Қоғам

Ұлт мүддесін биік қойған

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, сыншы, журналист Смағұл Сәдуақасұлының туғанына 125 жыл толуы мен «Қазақ» атауының қалпына келтірілгеніне 100 жыл толуына арналған «1925 жыл: ұлт мұраты шыңдаған қайраткерлік» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.

Конференцияны жүргізген «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы өз сөзінде жиынның мақсат-міндетіне тоқталды. Мемлекет басшысының кеңесшісі, ҚР ҰҒА академигі ­Бауыржан Омаров Президент Қасым-­Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Смағұл Сәдуақасұлы – халқымыздың біртуар перзенті, тұғырлы тұлға, ол төл руханиятымызды өркендетуге зор еңбек сіңірді. Тұңғыш қазақ драма театрының ашылуына, Қазақ педагогика институтының іргелі оқу орнына айналуына ықпал етті. Бүгінгі «Егемен Қазақстан», «Ақиқат» сынды бірқатар басылымның тарихи бастауында тұрды. Қазақ баспасөзін дамытуға белсене атсалысты. Халқымыз Смағұл Сәдуақасұлының есімін ешқашан ұмытпайды, оның өнегелі өмірі – өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі» делінген Президент құттықтауында.

Сонымен қатар салалық министр­ліктермен бірге, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің құттықтауы жеткізілді. «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов партия атынан оқыған құттықтауында Смағұл Сәдуақасұлының Алаш қайраткерлері арасындағы ең жасы болғанына қарамай, өзінің қайраткерлік дарынымен, ізденгіштігімен, білмекке құмарлығымен Кеңес Одағының алғашқы жылдарында-ақ көрнекті тұлғаға айналғанын атап өтті.

Жиында сөз алған Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса қайраткердің мемлекеттік тіл туралы жазған «Ойлануға тура келеді» атты мақаласын талдап, жазушы сынға алған мәселе, қазақтар қоныстанған уездегі құжаттардың орысша жазылғанын, оның салдарынан қазақтың бойындағы ұлтына аянышпен қарау, жасқаншақ болу секілді мәселелердің туындағаны жөнінде ой қозғады.

Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов «Смағұл Сәдуақасұлының мемлекеттік құрылыс және тарихтану туралы ұстанымдары» атты баяндамасында жазушының қаламгерлігімен қоса қайраткерлігін, оның басшылық қыз­метін жан-жақты әңгімелеп берді.

Конференцияға қатысқан «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының президенті Сабыр Қасымов, алаштанушы-ғалым, профессор Тұрсын Жұртбай, Мәжіліс депутаты, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл, өзге мемлекет және қоғам қайраткерлері Смағұл ­Сәдуақасұлының тарихқа, әдебиетке және журналистикаға қосқан өлшеу­сіз еңбегі туралы кеңірек тарқатты.

Индира БЕРЖАНОВА

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button