Қоғам

Ұлттық жобаның игілігі

 Астанада «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Елордадағы «Үркер» тұрғын үй алабында орналасқан №33 Келешек мектебінде болған журналистер жаңа білім ордасының жұмысын көзбен көрді.

Аталған мектеп осы жылдың басында ашылған. Алғаш 700 балаға жуық баланы қабылдаған білім мекемесіне кешегі жаңа оқу жылында 1600 бала келіпті. 100 мұғалім өз мамандығымен жұмыс істеуде.

«Оқушылар бір ауысымда білім алуда. Ал түстен кейін қосымша білім беріледі. Үйірмелер, спорт секциялары тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұған дейін осы тұрғын үй алабында жалғыз мектеп-гимназия ғана болған. Балалар үш ауысымда сабаққа қатынайтын. Қазір бұл мәселе түбегейлі жойылды десек болады» дейді мектеп директоры Дана Оразалина.

Мектеп басшысының айтуынша, мектепте инклюзияны қолдау кабинеттері бар. Яғни ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушы заманауи жағдайларда білім алып, бейімделу мүмкіндігіне ие болуда.

«Заман талабына сай «Робототехника» үйірмесін аштық. Мұнда жасанды интеллект бағдарламалары қолданылады. Өнерлі оқушыларымыз «Домбыра», спортқа бейім балалар футбол, баскетбол, волейбол, шахмат және қазақша күрес секцияларына қатысады. Саз балшықтан құмыра жасау арқылы балалар шығармашылығын дамыту жолға қойылған» дейді ол.

Мектептегі балалар қауіпсіздігі – басты назарда. Бастауыш сыныптар бөлек есіктен кірсе, 5-11 сынып аралығындағы оқушылар ғимараттың басқа блогынан сыныптарына барады. Ең бастысы – мұндағы әр оқушының мектепке келген мен сабақты аяқтап, үйге қайтқаны жайында ата-аналарына SMS-хат жолданады екен.

Айта кетейік, өткен жылы Астана қаласында 16 «Келешек мектебі» ашылды. Ал биылғы жаңа оқу жылында тағы 7 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Қазір елордада барлығы 23 «Келешек мектебі» оқушыларға білім беруде.

Ержан ҚОЖАС

Фото: Сұлтан СЕЙІТ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button