. Міне, одан бері де сынаптай сырғып 10 жыл өтіпті.

Құтым ағамыздың кеудесі алтын сандық қария, көшелі азамат болғанын айттық. Ел-жұртқа сыйлы болды. Сүйікті шәкірттерінің бірі – рух сардары Өзбекәлі Жәнібековті Алаш баласы ардақ тұтады. Қазақтың кем-кетігін түгендеп, ұлтқа қылаусыз жұмыс істеген, есіктегі басын төрге шығарған Өзбекәлі сынды ағаларымызды қалың қазақ алқалап төбесіне көтерсе, оған парасаттылықтың, адалдықтың, елге қызмет істеудің үлгісін көрсеткен Құтымдай ұстаздары болды.

Қазақтың ақиық ­ақыны Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» дегенін халық мақұлдайды. Бұған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеу­ден бастауымыз керек» дегенін қосыңыз. Замандастары «ұстаздардың ұстазы» деп баға берген Құтым Ордабаев ағамыз осы мақсатқа адал қызмет етті. Бәріміз айта беретін ұстаз бақыты деген осындай болатын шығар…

Әлімжан ҚҰРТАЕВ,

қоғам қайраткері,

Сенаторлар кеңесінің мүшесі

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button