Ұлтын сүйген ұлылар

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Күлтегін» атриумында ЕртісБаян өңірінің Алаш ардақтыларына арналған «Ұлтын сүйген ұлылар» атты көрме және «Сәдуақас Шорманов» пен «Дауылпаз» кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті.
– Биыл Ертіс-Баян топырағынан түлеп ұшқан екі ұлы тұлға – ағартушы, қоғам қайраткері Сәдуақас
Шормановтың 175 жылдық, дауылпаз ақын Иса Байзақовтың 125 жылдық мерейтойы аталып өтуде. Осыған
байланысты Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қолдауымен
қос тұлғаға арналған екі кітап жарық көрді. Атап айтсақ, «Сәдуақас Шорманов» кітабына қоғам қайраткерінің Ресей архивтерінде сақталған «Басшы» қолжазбасы мен 1909 жылы Қазан қаласында жарық
көрген «Аушы» еңбегі енген. Кітаптың құрастырушысы – Марғұлан университетінің профессоры, филология ғылымының кандидаты Әділбек Әміренов. Ал «Дауылпаз» поэма-кітабы дауылпаз ақын Иса Байзақовтың тұлғалық бейнесі мен шығармашылық жолын айшықтайды.
Туындының авторы – керекулік жас ақын Мизам Жұмәлі, – деді Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер
музейінің басшысы Ербол Қайыров. Сонымен қатар көрмеде қазақ руханиятының аса құнды мұралары көпшілік назарына ұсынылды. Олардың қатарында Абай Құнанбайұлының 1909 жылы жарық көрген тұңғыш жыр кітабының толық сақталған нұсқасы, Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» мен «Қырық мысал» жинақтары, Қошмұхамбет Кемеңгерұлының «Қазақ тарихынан» кітабы, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың таңдамалы шығармалар жинағы, «Темірқазық» және «Жас қазақ» журналдарының түпнұсқалары бар. Бұдан бөлек, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының бойтұмары мен әкесінің көк Құраны, Жүсіпбек Аймауытовтың кілемі, Қаныш Сәтбаевтың жазу машинкасы, Иса Байзақовтың, Әлкей Марғұланның, Сәбит Дөнентаевтың, Мұзафар Әлімбаевтың жеке заттары көрсетілді.
Шапағат ӘБДІР