Басты ақпаратМәселе

Ұсақталып барамыз ба?

Қазір әлеуметтік желілерге көз салсаңыз, ұлт тағдырына, елдік мәселеге немесе қоғамдағы өзекті тақырыптарға арналған салмақты мақалалар мен сұхбаттар көпшіліктің назарын аудара бермейді. Ал бір әнші ажырасыпты, пәленшенің тоқалы бар екен, түгеншенің көңілдесі туралы айтылыпты деген тәрізді өсек пен төсектің әңгімесі болса, әп-сәтте жүз мыңдаған, тіпті миллион­даған қаралым жинайды.

Мәселен, «Ара медиа» арнасы ұсынған «Егемендік декларациясынан тіл туралы бап қалай түсіп қалды?» атты сүбелі сұхбатты бір күн ішінде небәрі 20 мыңға жетер-жетпес адам қараса, Тұрсынбек Қабатовтың жұбайының «Күйеуімнің көңілдесі бар деген хат келді» деген сұхбатын 8 сағатта 217 мың адам көріп, жүздеген пікір қалдырыпты. Міне, осының өзі қоғамдағы рухани деңгей мен ақпараттық талғамның қалай өзгеріп бара жатқанын айқын көрсетеді. Елдің ертеңіне алаңдайтын, ұлттық мүддені талқылайтын салмақты әңгімеге жұрттың ынтасы азайып, керісінше, жеңіл-желпі, өсек пен сенсацияға негізделген мазмұнға сұраныс артып барады. Бұрын жұрт жақсы ақынның өлеңін, ойлы қаламгердің мақаласын күтіп оқитын еді. Қазір кімнің кіммен ажырасқаны, кімнің қандай киім кигені жаңалыққа айналды. Мұндай құбылыс – тек біздің қоғамға ғана емес, жалпы жаһандық деңгейдегі ақпараттық дағдарыстың көрінісі. Бірақ қазақ қоғамы үшін бұл үрдістің қауіпті тұсы – ұлттық сана мен рухани құндылықтардың әлсіреуінде. Өйткені халық не көріп, не тыңдап отыр – соған қарай ойы қалыптасады, талғамы өседі не төмендейді. Егер елдік сана мен мәдени деңгей осылай әлсірей берсе, ертең бізді біріктіретін ортақ құндылық та қалмайды. Ұлттық идеяның орнын даңғаза мен дақпырт басады. Қоғам өз назарын неге бұрса, соны өсіреді. Егер өсекке мән берсек – өсек көбе­йеді, өрелі ойға мән берсек – ой өседі, рухани жақтағы сапамыз артады. Осы тұрғыдан алғанда, ұсақталып барамыз ба деген сұрақ – жай риторикалық сауал емес, бүгінгі қоғамның рухани айнасы. Егер біз шын мәнінде ел боламыз десек, «кім не деді?» емес, «не үшін айтты?» деген сауалға мән беруді үйренуіміз керек. Ұлттың іргесін өсек емес, өрелі ой ұстайды.

Адам не көріп, не тыңдаса – сонымен ойы қалыптасады. Егер қоғамның көп бөлігі жеңіл, мәнсіз контентті тұтынса, онда терең ойлау қабілеті төмендейді. Салдарынан елдік мәселеге селқос, сын көзбен қарай алмайтын, талдау мәдениеті жоқ ұрпақ көбейеді. Ұсақ ақпарат пен өсек-аяң халықтың назарын шынайы рухани мұрадан бұрып жібереді. Нәтижесінде дәстүр, тіл, тарих, дін, діл, әдебиет секілді ұлттық негіздер екінші қатарға сырғиды. Ал рухани негіз әлсіреген ұлт бірлік пен бағытынан айырылады. Талғамы төмен, ақпаратты сараптай алмайтын қоғамды басқару оңай. Ондай ортада фейк, жалған жаңалық, саяси үгіт, тіпті сыртқы ықпал да тез тарайды. Бұл – ақпараттық қауіпсіздікке тікелей соққы. Жеңіл-желпі, арзан күлкіге құрылған контент адамдардың жан дүниесін жұтаңдатады. Эмоция мен мейірімнің орнын мысқыл мен кек алу басады.

Ақпараттық талғам – мәдениеттің айнасы. Егер өнер, әдебиет, ғылым мен ойшылдық екінші орынға ығысса, қоғамда рухани даму тоқтайды. Өнердің орнына шоу, білімнің орнына блогерлік, ақылдың орнына айқай шығатынына бүгінгі қоғамдық болмысымыз айғақ емес пе?!

Газет оқымайтын, радио тыңдамайтын жұрт әлеуметтік желіден әртүрлі «былай істесең тез байисың», «менің сабағымды сатып алсаң, бір айда миллион теңге табыс табасың» деген сияқты арзан ақыл сатқыштардың сабағын сатып алуға құмар. Олардың көбі – өз өмірінде нақты табысқа жетпеген, бірақ «мотивация», «жеке даму» деген желеумен елдің сенімін пайдаланып жүргендер. Ал жұрт ойланбай, солардың жалған уәдесіне сеніп, уақытын да, қаржысын да рәсуа етеді. Осы құбылыс – қазіргі қоғамдағы ақпараттық сауаттың төмендігі мен рухани бағдардың әлсіреуінің айқын көрінісі. Ал шын мәнінде байлық та, жетістік те дайын рецепт арқылы келмейді. Еңбек, білім, табандылық тұрақты табыстың жалғыз жолы екенін өмір заңы дәлелдеген ақиқат емес пе?! Қоғам тез байығысы келетін, бірақ еңбектенгісі келмейтін адамдарға толса, онда рухани деградация басталады. Себебі мұндай психология – елдің емес, жеке қалтаның қамын ойлататын, жауапкершіліктен қашатын қауіпті сана қалыптастырады.

Жас ұрпақтың кітап оқымауы, күн өткен сайын «компьютер басты жарты адамдарға» айналып бара жатуы да жеңіл ақпараттың желкенін желбіретіп тұр. Кітаптың орнын телефон басқан заманда жастардың ойлау кеңістігі тарылып, ақпаратты терең талдау қабілеті төмендеуде. Ой еңбегін талап ететін оқудан гөрі жылтыраған экраннан дайын дүниені тұтынуға үйренген ұрпақ рухани дағдарысқа бет алып бара жатқандай.

Қысқасы, ұсақталу – уақыттың емес, ұлттың трагедиясы. Біз ақпараттың емес, ақиқаттың соңынан жүруді үйренуіміз керек. Әлеуметтік желінің жылтырын шындықпен шатастырған сайын рухани биігімізден алыстай түсеміз. Ұлттың ұлылығы – ойдың тереңінде, сөздің салмағында, рухтың биігінде. Егер біз сол салмақты қайта іздей алсақ, ұсақтықтан құтылып, ұлылыққа бет бұрамыз. Ал егер жеңіл-желпі, мәнсіз дүниелерге еліктей берсек, рухани жұтаңдықтың құрдымына өзімізді өз қолымызбен итереміз. Сондықтан бүгінгі басты сұрақ: «Ұсақталып барамыз ба?» емес, «Ұсақталудан қалай арылмақпыз?» болуы тиіс.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button