Мәдениет

Ұлттық өнер ұлықталды

Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы «Күйшілер шеруі» атты дәстүрлі өнер кешін ұсынды.

Күйден қазақтың жаны, дүниетанымы көрінеді. Кешегі ойранға толы отызыншы жылдары талай күйшінің қуғын-сүргінге ұшырап, атылғаны – соның айқын айғағы. Кеңестік саясат қазақты ұлттық болмыстан ажырату үшін сондай қадамға барды. Бірақ күй өлмеді, сол заманнан аман-есен осы күндерге жетті. Бүгіндері төкпе және шертпе болып бөлінетін бірнеше күй мектебі қалыптасты. Аталмыш кеште сол мектептерге жататын күйлер ұсынылып, ұлттық өнер салтанат құрды. Бір сахнада күйді дәріптеп жүрген аға буын өкілдері мен жастар тоғысып, әралуан бағыттағы күйлерді бебеулетті.

Күй басын осы кешке құрметті қонақ болып шақырылған Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдік бастап берді. Көзі қарақты жұртшылық қаламгердің күйші екенін де біледі. «Күй – ұлттық сананың бір бөлігі. Шертпе пен төкпе күйлердің бірігуі – ұлттық сананың тұтастығының белгісі. Қазақтың жанын түсіну үшін күй тыңдау керек» деген жазушы Қазанғаптың «Кіші Қаратөс» күйін тартып, шеберлігін танытты.

Қазақта домбыра күйлері ғана емес, қобыз бен сыбызғы күйлері де бар. Бұл кештің бір ерекшелігі, күймен қатар кезінде Болат Сарыбаев ұлтымызға оралтқан көне аспаптар да дәріптелді. Домбырамен бірге шаңқобыз, сыбызғы, сазсырнай, жетіген үні құлақ құрышын қандырды. Халық күйлерінен бастап Кетбұқа, Қорқыт, Асан қайғы, Тәттімбет, Қазанғап, Есір, Ықылас, Қожеке, Сайдалы Сары Тоқа, Дина Нұрпейісова, Аққыз (Мүгүлсім) Ахметқызы, Нұрғиса Тілендиев, Қуат Шілдебаев, басқа да ана замандарда өткен күйшілермен қатар бүгінгі күйші-­композиторлардың шығармалары ұсынылды.

Қазақта домбыраның да неше түрі бар. Осы кеште кезінде белгілі күйшілер ұстаған домбыралардың жаңғырған нұсқасы сахнадан күмбірледі. Қойдың ішегін тағып, бұл аспаптардың көшірмесін Бабыр Арғынов жасады.   Сондай адай домбырамен Мәдениет саласының үздігі Жұмабек Қадырқұлов Есірдің «Жалдықара» күйін төкті. Кешті жүргізген дәулескер күйші, ұстаз, өнертанушы К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбай кер заманда атылған Айдостың Сембегінің домбырасының көшірмесімен «Наз қосбасар» күйін шертті. К.Байсейі­това атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің докторанты Рүстем Нұркенов үш ішекті домбырамен Абайдың «Тор жорға» күйін тартты. Кеш қонақтары ретінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мұхаметжан Тілеуханов, Әлқуат Қазақбай мен Бақытжан Дүйсенғазинов, Динара Нұрбаева, Мәдениет саласының үздіктері Болат Тәкішов, Батырлан Әбенов, Өнертану ғылымдарының PHD докторлары Ардаби Мәулетұлы, Айтолқын Тоқтаған қатысты. «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының бір топ солистері кештің биік дәрежеде өтуіне атсалысты.

Кештің тағы бір қонағы, танымал музыкант, мемлекет және қоғам қайраткері, ICTMD Дәстүрлі музыка және би бойынша халықаралық кеңестің елшісі Дүйсен Қасейінов Құрманғазы консерваториясының ректоры және ТҮРКСОЙДЫҢ бас хатшысы кезінде ұлттық өнердің дәріптелуіне үлкен үлес қосты. Ол күй құдіреті туралы сөз сөйлеп, сый-сыяпат жасады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button