Қоғам

Ұлттық статистика бюросы жылдық жұмысын қорытындылады

2025 жылы ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы ресми деректердің сапасын, дәлдігін және жеделдігін арттыру жұмыстарын жалғастырды. Макроэкономикалық статистиканың әдіснамалық базасы күшейтіліп, деректердің баламалы көздерін пайдалану аясы кеңейтілді, сондай-ақ статистикалық процестерді цифрландыру жалғасын тапты. Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы жүргізіліп, ЭЫДҰ жүргізген ұлттық статистика жүйесіне шолу аяқталды. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан ЭЫДҰ-ның тиісті статистикалық практика жөніндегі ұсынымына қосылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

ЖІӨ көрсеткіштері

2025 жылы Ұлттық статистика бюросы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) деректерінің дәлдігі мен салыстырмалылығын арттырды. Бұл тоқсандық ЖІӨ көрсеткіштерін маусымдық түзету үшін қолданылатын заманауи JDemetra+ бағдарламасын енгізу нәтижесінде мүмкін болды. Бағдарлама маусымдық түзету рәсімдерін біріздендіруге, уақыт қатарларының тұрақтылығын арттыруға және қысқа мерзімді экономикалық өзгерістерді талдауды жақсартуға мүмкіндік берді. 2025 жылғы маусым айында Ұлттық статистика бюросы алғаш рет жаңа бағдарламалық қамтамасыз етуді қолдана отырып, өндіріс және түпкілікті пайдалану әдістері бойынша тоқсандық ЖІӨ-нің маусымдық түзетілген ресми нәтижелерін жариялады.
Сонымен қатар Бюро биыл бақыланбайтын экономиканы бағалау әдіснамасын жаңартты. Жиналған әкімшілік деректер, ведомствоаралық ақпарат алмасу және жүргізілген талдамалық талдау негізінде 2025 жылы жетілдірілген әдіснамалық құралдарды қолдана отырып, бақыланбайтын экономиканың жаңартылған бағалауы жүзеге асырылды. Жаңартылған әдістеме 2026 жылдан бастап бақыланбайтын экономиканы бағалау кезінде қолданылатын болады, бұл ЖІӨ есептеулерінің ашықтығын арттырып, статистикалық деректердің халықаралық деңгейде салыстырмалылығын қамтамасыз етеді.
Статистикалық өндірісті цифрлық трансформациялау және макроэкономикалық көрсеткіштерді қалыптастырудың жеделдігін арттыру шеңберінде 2025 жылы Бюро «Ұлттық шоттар жүйесінің макрокөрсеткіштерін есептеу үшін деректер жинауды ішкі автоматтандыру» жобасын іске асырды. Деректерді жинау процесін автоматтандыру адам факторы мен қолмен енгізу қателіктерінің тәуекелдерін едәуір төмендетіп, бастапқы көрсеткіштердің үйлесімділігін арттырды.

Балама дереккөздерді пайдалану

Қазақстан БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы мен ЭЫДҰ ұсынымдарына сәйкес, балама деректер ұғымын (жеке және квазимемлекеттік компаниялар жинайтын көрсеткіштер) заңнамалық деңгейде бекіткен әлемдегі алғашқы елдердің бірі болды.
Осыған байланысты екінші деңгейлі банктер, мобильді байланыс операторлары, сауда компаниялары, онлайн платформалар және басқа да ұйымдар дәстүрлі іріктемелі зерттеулерді алмастыратын әрі толықтыратын ресми статистикаға арналған деректерді жеткізушілерге айналды.
2025 жылы Ұлттық статистика бюросы фискалдық деректер операторларының (ФДО) деректерін пайдалана отырып, эксперименттік есептеулер жүргізді. Жұмыс барысында транзакциялық деректерді өңдеу және агрегаттау әдістері сынақтан өткізілді. Алынған нәтижелер ФДО деректерін инфляциялық көрсеткіштерді есептеу кезінде қолдану мүмкіндігін көрсетті және халықаралық сарапшылар тарапынан расталды. ФДО деректерін пайдалану бақылаулардың жеделдігі, ауқымы, сондай-ақ, кассалық транзакциялар негізінде нақты сату бағаларын есепке алу мүмкіндігі арқылы инфляция көрсеткішінің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Жасанды интеллектіні қолдану 290 тауар санаты бойынша 8,3 млрд жазбаны қамтуға мүмкіндік берді.
Дүниежүзілік банктің қолдауымен байланыс операторларының мобильді деректерін апробациялау жүргізілді, оның нәтижелері туристік ағындар туралы ақпараттың жеделдігін, толықтығын және объективтілігін қамтамасыз етудегі жоғары тиімділігін растады. Машиналық оқыту алгоритмдерін қолдана отырып жүргізілген пилоттық бағалау ішкі туризмнің, оның ішінде өз бетінше ұйымдастырылған сапарлардың неғұрлым толық көрінісін алуға мүмкіндік беріп, дәстүрлі дереккөздермен салыстырғанда статистикалық бағалаулардың едәуір кеңейгенін көрсетті. 2025 жылы «Байланыс туралы» Қазақстан Республикасының заңына ресми статистиканы қалыптастыру мақсатында Ұлттық статистика бюросының ұялы байланыс операторларынан дербестендірілмеген мобильді позициялау деректерін алу құқығын бекітетін өзгерістер енгізілді.

Ақпараттық жүйені дамыту

Ұлттық статистика бюросының «е-Статистика» интеграцияланған ақпараттық жүйесін дамыту оның функционалдығы мен архитектурасын жаңғырта отырып аяқталу сатысында тұр. Жаңғыртудың негізгі бағыттарына ескірген ақпараттық технологиялық шешімдерді алмастыру, деректердің жаңа көздеріне көшу және статистикалық процестерді толық автоматтандыру жатады. Бүгінгі күні «е-Статистика» интеграцияланған ақпараттық жүйесі 27 мемлекеттік органның және 8 жеке ұйымның ақпараттық жүйелерімен ықпалдастырылған, сондай-ақ 20-дан астам ашық дереккөз автоматты түрде өңделеді. Деректерді жинау процестерін толық (100%) автоматтандыру нәтижесінде бастапқы статистикалық деректерді электрондық форматта жинау үлесі 96%-ға жетті (2022 жылы – 88,6%). Пайдаланушыларға жыл сайын 3,7 мың статистикалық көрсеткішті қамтитын 200-ден астам статистикалық жарияланым қолжетімді.

Ауыл шаруашылығы санағы өткізілді

2025 жылы Қазақстан Республикасында екінші Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өткізілді. Санаққа шамамен 300 мың ауыл шаруашылығы және жеке қосалқы шаруашылық жүргізетін 1,6 миллион үй шаруашылығы қамтылды.
Санақтың негізгі мақсаты ауыл шаруашылығы саласының нақты жай-күйі туралы егжей-тегжейлі ақпарат алу, шаруашылық жүргізуші субъектілер туралы деректерді өзектендіру, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық саясатты әзірлеу және саланы мемлекеттік қолдауды жоспарлау үшін негіз қалыптастыру болды.
Қазіргі уақытта жиналған деректер өңделуде, оның қорытындысы бойынша аграрлық сектордың барлық аспектілері бойынша толық ақпарат ұсынылатын болады.

Ұлттық статистика жүйесіне ЭЫДҰ шолуы аяқталды

Ағымдағы жылы елдің ұлттық статистика жүйесіне ЭЫДҰ жүргізген шолудың негізгі кезеңі аяқталды. Оның қорытындысы бойынша 2025 жылғы 22 шілдеде Қазақстан ЭЫДҰ Кеңесінің тиісті статистикалық практика жөніндегі ұсынымына ресми түрде қосылды. Осылайша, Қазақстан аталған міндетті стандартты орындаған Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет болды.
Келесі кезеңде ЭЫДҰ-ның Статистика және статистикалық саясат жөніндегі комитетіндегі мәртебені «Қатысушы» деңгейінен «Қауымдастырылған мүше» мәртебесіне дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл статистика саласында халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге және озық тәжірибелермен жүйелі түрде алмасуға қосымша мүмкіндіктер ашады.
Қазақстанның ілгерілеуінің айқын дәлелі халықаралық бағалау нәтижелерімен расталды: ел Дүниежүзілік банктің статистикалық тиімділік индексі (Statistical Performance Indicators, SPI) рейтингінде 217 елдің ішінде 44-орынға көтеріліп, көрсеткішін 21 позицияға жақсартты және 100 балдың ішінен 84,9 балл жинады.

Қазақстанда деректер нарығын дамыту

Шанхай деректер биржасының қолдауымен елдегі деректердің экономикалық әлеуетін ашуға арналған талдамалық құжат ұсынылды. Құжатта мемлекеттік органдар, бизнес және цифрлық экожүйенің өзге де қатысушылары арасында деректерді қауіпсіз алмасу мен айналымын қамтамасыз ететін реттелетін платформа – деректер биржасын құруға қатысты тәсілдер сипатталған.
Деректер биржаларының (цифрлық деректер өнімдерін алмасу және айналым платформаларының) қызметін құқықтық реттеу мақсатында Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі жобасында тиісті нормалар көзделген. Аталған жоба Қазақстан Республикасы Парламентінде бірінші және екінші оқылымдарда мақұлданып, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қарауында жатыр.
Деректер нарығын дамыту ақпараттың сапасын арттыруға, инновацияларды енгізуге және өзара іс-қимылдың жаңа модельдерін қалыптастыруға ықпал етеді, сондай-ақ деректердің цифрлық экожүйесіне қатысушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Астанада статистиканың цифрлық трансформациясы жөніндегі халықаралық форум өтті

Астанада ұлттық статистиканың 105 жылдығына орай ТМД елдері, Қытай, Сингапур, Индонезия, Венгрия және Сербия өкілдерінің, сондай-ақ БҰҰ, ЭЫДҰ, Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкі сияқты халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қатысуымен «Ұлттық статистикалық жүйелердің цифрлық трансформациясы» атты халықаралық форум өтті.
Форум аясында ұлттық статистика жүйесін жетілдірудің негізгі бағыттары мен қол жеткізілген нәтижелер таныстырылып, олар халықаралық ұйымдар мен қатысушы елдер тарапынан жоғары бағаланды.
Форумға қатысушылар деректердің цифрлық экожүйелерін дамыту, статистикадағы инновациялар, деректердің сапасы мен сенімділігін арттыру, процестерді стандарттау және ресми статистикаға деген сенімді нығайту мәселелерін талқылады. Ерекше назар балама деректер көздеріне, үлкен деректерге, жасанды интеллект пен машиналық оқыту технологияларына аударылды, олар статистикалық көрсеткіштердің дәлдігі мен жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді.
Форум аясында Halyk Bank, KazAID агенттігі және Индонезияның статистика агенттігімен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылып, бірлескен жобаларды іске асыру және тәжірибе алмасу үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды.

Әкімшілік дереккөздерге қатысты мемлекеттік бақылау

Мемлекеттік бақылау жүргізу шеңберінде 15 әкімшілік дереккөзден алынатын деректерді қамтитын 21 дерекқор бойынша сапаны бағалаудың 61 рәсімі өткізілді. Сонымен қатар, 18 орталық мемлекеттік органда және 356 жергілікті атқарушы органда жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізілді.
Әкімшілік жауапкершілікке 35 мемлекеттік қызметші тартылды, оның ішінде 28-і әкімшілік деректерді ұсыну тәртібін бұзғаны үшін, ал 7-уі кезеңдік тексерулердің нәтижелері бойынша қойылған талаптарды орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды.

Кадр әлеуетін нығайту

Бюроның Data Literacy Hub оқыту платформасында Дүниежүзілік банктің модульдік курсынан 1 420 адам өтті, Data Literacy бағдарламасының бірінші деңгейін 4 556 адам, екінші деңгейін 1 550 адам аяқтады.
Бюроның 114 қызметкері Stepic платформасында түрлі кәсіби бағыттар бойынша өз бетінше оқудан өтті. «Ел үміті» қорының бағдарламасы аясында 12 қызметкер R бағдарламалау тілі бойынша сертификаттар алды. Tech Orda бағдарламасы бойынша 4 қызметкер «AI және ML өнімдерін басқару» және «Qlik Sense платформасында қосымшалар әзірлеу» курстары бойынша оқу грантын иеленді. Халықаралық бастамалар аясында 23 қызметкер экономикалық дамуға арналған ағылшын тілі бағыты бойынша C5+O.N.E. бағдарламасының когортасында білім алуды жалғастыруда.
М. В. Ломоносов атындағы ММУ-мен бірлескен «Қазіргі экономикадағы статистика және деректерді басқару» магистрлік бағдарламасы аясында ағымдағы жылы Бюроның 12 қызметкері грант негізінде оқуға қабылданды, ал 17 қызметкер екінші курста оқуын жалғастыруда.
Үш маман Оңтүстік Корея (KOICA) және Жапония (JICA) университеттерінің стипендиялық бағдарламаларының иегері атанды, тағы бір қызметкер JICA желісі бойынша Жапонияда екі айлық тағылымдамадан өтті.

Пайдаланушылармен жұмыс

Жыл басынан бері респонденттерден 6,3 млн статистикалық есеп қабылданды, олардың 96%-ы онлайн форматта ұсынылды. Респонденттерге статистикалық есептерді уақтылы тапсыру қажеттілігі туралы 18 млн СМС-хабарлама жіберілді.
2025 жылы Бюроның ресми интернет-ресурсында электрондық кестелер, бюллетеньдер мен жинақтар түрінде 1 200-ден астам жарияланым орналастырылды.

2025 жылдың басынан бері stat.gov.kz ресми сайтына 2,3 млн пайдаланушы кіріп, жалпы саны 6,4 млн рет кіру тіркелді. Сайт бөлімдері арасында заңды тұлғаларды іздеу, респонденттің жеке кабинеті, баға статистикасы, өңірлік және демографиялық статистика, есімдер бойынша деректер, сауда, ЭҚЖЖ (ОКЭД), сондай-ақ жалақы туралы мәліметтер ең жоғары сұранысқа ие болды. Қазақстанның ресми статистикасына тек отандық пайдаланушылар ғана емес, шетелдік аудитория да қызығушылық танытты. Сайтқа ең жиі кірген пайдаланушылар Ресей, Ұлыбритания, Қытай, АҚШ және Германия елдерінен болды.

2025 жылы Бюроның бірыңғай 1446 байланыс орталығына 111,1 мың өтініш келіп түсті, оның ішінде 95,8 мыңы call-орталыққа түскен қоңыраулар, ал 15,3 мыңы онлайн-консультант және Telegram-бот сияқты баламалы байланыс арналары арқылы жолданған өтінімдер болды. Ауыл шаруашылығы санағы кезеңінде пайдаланушылармен кері байланыс орнату үшін респонденттердің сұрақтарына нақты уақыт режимінде жауап беретін жасанды интеллектке негізделген чат-бот әзірленді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button