Ел тынысы

Ұлттық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен семинар өтті

Astana IT University-де Техникалық көмек көрсету миссиясы (TAM) аясында «Инклюзивті жоғары білімді дамыту» тақырыбы бойынша семинар өтті. Іс-шараға Қазақстанның 30-ға жуық жоғары оқу орнынан 50-ден астам қатысушы – проректорлар, декандар, оқытушылар, инклюзия орталықтарының өкілдері мен докторанттар жиналды. Семинарды Қазақстандағы Erasmus+ ұлттық кеңсесі Жоғары білімді реформалау ұлттық сарапшылар тобымен (HERE), Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетімен бірлесе отырып, Еуропалық білім және мәдениет жөніндегі атқарушы агенттіктің қолдауымен ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Семинарды Astana IT University Бірінші проректоры және HERE ұлттық тобының төрағасы Серік Өмірбаев, Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің Ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Баур, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мазмұны басқармасының басшысы Рысгүл Құдретуллаева алғы сөздерімен ашты.

Хорватиядан келген жетекші сарапшылар – Білім беруді дамыту институтының өкілдері Нинослав Шчуканец-Шмидт пен Ана Скледар Матъевиц Еуропалық жоғары білім кеңістігінің (ЕЖБК) саяси шеңберіне, инклюзивті білім беру тәжірибелеріне және институционалдық стратегияларға кең шолу жасады. Олардың баяндамалары қазақстандық ЖОО-лардың инклюзивтілікке қатысты көзқарасын қайта қарап, нақты әрекеттер жасауына түрткі болды. Екі күн бойы қатысушылар инклюзия, теңдік және әртүрлілікті қамтамасыз етуге бағытталған негізгі ұғымдар мен тәсілдер бойынша интерактивті пікірталастарға, практикалық топтық тапсырмаларға және жұмыс сессияларына қатысты. Сонымен қатар саясаттағы мәселелер мен кемшіліктерді қазақстандық және еуропалық контексте талдап, табысты тәжірибелермен және қолдау тетіктерімен танысты. Семинар стратегиялық сессиямен аяқталып, оның барысында қорытындылар шығарылып, жоғары оқу орындары мен саясаткерлер үшін алдағы іс-әрекеттердің негізгі бағыттары айқындалды. Қатысушылар өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіріп, жоғары білім беру жүйесінде инклюзивтілік пен теңдікті күшейтуге бағытталған ұлттық жол картасын әзірлеуге үлес қосты. Семинар Қазақстанның Еуропалық жоғары білім кеңістігіне интеграциялануына және баршаға қолжетімді, инклюзивті жоғары білім беруді қалыптастыруға деген ұмтылысын тағы бір мәрте растады.

Сондай-ақ семинар аясында Қырғызстанның Салымбеков университеті мен Astana IT University арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Салымбеков университеті атынан университет Президенті, Қырғызстандық HERE тобының мүшесі және осы семинарға қатысушы Амангелді Жұмаділов өкілдік етсе, Astana IT University атынан Ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Андрей Белощицкий өкілдік етті. Қос тарап ұзақ мерзімді әрі тұрақты серіктестік орнатуға келісті.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button