«Үздік жағажай»: биылғы маусымның үздіктері анықталды

Қазақстанда жағажай маусымының аяқталуына байланысты «Үздік жағажай» бағдарламасының қорытындысы шығарылды. Байқау Kazakh Tourism бастамасымен және ҚР Туризм және спорт министрлігі мен «Атамекен» ҰКП қолдауымен ұйымдастырылды. Оның негізгі мақсаты – еліміздегі су айдындарында қызмет көрсетудің және қауіпсіздік стандарттарын арттыру, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Биыл сараптамалық комиссияның назарына өңірлерден 30 астам жағажай ұсынылды. Оның ішінде жекеменшік әрі қалалық жағажайлар болды. Бағалау ҚР СТ 3013-2017 ұлттық стандартына сәйкес жүргізілді және халықаралық Blue Flag бағдарламасының жекелеген критерийлері ескерілді.
Іріктеу кезінде акваторияның қауіпсіздігі, санитарлық жағдайы мен инфрақұрылымы, құтқарушылар мен медициналық бекеттердің болуы, суға кірудің ыңғайлылығы, аумақты жоспарлау, судың сапасын тұрақты түрде бақылау және қоқысты бөлек жинау, күн энергиясымен жұмыс істейтін душ кабиналары, экологиялық білім беру іс-шараларын қамтитын экологиялық бастамалар есепке алынды.
Сараптамалық комиссияның бағалауы бойынша ТОП-3 үздік жағажайы анықталды. Олар жинауға мүмкін болған 170 балл бойынша жоғары көрсеткіштерді иеленді:
Wyndham Garden Beach (Ақмола облысы, Бурабай к.) –166 балл;
№5 қалалық жағажай (Алматы облысы, Қонаев қ.) – 145,5 балл;
Орталық жағалау (Павлодар облысы, Павлодар қ.) – 145 балл.
Үздік жағажайлар таза әрі қауіпсіз акваториясымен, дамыған инфрақұрылымымен (киім ауыстыратын бөлмелер, душ кабиналары, демалыс аймақтары, дәмханалар), балалармен келетін отбасыларға қолайлығымен, табиғатты сақтау мақсатындағы экологиялық шешімдерді және бастамаларды қолданумен ерекшеленді.
Сонымен қатар сараптамалық комиссия Ақмола (Щучинск қ., Бурабай к., Зеренді а.), Қостанай, Маңғыстау, Атырау, Қарағанды, Қызылорда облыстарындағы жағажайлар бойынша өтінімдерді қарады. Олар бойынша әкімдіктермен және бизнес қауымдастықпен бірге ұлттық және халықаралық стандарттарға сәйкестендіру жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
«Үздік жағажай» бағдарламасы – бұл еліміздің ең үздік жағажайларын анықтау ғана емес, сонымен қатар өңірлерді өздерінің демалыс аймақтарын халықаралық стандарттарға сәйкес дамытуға ынталандыру. Ақмола, Атырау, Қостанай, Қарағанды және Алматы облыстарының өңірлік кәсіпкерлер палаталары мен әкімдіктеріне белсенді әріптестік танытып, біздің бастаманы қолдағандары үшін алғыс білдіреміз. Үздік ТОП-3 қазіргі жағажайдың қандай болуы қажет екендігін көрсетеді: қауіпсіз, ыңғайлы және экологиялық таза», – деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.
«Үздік жағажай» бағдарламасы жыл сайын өткізілетін болады.