Қоғам

«Ұлы дала қолөнершілер керуен көші» жобасы өтті

Астанада ұлттық құндылықтар мен креативті индустрияны ұштастырған ерекше жоба – «Ұлы дала қолөнершілер керуен көші» өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жобаны Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Хас шебер» отандық өнімді дамыту қауымдастығы ұйымдастырды. Оның басты мақсаты – дәстүрлі қазақ қолөнерін заманауи форматта қайта жаңғыртып, этнодизайнды дамыту және шығармашылық индустрияны қолдау.

Іс-шара аясында этно-өнер көрмесі, жәрмеңке, сән көрсетілімі, шеберлік сыныптары мен жастарға арналған дәрістер ұйымдастырылды. Келушілер ұлттық нақышта жасалған эксклюзивті бұйымдарды сатып алып қана қоймай, отандық дизайнерлер ұсынған заманауи этнокиім үлгілерін тамашалады.

«Мұндай іс-шаралар халықтың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттырып, отандық өнімге сұранысты қалыптастырады. Біз осындай жобалардың жиі өтуін қалаймыз”, – дейді «Хас шебер» қауымдастығының мүшесі, қолөнер шебері Жұлдызай Бабасова.

Жәрмеңкеге 15-ке жуық шебер қатысып, киім-кешек, аяқ киім, сөмке, зергерлік әшекейлер мен тұрмыстық бұйымдарын ұсынды. Жұлдызай Бабасова өз қолымен тоқып жасаған кроссовки, мокасин, шлепки секілді ерекше аяқ киімдерін де көпшілік назарына ұсынды.

«Менің аяғымда ортопедиялық ерекшелік болғандықтан, өзім үшін арнайы аяқ киім тоқуды бастағанмын. Қазір бұл – сүйікті ісіме айналды. Сапалы жіптер мен табандарды пайдаланып, ыңғайлы әрі ерекше өнім шығарамын”, – дейді іс-шараға қатысушы шебер.

Жобаға қатысқан тағы бір дизайнер – Айгерім Үсина. Ол киізден ұлттық стильде сәндік бұйымдар мен киімдер жасайды. Оның айтуынша, қолөнер – шығармашылық пен рухани байланыстың ерекше түрі.

«Менің негізгі бағытым – авторлық қолөнер бұйымдары. Өзім ойлап тапқан, патенттелген «хан бас киімдерін» ұсынамын. Киіз басу ісімен көптен айналыспасам да, түрлі көрмелерге қатысып үлгердім», – дейді дизайнер.

Жоба тек бір реттік шара емес. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ол отандық өнімді тұтыну мәдениетін қалыптастыру, креативті жастар мен шеберлер арасындағы ынтымақтастықты күшейту және ұлттық мұраны қазіргі заман талабына сай жаңғырту міндеттерін көздейді.

«Осындай әдемі ұлттық киімдерді күнделікті өмірде де киюге болады. Бұл – сән ғана емес, тамырымызға оралу, ұлттық болмысымызды дәріптеу. Біз Re.women қауымдастығы ретінде бұл бастаманы толық қолдаймыз», – деді Respublica партиясының «Re.women» әйелдер қауымдастығының төрайымы Сәуле Сағди.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Ұлы дала қолөнершілер керуен көші» еліміздің түкпір-түкпіріндегі дарынды қолөнершілерге серпін беріп, отандық шығармашылық индустрияның дамуына жол ашады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button