Ел тынысы

Ұлттық музейде “Музей түні -2025” акциясы өтті

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Халықаралық музейлер күніне орай дәстүрлі «Музейдегі түн – 2025» атты мәдени-ағартушылық шара ұйымдастырылды. Ұлттық музейге барлығы 40 мыңға жуық адам келіп, музейдің тыныс-тіршілігімен жақын танысуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Мерекелік кешке ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов арнайы қатысып, министр Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді. Сонымен қатар музей қызметкерлеріне ведомстволық марапаттар табыс етілді. «Еңбек ардагері» медалі реставратор Нұргүл Әшімбаеваға берілсе, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі реставратор Арай Зақиқан, қор сақтаушы Салтанат Қарабекова және ғылыми қызметкер Бақытгүл Нұрғожинаға табысталды.

Кеш барысында экскурсия жүргізушілер рөлін 4 пен 70 жас аралығындағы қатысушылар — балабақша тәрбиеленушілері, мектеп оқушылары мен зейнеткерлер атқарды. Шараның шарықтау сәттерінің бірі — белгілі тележүргізушілер экскурсия жетекшісі ретінде қатысқан «Жұлдызды гид» жобасы болды.

Бағдарлама аясында театрландырылған экскурсиялар, квест-ойындар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, музей мұраларын дәріптеуге бағытталған мазмұнды іс-шаралар өткізілді.

Қонақтардың ерекше қызығушылығын үш жаңа көрме тудырды:
– «Ұлы дала. Тарих. Гравюра» көрмесі (BonArt галереясы топтамасынан) – екі ғасыр бұрынғы қазақ даласының тіршілігін бейнелейді;
– жапон комикстері көрмесі;
– ҚР Ұлттық музейінің сирек кездесетін жәдігерлері қойылған «Асыл мұра» көрмесі.

Кештің музыкалық бөлімінде симфониялық және үрлемелі оркестрлер, «Шалқыма» би ансамблі, Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония әртістері, Ұлттық өнер музейінің шығармашылық ұжымы, «Joshy Qazaq National Group» этно-фольклорлық ансамблі, «Гүлдер» ансамблі, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы және «Даланың сарыны» этно-DJ-сеті өнер көрсетті.

«Музейдегі түн» — бұл жай ғана түнгі экскурсия емес. Бұл — ұлттық мұрамен еркін сұхбаттасуға, тарих пен өнерге жаңаша көзқараспен қарауға, мәдени құндылықтарды жүрекпен сезінуге жол ашатын ерекше мәдени алаң.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button