Ұлылар еліндегі әсерлі әңгіме

«Елорда Ақпарат» медиахолдингі ұжымы «Абай жүрген жолдармен» танымдық-тарихи экспедициясымен Семей өңіріне барды. Абайдың 180 жылдығы мен серіктестік құрамындағы қос басылым – «Астана ақшамы» мен «Вечерняя Астана» газеттерінің 35 жылдығына және алдағы БАҚ өкілдерінің мерекесіне орай ұйымдастырылған іс-шара барысында Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінде облыстың зиялы қауымы мен әкімдік өкілдері және Ардагерлер кеңесінің ақсақалдарымен кездесу өтті.
Танымдық сапардың екінші күнінде облыс орталығында өткен жиынға демалыс күні екеніне қарамай жиналған семейлік азаматтар қонақтарға биыл өңірде ұлы ақынның мерейтойына орай аталып өтетін дүбірлі тойға дайындық барысы туралы баяндады. Алыстан ат арылтып, елорда төрінен жеткен меймандарын барыншы ыстық-ықылас, қонақжай көңілімен қарсы алған жергілікті азаматтар жүздесуде жылы сөздерін де аямады. Жиынды ашқан облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Назерке Мәулетқызы бұл тек мерейтойлық сапар ғана емес, сонымен қатар қазақ руханияты мен ұлттық мұратқа деген шынайы құрметтің белгісі екенін атап өтті. «Elorda Aqparat» ЖШС директоры Олжас Сыдықбек рухани сапар мақсатын айта келе, бұл өтінішке бірден қолдау білдірген Абай облысы әкімдігі мен ішкі саясат басқармасына алғысын білдірді.
– Кітаптан, жыр жолдарынан оқыған тарихи орындарды көзбен көріп, ерекше әсер алдық, көңіліміз толқыды. Бізге жолбасшы болып, ғаламторда Абай атамыз бен оның айналасына қатысты кездеспейтін тың деректерді жеткізген, маржан сөзбен мағыналы да мәні зор шежірелі тарихтан сыр шерткен Шахжан Бекенұлы ағамыз бен Азамат Қажыбаев бауырымызға мың алғыс. Таңды таңға ұрып Абай жайлы айтудан жалықпайтын, нағыз ұлы тарихтың жеткізушілерінің арқасында сол бір соқтықпалы, соқпақсыз жерлерге, «мыңмен жалғыз алысқан» кезеңге ойша саяхат жасап қайттық, – деді Олжас Дәуренұлы.
«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Қыдыр кейінгі кезде мәртебесі қайта өзгеріп жатқан қазақтың бір рухани астанасы Семей өңірінің түлеп дамығанына қуанышты екенін жеткізді. Сондай-ақ «Астана ақшамы» газетінің елордада бұрын болмаған М.Әуезов ескерткішін ашу туралы мәселе көтеріп, бұған Президенттің өзі назар аударып, соның бой көтеруіне тікелей ықпал еткенін тілге тиек етті.
– Ұлылардың ізі қалған жерге әсіресе елордадан және бүкіл елден жазғы демалыс кезінде балаларды әкеліп, осындай экскурсиялар жиі ұйымдастырылса деп біз үнемі газетіміздің «Білім» бетінде жазамыз. Оның да сәті келіп, оң өзгерістер болып жатыр. Сонымен қатар кешеден бері аңғарсақ, Семейге үлкен қамқорлық керек екен. Абай облысын көп өзгерістер күтіп тұр. Ұлы ақын дүниеге келген киелі өлке жаңаша келбетке еніп, дәстүрлі жолын сақтай отыра заманауи сипатта дамитын жаңа қалаға айналады деген сенім мол, – деді Еркін Қыдыр.
Облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, журналистика саласының ардагері Мұратқазы Әлин мерейтой аясында атқарылып жатқан істерге тоқталды. «180 жылдыққа 180 іс-шара» деген атаумен әрбір мекеме сан алуан жұмыс жүргізуде. Қазір жергілікті халық ақынның бұл мерейтойын ерекше өткізуге барын салып жатыр. Өңірдің қоғам қайраткерлері Семей халқы рухының мықтылығымен талай сынақтардан сынбай келе жатқанын жеткізді. Осындай мерейлі шарадан кейін өңір жаңа даму бағытына ие боларына сенім білдірді.
– Өзім Абай атамыздың 125 жылдығын өткізуге атсалысқанмын. Оның қалай өткені, қандай қонақтар келгені әлі күнге көкейімде сайрап тұр. Осында Абай атамыздың 100 жылдығына куә болған ақсақалдарымыз да бар. Ғасырлық мерейтой кезінде 8-9 жаста болған, солардың сөзін жазып алу керек. Біздің облыста биыл жыл басында мерейтойды атап өту Абай музейінен басталып кетті, түрлі іс-шара көптеп өтуде, – деді халықаралық «Абай» қорының директоры Отантай Кәрібжанұлы.
Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тыныштықбек Әбдікәкімұлы Абай мен Шәкәрімнің және басқа да өлкенің дана ғұламаларының рухани мұрасын тереңдей түсіну жолында әлі де зерттелмей жатқан тың тақырыптардың шетін шығарды.
– Абай дана дедік, кемеңгер, ойшыл дедік, бірақ тағы бір нәрсе жетіспейді. Абай негізі – пайғамбар. Абайтану ғылымының өзіне ғасырдан асып кетті. Бірақ Абайды шын мәнісінде әлі таныған жоқпыз. Міне, Абайдың күрделілігі қайда жатыр. Абайдың дүниетанымы мистикалық болса, тілі магиялық. Ал Шәкәрім одан әрі ғарышқа кетіп қалған. Ұлттық дүниетаным шеңберінен шығып кеткен. Мұны неге айтып отырмын? Семей – қай жағынан болса да рухани астана. Ал Түркістан – діни астана деп санаймын. Журналист деген – ол зерттеуші, яғни көргенді ғана жазу бір басқа. Ал індетіп, қазып әр нәрсені, жаңалық тауып жүрген ол журналистиканың басқа қыры. Қарауылтөбеден батысқа қарай жазықта концлагерь болған. Соның орнын анықтау керек. Түйемойнақ деген атауды қайтара алмай келеміз. Ол жерде де зона болған. Абайдың жайлауы, Шыңғыстау зерттелмей жатыр. Осындай зерттейтін мәселелер өте көп, оған енді арнайы уақыт бөліп келу керек. Абай мен Шәкәрім мұрасы – ол бір түпсіз дүние. Оның шығармалары әлі зерттелмеген күйі жатыр, сондықтан мерейтой аясында мың киіз тігу – басты мәселе емес, ғылыми конференциялар өткізіп, соның аясында осы тақырыптарды көтеріп, үлкен ғылыми жұмыстар атқарылуы тиіс, – деді Тыныштықбек Әбдікәкімұлы.
Жиын барысында ғалым, қоғам қайраткері Зейнолла Тоқаев, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Қайрат Сабырбай, Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледж директоры Шағангүл Жанаева сөз сөйлеп, Абай мен оның мерейтойы туралы өз ойын ортаға салды. Абайлық ағайынға «Астана ақшамы» газетінің Семей өңіріне қатысты мақалалар жарияланған саны таратылды. Абай елінің зиялы қауым өкілдері елордалық журналистерге «Абай арманына», «рухқа» қызмет ету жолында сәттілік пен табыс тіледі.
Райхан Рахметова