Ұрпақ сабақтастығы үзілмесін

31 мамыр – қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай есімі ел аузында аңыз болып қалған Сағындық Жайлауұлының ұрпақтарымен кездесу өтті. Астана іргесіндегі Жаңажол ауылында өткен басқосуға тұлғаның жан-жақтағы жақындары, немере-шөберелері жиналды.
Алдымен Сағындық Жайлауұлы деген кім? Жеті ағайынның тұңғышы болған Сағындық 1875 жылы Ақмола облысы, қазіргі Астрахан ауданы Жаңақұлан деген елді мекенде ауқатты жанұяда өмірге келген. Жастайынан алғыр, білімге құштар болып өскен. Өзге балалар сияқты алғашқы білімін молда алдынан дәріс алып, одан медресе бітірген. Ел қатарлы үйленіп, өмірге Алла берген 4 бала келеді. Осы балаларының болашағын ойлап және өзінің де білімін жетілдіру мақсатында отбасымен Омбы қаласына көшіп барады. Сонда балаларын мектеп қабырғасына береді. Діни білімін арттыру мақсатында сол кездегі діннің орталығы болған Қазан қаласына қоныс аударады. Қанша жыл өткеннен кейін туған елін сағынып, жастайынан алға қойған мақсатын орындауға елге көшіп келеді. Өзімен бірге Қазан қаласында медреседе ұстаз болған татар жігітін ала келіп, Жаңақұлан ауылында мешіт салып, ондағы медресеге елдің балаларын оқытады.
Алла берген қасиетінің арқасында елге сыйлы, ортаға қадірлі бола бастайды. Қаншама қазақ балалары сол кіснің арқасында білім алып, сауат ашады.
Міне, осындай ұйып отырған жақсы кезеңді 1931 жылы жоғарғы жақтан бұйрық келіп, еліміздегі барлық имамды итжеккенге айдап, түрмеге қамап, үйдің төбесінен жай түскендей болады.
Иә, сол сұм замандағы жымысқы саясат қазақ халқының сан ғасырдан келе жатқан тарихын ұмыттырып, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін жойып, арақ-шылымды елге молынан таратып, халықты жадынан айырып, сонау заманнан келе жатқан елді мекен, жер-су аттарын өзгертіп, жас ұрпақтың өткенді білмей өссін деген көрінісінің бірін осы Сағындық бабамыздың ұрпақтарынан көруге болады.
Қабір басында болған жиында ауыл үлкендері өткен тарихты тағы бір мәрте еске алды. Жаңажол ауылы мен «АЛЖИР» ортасында орналасқан «Бала бейітте» жерленген имам-әулие атанған атаның көне ескерткіш тасының жанында немере-шөберлері, шөпшектері, ауыл-аудан ақсақалдары, тарихшы-ғалымдар қатысып, ауданымыздың бас имамы Әбілхан қажы және немересі Амантай имам марқұм Сағындық Жайлауұлының әруағына арнап құран бағыштады.
Бабаның ұрпақтары өздері білетін, үлкендерден естіген шыықтарын ортаға салды. Бір өкініштісі, солақай саясаттың кесірінен қолдарында бірде бір құжат не айғақ жоқ. Тек бабамыздың қабірінің басында үнсіз көненің көзіндей ескірген тас пен өкінішке қарай, баба тарихын терең білмейтін ұрпақтары тұрмыз.
Шындығында, елімізде артында ұрпақтары қалмаған, сүйегі қайда қалғанын білмейтін қаншама боздақтарымыз өмірден өтті десеңші!..
Оспан СҮЛЕЙМЕНҰЛЫ