Үздік университеттер қатарында

Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті мемлекеттік білім беру гранттарын жеңіп алған талапкерлер саны бойынша республиканың жоғары оқу орындары арасында үшінші орынға ие болды.
Қабылдау науқанының қорытындысы бойынша биыл университетке 6700-ге жуық талапкер қабылданды. Оның 4 мыңнан астамы мемлекеттік білім беру грантының иегері атанды. Бұл С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен қатар осы көрсеткіш бойынша үздік 3 жоғары оқу орнының қатарына кіруге мүмкіндік берді.
Университетке бакалавриат бойынша оқуға 4118 студент, магистратурада оқуға – 133, докторантурада оқуға 67 адам грант алды. Сонымен қатар, 47 талапкер Астана қаласы әкімдігінің грант иегерлері атанды.
«Жыл сайын біздің ҚазАТЗУ-ға түсушілер саны артып келеді. Бұл білім беру сапасын, оның жоғары беделін және түлектердің сұранысын көрсетеді. Өткен оқу жылында университетке бес мыңға жуық адам түсті» деп хабарлады университет өкілдері.
Биыл университетке 148 «Алтын белгі» иегерін және үздік аттестаты бар 347 адамды қабылдады. Сонымен қатар 461 шетелдік университет студенті атанды. Бүгінгі таңда оқу орында 17 білім беру бағыты бойынша мамандар даярланады. Барлығы 18 мыңнан астам студент сапалы білім алады. Университетте 158 ғылыми және 25 халықаралық жоба жүзеге асырылуда.
Барлық бағыт бойынша маман даярлаудың білім беру бағдарламалары АҚШ, Түркия, Канада, Италия, Литва, Финляндия, Малайзия, Австралия және басқа елдердің жетекші бейінді университеттерімен бірлесіп әзірленген.
ҚазАТЗУ жетістіктері халықаралық деңгейде танылды. QS беделді әлемдік рейтингінде ҚазАТЗУ 1200-орынды, Азия университеттері арасында 281-орынды, ал Орталық Азияда 16-орынды иеленді.