Денсаулық

Ұлдананың есімі ардақталды

Астана қаласындағы З.Г. Мурзагулова атындағы «Даналық» жоғары медициналық колледжінде тағылымды әрі мағыналы іс жүзеге асты. Қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан колледж түлегі, фельдшер Ұлдана Қалдарханқызы Мырзуанның есімімен «Жалпы хирургия, анестезиология және реанимация» кабинеті ашылды. Бұл игі бастама – жас маманның қысқа, бірақ өнегелі өмір жолына көрсетілген терең құрметтің белгісі.

Салтанатты шараға Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов қатысты. Сонымен қатар Ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры Фарида Ержанова, Әкімшілік жұмыс департаменті директорының орынбасары Әлішер Әубәкіров арнайы келді.

Еске алу жиынында Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айнұр Төлеуова сөз сөйлеп, Ұлдананың қызмет барысында жасаған батыл қадамы ерлікке пара-пар екенін атап өтті. Марқұмның анасы Сәлима Ишанқұлқызы мен туыстары үшін бұл күн ерекше толғанысты сәт болды.

«Біздің шәкіртіміз Ұлдана Мырзуан – бейбіт күннің қаһарманы.  Оның есімін ардақтау және студенттерді патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында жыл сайын Ұлдананың туған күнінде конференция ұйымдастырамыз, — деді колледж директоры Жарқынбай Сарымсақов.

Ұлдана Қалдарханқызы Мырзуан 2002 жылы дүниеге келген. Ол жастайынан медицина саласына қызығушылық танытып, адам өміріне араша болуды мақсат етті. 2017–2021 жылдары З.Г. Мурзагулова атындағы «Даналық» Жоғары медициналық колледжінде білім алды. «Емдеу ісі» мамандығы бойынша фельдшер бөлімшесін үздік бағамен тәмамдады.

Оқу орнын бітіргеннен кейін Ұлдана еңбек жолын жауапкершілікпен бастады. Алдымен қалалық емханада мейіргер болып қызмет етті.
Кейін жедел медициналық жәрдем станциясына фельдшерлік қызметке ауысты. Ол әр шақыртуға үлкен жауапкершілікпен қарап, науқастарға жанашырлық танытты.

Әріптестері Ұлдананы кәсіби білікті, сабырлы әрі адамгершілігі мол маман ретінде еске алады. Қиын жағдайда шешім қабылдай алатын қасиеті оны өзгелерден ерекшелендірді. Ол өз ісін шын жүрегімен сүйді. Медицина саласындағы қызметін өмірлік миссиясы деп білді.

2025 жылғы қараша айында Ұлдана қызметтік міндетін атқару барысында ауыр жарақат алды. Дәрігерлер бар күшін салғанымен, ажалдан арашалап қалу мүмкін болмады.  Бұл қайғылы хабарды күллі медицина қызметкерлері ауыр қабылдады.

Жас фельдшердің қазасы қоғамға үлкен ой салды. Оның ерлігі мен адалдығы көпшілікке үлгі болды. Мемлекет басшысының Жарлығымен Ұлдана Қалдарханқызы Мырзуан «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Бұл – оның қызметтік борышына адалдығының жоғары бағаланғанының дәлелі.

Колледж ұжымы Ұлдананың рухына тағзым ете отырып, оның есімін білім ордасында мәңгі қалдыруды жөн көрді. Ашылған оқу кабинеті студенттерге тек білім беретін орын ғана емес. Бұл кабинет – ерлік пен адамгершіліктің символы. Жас болашақ медицина қызметкерлері үшін рухани тәрбие ордасы.

Колледж ұжымы өз хабарламасында Ұлдананың жарқын бейнесі жүректерінде мәңгі сақталатынын атап өтті. Оның өмір жолы медицина жолын таңдаған жастарға бағыт-бағдар болмақ.Ұлдананың есімі адал еңбек пен кәсіби ерліктің үлгісі ретінде тарихта қалады.

З.Г. Мурзагулова атындағы «Даналық» жоғары медициналық колледжі 1998 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінде оқу орнында жүздеген болашақ медицина мамандары білім алуда. Ұлдана Мырзуан атындағы кабинет сол жастарға жауапкершілік пен адам өмірінің қадірін ұғындыратын ерекше орынға айналды. Ұлдананың қысқа ғұмыры – мәңгілік өнеге.

Айғаным Қазелова,

директордың практика ісі  жөніндегі орынбасары

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button