Қоғам

«Үздік тазалаушы-2025»

«Жұмысшы мамандықтары жылына» орай және «Үздік» жобасының аясында Астана қаласы әкімдігінің Сервис және туризм колледжінде «Үздік тазалаушы-2025» байқауы өтті. «Қонақ үй шаруашылығы» мамандығы бойынша білім алып жатқан 10 студент алған білімін осы байқаудағы тәжірибелік сынақта байқап көрді. Мақсат – жастарды әлеуметтік тұрғыда қолдау, кәсіби шеберлігін арттыру және жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» ресурстық орталығы және қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен өткен байқауда қатысушылардың қабілетіне осы және басқа да колледждердің қызметкерлері баға берді. Аталған колледждің арнайы пәндер оқытушысы Арайлым Касенбаеваның айтуынша, байқауға қатысушы студенттерге қонақ үйлерді тазалау ережелері бойынша бөлмелерді дұрыс, әрі таза етіп жинағанына қарай баға беріледі.

-Қонақ үй бөлмелерін тазалау тәртібін дұрыс меңгерген студенттер байқауда жақсы нәтиже көрсетуі керек. Олардың алдымен жұмыс орнындағы жағдайды жасауы, керекті жабдықтары мен жуатын құралдарының түгел болуы, түрлі тазалағыш қоспаларды өз нормасымен шақтап қосуы, одан әрі тазалау техникасы, тазалаудың кәсіби әдістерін қолданғанда санитарлық талаптарды сақтауы да қаралады. Сондай-ақ жұмыс жылдамдығы, артық іс-қимылының болмауы, бөлмені тазалау сапасы, заттардың бетінде шаң-тозаңның болмауы, іздердің қалмауына да мән береміз. Одан соң бөлменің безендірілуі, яғни төсек жаймалардың дұрыс қойылуы, қапталуы, әр заттың өз орнында тұруы да тексеріледі. Соңынан ұсақ-түйек заттардың қалай жатқаны, мұқияттылығы да назарға алынады, яғни айнаның орналасуы, бұрыш-бұрыштарда не жатқанын да қараймыз, — дейді А. Касенбаева.

Байқауға қатысушы студенттер колледждегі қонақ үй шаруашылығы бойынша тәжірибелік сабақтар өтетін арнайы қонақ үй бөлмесі ретінде жасақталған кабинетте тазалау жұмыстарын жүргізді. Солардың бірі – 1 курс студенті Ясмин Салимованың айтуынша, тазалаушылар алдымен жұмыс киімін киіп, барлық керек заттарын алып, тазалауға келеді.

-Бөлмеге кіргенде ең алдымен тәртіп бойынша терезені ашып, 5 минутта ауаны желдетіп аламыз, ал егер бөлмеден жаман иіс қатты шығып тұрса, тазалап болғанға дейін ашық қалдырамыз. Одан соң жарықты жағып, барлық жердің шаңын сулап, артынан құрғатып сүртеміз. Сосын төсек орынды жинап, жаңасына ауыстырамыз. Ол кезде қолдағы жұмыстың арнайы резеңке қолғабын шешіп қоямыз. Бұдан соң қайтадан қолымызға қолғап киіп еденді сүртіп аламыз. Соңынан терезені жауып, жарықты өшіріп шығамыз, — дейді ол.

Колледжде бұдан басқа да бірқатар байқаулар өтіп жатқандықтан, бәрінің нәтижелері желтоқсан айында шығарылып, оқу орнының әлеуметтік парақшаларында жарияланатын болады.

Райхан Рахметова

фото: Сұлтан Сейіт

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button