Үздік жедел уәкіл анықталды

Астана қаласы Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Нұржан Бердібек «Үздік жедел уәкіл» атағына ие болды.
Ол ішкі істер органдарындағы қызметін 2016 жылы жедел уәкіл лауазымынан бастаған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жоғары кәсібилігі, қылмыстарды ашудағы нәтижелігі және тиімді жедел қызметі үшін осындай марапатқа ие болды. Жыл бойы қызметтік міндеттерін атқару барысында аға жедел уәкіл ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашуда тұрақты тиімділік көрсетіп, жедел-іздестіру іс-шараларына белсенді қатысып, сондай-ақ халықпен сауатты іс-қимыл орната білген.
«Жеңіс – бір реттік жетістіктің емес, тәжірибе, тәртіп пен қағидатқа негізделген жүйелі әрі жауапты еңбектің нәтижесі. Үздік болу – марапат емес, күнделікті жауапкершілік. Ең бастысы – тоқтап қалмай, дамып, жас қызметкерлерге өз тәжірибеңді жеткізе білу» дейді аға жедел уәкіл.



