Ұлттық ұлан мен елордалық мектеп батыр рухын ұлықтады

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығы мен елордалық құрамасы Астана қаласындағы №36 мектеп-лицейімен бірлесіп, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына арналған мәдени-танымдық іс-шара ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараға құқықтық тәртіп әскерінің ардагерлері, жергілікті соғыстарға қатысушылар қауымдастығының өкілдері, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ тәрбие орталықтарының басшылары мен педагогикалық қауым өкілдері қатысты.
Салтанатты бөлім Ұлттық ұланның Құрмет қарауыл ротасы жауынгерлерінің сахна төріне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты түрде алып шығуымен ашылды. Ұлттық ұланның үлгілі-көрсетімді оркестрінің сүйемелдеуімен қатысушылар Мемлекеттік әнұранды орындады.
Кездесу барысында арнайы шақырылған қонақтар оқушыларға Бауыржан Момышұлының тағылымға толы өмір жолы, ерлікке бай тағдыры және ел тарихындағы айрықша орны туралы кеңінен әңгімеледі. Баяндамашылар өз сөздерінде аңызға айналған батырдың мұрасы жас ұрпақты отансүйгіштікке, тәртіпке және азаматтық жауапкершілікке тәрбиелеудегі маңызын ерекше атап өтті.
Іс-шараның мәдени бағдарламасы құқықтық тәртіп әскерінің ән-би ансамблінің шығармашылық ұжымы дайындаған концерттік қойылыммен жалғасты.
Кездесу соңында жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруді одан әрі дамыту мақсатында №36 мектеп-лицейі мен 5573 әскери бөлімі арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.
Аталған меморандум өскелең ұрпақтың бойында патриотизмді нығайтуға, батыр бабалар мұрасына құрмет сезімін қалыптастыруға бағытталған білім беру және тәрбиелік жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға негіз болмақ.



