«Ұлы дала жорығы-2025»: Астана қаласының қостанай тұқымды жылқылары жеңіске жетті

Алматы облысының Іле ауданына қарасты Ақши ауылынан басталған халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі өз мәресіне жетті. Таңғы сағат 07:00-де жорықты жалғаған 6 команда Қонаев қаласында мәре сызығын кесті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Биылғы жарыстың жалпы қорытындысы бойынша Астана қаласының командасы 5 күнге созылған 500 шақырымды еңсеріп, халықаралық «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің жеңімпазы атанды. Жеңіс тұлпарлары – Қостанай жылқы тұқымының өкілдері.
Күміс жүлдені Қырғызстанның бірінші командасы еншілесе, үздік үштікті Ұлытау облысының шабандоздары түйіндеді.
«Астана атынан жарысқа шыққан тұлпарлар – Қостанай жылқысы. Қазақтың қазанаты аспандай берсін! Бізді қолдаған жанашырларға, команда мүшелеріне және Астана қаласының Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлерінің федерациясына алғысымыз шексіз. Арманымыз – бес жылқының бірдей мәреге жетуі еді. Бұйыртса, келесі жарыстарда сол межеге де жетеміз деген үміттеміз», – деді Астана командасының жетекшісі Алтай Бимен.
Айта кетейік, биылғы жорықтың қашықтығы – 500 шақырым. Бағыт Алматы облысының аумағын қамтыды. Бәйгені бастап шыққан 19 команданың ішінен тек 5 команда ғана мәреге жетті.
Ауқымды дода биыл бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Соңғы екі жылда бұл марафон халықаралық мәртебеге ие болып, Ұлы даланың рухын әлемге паш етуде.