Ұлы ақын жәдігерлер тапсырған музей

Семей қаласының тарихи салмағы мен рухани кеңістігін айшықтайтын мысалдар да, нысандар да аз емес. XIX ғасырдың ортасында-ақ өнері мен саудасы салтанат құрып, өндірісі өрге басты. Білім мен мәдениет шаңырақтары бой көтеріп, ағартушылық ісі де ілгері жылжыды. Америкалық саяхатшылар Джордж Кеннан мен Джордж Фрост 1885 жылы осында келгенде, Семей өркениетке бет бұрған мекен болатын. Оларды таңғалдырған тағылымдық дүниенің бірі – қоғамдық кітапхана мен өлкетану музейі.
Ашылғанына енді ғана 2 жыл болған музейде жергілікті халықтың этнографиялық бұйымдары мен өңірдің археологиялық жәдігерлері мол болатұғын. Бұл бұйымдар, шынымен де, шетелдік қонақтарды қатты қызықтырған. Журналист Кеннанның назары бірден мұражайдың этнографиялық бөліміне ауса, суретші Фрост сондағы тұрған заттарға қарап отырып (қобыз бен шамдал) альбомына бірнешеуінің суреттерін салып алған. Шетелдік жиһангерлердің көңілін ерекше баураған қазақ халқының этнографиялық бұйымдарының қатарында ұлы ақынымыз Абай тапсырған жәдігерлер де болған шығар деп шамалаймыз. Себебі осы 1885 жылдың жазында Абай Құнанбайұлы орыс достарының бірі Нифонт Долгополов арқылы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетін паш ететін 60-қа жуық зат беріп жібереді. Бұл заттардың басым көпшілігі киіз үй ішінде көрнекті жерде тұратын дүниелер еді. Жинақталған жәдігерлердің жүйелілігіне қарап ұлы ақынымыздың Семей қаласында 1883 жылы ашылған өлкетану музейінің қорын экспонаттармен толықтыруға өте ықыласты болғанын байқаймыз. Абай ауылынан әкелініп, тізімделген еліміздің этнографиялық дүниелері ұлтымыздың дүниетанымы мен тұрмыстық мәдениетін ғылыми тұрғыда саралауға да негіз боларлықтай жеткілікті топтастырылған. Тарата кетсек, тұрмыстық бұйымдардан: асадал, кебеже, саба, торсық, піспек, табақ, шыныаяққап, бесік, ұршық, тоғызқұмалақ; қару-жарақтар түрлерінен: айбалта, найза, шоқпар; ұста саймандарынан: көрік, төс, қысқаш; музыка аспаптарынан: қобыз, сыбызғы, асатаяқ, домбыра іспетті бұйымдар.
Зер салып қарасақ, осы дүниелердің тиянақты жинақталуының өзінен-ақ Абайдың алысты көре білгенін, тереңді тани алғанын аңғарамыз. Бүгінгі дүниенің болашаққа музей арқылы жететініне бек сенген, ауылында екі ай қонақта болған Н.Долгополовпен арадағы әңгіме кезінде де терең бойлай түссе керек. Қалың елі қазағының қараңғылықта қалып қоймай, еңселі елмен есіктес, тегеурінді жұртпен терезелес болуын көксегені тек даналық сөздерінен ғана емес, осындай іс-әрекеттерінен де көрінеді. Негізінде, осы арнайы жинақтан 60-қа жуық жәдігерді Абай өзі келіп тапсыруға қамданған, алайда әкесі Құнанбайдың қатты сырқатына байланысты ел ішінен ұзап кете алмаған дегенді естігеніміз бар.
Бірақ осы жолы болмаса да, келесі 1886 жылы Абай Құнанбайұлы Семейге келгенде жаңағы тарихи-өлкетану музейіне әдейілеп барған деп санаймыз. Музейдің сол кездегі тіркеу журналындағы деректер мен сол уақыттың басылым мәліметтері солай топшылауға түрткі болып отыр. Мысалы, музейдің сирек басылымдардың бірі – «Семипалатинские областные ведомости прошлого» газетінің (10.05.1886 ж. №19) 174-бетіндегі жазбада: «Н.И.Долгополов, бывший летом года в степи, доставил в музей значительное число предметов по киргизскому отделу (модель юрты с внутренней обстановкой, модель сохи, музыкальные инструменты, образцы пищи киргизов и другие предметы). Кроме этих лиц, следует упомянуть киргизов – И.Кунанбаева и Калыбая Барменева, приславших музею предметы киргизского изделия (алачи, кошмы, пояс, ножи и пр.)» делінген. Мына мәлімет мазмұны Құнанбаев пен Барменовті музейге зат беруші ретінде көрсеткенмен, Абайдың музейде болғанын, экспозициямен танысқанын жоққа шығара алмайды. Олай дейтініміз, Абай Семейге келген сайын қаладағы қоғамдық кітапханада болып, қажетті туындыларға тапсырыс беріп тұрғаны белгілі. Ал қоғамдық кітапхана мен өлкетану музейі әуелде 1883 жылы 11 қыркүйекте бір үйдің қабырғасында, бір мезетте ашылған, бірнеше жыл солай қызмет көрсеткен. Мұнда келген адамдардың қайсысы болмасын қатар бөлмеде орналасқан кітапхана мен музейге бірдей назар аударғаны секілді Абай да екеуіне тең көңіл бөлгені анық. Осы тұста мына бір ойымызды да жасырғымыз келмейді: Абай мен Михаэлис дос және ол достық бұл мәдени нысандардың ашылуынан ертерек қалыптасқан. Екеуінің таныстығы 1879-1880 жылдары басталыпты. Өлкетану музейінің ашылуына Евгений Петрович Михаэлис мұрындық болды және алғашқы археологиялық артефактілерді жинақтаушы да сол. Екі ойшылдың тұрақты байланысы Абайдың қоғамдық кітапхана мен өлкетану музейінің ашылатынынан алдан ала құлағдар болғанын бекіте түседі. Яғни екі ағартушы кітапхана мен музейдің болашағы туралы сөз етпей қалған жоқ. Музейді этнографиялық бұйымдармен жабдықтау туралы ойды Абай сол кезде ойластырып, өз ұсынысын жасаған да болар. Нифонт Долгополовтың екі ай қонақ болып, бір арба бұйым алып қайтуы сол ұсыныстың жалғасы шығар, сірә. Сонымен бірге Семей қаласында жаңадан ашылған мұражай мен кітапхана туралы 1884 жылы «Сибирская газета»: «Дүниеге жаңа ғана келген өрімдей жас отауды болашақта не күтіп тұрғанын болжау қиын. Оны ұйымдастырушылардың еңбегі заяға кетіп және енжар қоғамның салғырттығының салдарынан ол өшіп қала ма екен немесе қалай дамиды екен?» деп жариялаған ақпаратты Абайдың оқымауы да мүмкін емес. Міне, осы және өзге де себептер ұлттық мұраттағы ұлы ақынды музей дамуына мұрындық болуға жетелегені шүбәсіз.
Осы тұста тағы бір дерек тілге оралып тұр. Ол – Н.Долгополовтың Шыңғыстау бағытындағы сапарының мерзімі. Нифонттың Абай ауылында болып қайту мерзімі ресми орындар тарапынан 1885 жылдың 15 маусымы-15 тамызы аралығы болып белгіленіп, генерал-лейтенант Цеклинский тапсырмасы бойынша сапар Семей қалалық полицмейстрі бақылауында болған. Бірақ Н.Долгополов бекітілген күннен ерте – 10 тамызда Семейге оралып қойған. Оған Абайдың әкесі Құнанбайдың қайтыс болуы себеп болды дегенді айтады білетіндер. Егер осы дерек рас болса, Құнанбай Өскенбайұлының өмірден өткен мерзімі 1886 жыл емес, 1885 жылғы тамыз айының бірінші онкүндігі болып шығады. Онда жоғарыда «Абай әкесінің сырқатына байланысты Долгополовпен бірге шыға алмапты» деген деректі мына дәйекпен ауыстыруға тура келмек. Ең бастысы, екі мәліметте де Абайдың ауылда қалып қоюы әкесінің жағдайына байланысты болып тұр. Ресми бекітілген сапар мерзімінің күрт өзгеріске ұшырауы аса маңызды мәселемен сабақтас болатынын ескерсек, Құнанбайдың қазасы себеп болды ма деген болжам басым.
Жалпы, қай жазбаға үңілсек те, 1883 жылы ашылған қоғамдық кітапхана мен өлкетану музейінің ашылуына ұйытқы болғандар қатарында, негізінен, Ресей ішінен саяси жер аударылып келген оқымыстылардың есімі мен еңбегі көбірек аталады. Әрине, олардың жанкешті жұмыстарын жоққа шығармаймыз, десе де өз бастамаларын жергілікті жұрттың білікті адамдарымен бірлесе жүзеге асырмай нәтиже бермейтіні анық. Кезіндегі біржақты көзқарас көптеген ердің еңбегін көлегейлеп қалған секілді. Соның салдарынан болар, басқаны қойып, ұлы Абайдың Семейдегі ізгілікті ізі мен игілікті істерінің бірқаншасы беймәлім күйде қалып келеді. Алайда Ертіс бойындағы ел ортасына салған Абай соқпағын өз уақытында Шәкәрім Құдайберді, Тұрағұл Абайұлы бастатқан ұлт зиялылары Семейдегі мәдениет пен өнердің өркендеуіне айтарлықтай үлес қосқаны жайында мәліметтер жоқ емес.
Міне, көненің көзіндей болып отырған облыстық тарихи-өлкетану музейінің ашылғанына биыл 142 жыл болса, ұлы Абай тапсырған жәдігерлерге 140 жыл толып отыр. Н.Долгополов арқылы жіберген және өз қолымен берген экспонаттар шоғыры туралы құжаттар анық. Музей қорындағы 140 жыл бұрынғы жазбаларға сүйеніп ұлы ақынның кісе белбеуін куәландыратын құжат жасап қойдық. Мұндағы мақсат – өңіріміздегі ең көне музейде данышпан Абай қолының табы бар дегенді меңзегіміз келгені. Абайдан қалған жәдігерлер бертін келе ұлы ақын атындағы музейге берілгені көзі қарақты қауымға белгілі. Солай болғанның өзінде де, өңіріміздің мыңжылдық тарихи-мәдени мұрасын сақтап отырған шаңырақтың бастауында ұлы Абай тұрғанын айтудан, дәріптеуден танбаймыз.
Абай тапсырған этнографиялық заттар, жоғарыда аталған қос америкалық жиһангерден бөлек, өзге де мәртебелі меймандарды таң-тамаша еткеніне тоқталмай кетуге болмас. Шыңғыстау болысынан жеткізілген бұйымдардың қабылдану мерзімі 1885 жылдың тамызы екенін айттық. Осы жылдың соңында – 5 желтоқсанда мұнда тағы бір танымал жиһангер Николай Михайлович Пржевальский келіп кеткен. Ол Орталық Азияға жасаған төртінші саяхатынан Семей арқылы қайтып келе жатқан болатын. Өзінің құрметіне берілген түскі ас кезіндегі салиқалы отырыста мұражайға және кітапханаға барғаны туралы: «… бұл мекеме көңіл аударарлық екен. Қалалықтарды құттықтауға тұрарлық. Жұмыстары жемісті болсын. Осыншама шалғайда орналасқан шет жерге келген зиялы адам өзін отанынан қол үзіп қалдым деп ойламайды. Себебі осы жерді зерттегісі келген кісі мұражайдағы жиналған дайын материалдарды қолдана алады» деген екен. Оның да Абай тапсырған заттарға тәнті болғанын ешкім жоққа шығармас.
Бір ғана ұлы Абайға қатысты өзге де сырлы дүниелерді сақтап келе жатқан Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейі мыңжылдық мәдениетімізге байланысты мәліметтерге де бай. Бір жарым ғасырға жуық тарихында сегіз рет қоныс өзгерткен. 1983 жылдан бері құтты шаңыраққа айналған музейдің қазіргі мекенінің өз ерекшелігі бар. Абай, 90 көшесінде орналасқан бұл ғимарат – сакралдық маңызы бар әрі архитектуралық сипаты айрықша нысан. Ол шамамен 1895 жылы Семей облысы әскери губернаторының резиденциясы ретінде салынған. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін онда әртүрлі әкімшілік мекеме орналасып, ғимаратқа «Бостандық үйі» деген атау берілген. «Бостандық үйінде» «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті қайраткерлеріне қатысты тарихи оқиғалар орын алған. Мұнда 1917 жылдың күзінде Сібір автономистерінің съезінен оралған қозғалыс жетекшісі Әлихан Бөкейхановты Семей жұртшылығы қарсы алды. Осы қозғалыстың көрнекті қайраткерлері Райымжан Марсеков, Ахметжан Қозыбағаров, Шинджи Мұсатаев, Маннан Тұрғанбаев, Имам Әлімбеков және т. б. құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ бұл ғимаратта 1917 жылғы 27 сәуір мен 7 мамыр аралығында І облыстық қазақ съезі өтті. Осы съезде Қазақ автономиясы туралы мәселе көтерілді. Сонымен қатар 1917 жылдың қаңтар-ақпан айларында алғашқы «Алаш» отряды құрылды. Осы қабырғалардан Алаш автономиясының көшбасшылары – Ә.Бөкейханов, Х.Ғаббасов және Ә.Ермеков 1918 жылғы 2 сәуірде В.Ленин мен И.Сталинді Қазақ автономиясын мойындауға келіссөз жасап, тікелей телефон арқылы сөйлесуге шақырды.
Түйіндеп айтқанда, музей экспонаттарында Абай қолының табы қалған, ал музей ғимаратында Алаш арыстарының рухы бар. Осы тарих белестеріндегі ұлттық мұратты бүгінгі буынның тарихи санасын қалыптастыруға бағыттау керек деп санаймыз. Музей қызметкерлері Семей өлкесі тарихының сырға толы парақтарын айқындау мен дәріптеу мақсатындағы ғылыми-зерттеу, жинақтау, өзге де әдістемелік жұмыстарын талмай жалғастыра бермек.
Қайрат ЗЕКЕНҰЛЫ,
облыстық тарихи-өлкетану
музейінің директоры,
Семей қаласы