Үздік слесарь анықталды

Сервис және туризм колледжінде Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Үздік слесарь-2025» байқауы өтті. Аталған байқау «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы, Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен биыл алғаш рет ұйымдастырылды.
«Биылғы Жұмысшы мамандықтар жылына орай алғаш рет «Үздік слесарь-2025» байқауы жарияланып, техникалық қызмет көрсету мамандықтары бойынша білім алатын студенттердің ішінен үздік автослесарь анықталды. Ондағы мақсат – жастардың жұмысшы мамандықтарға, қоғамда аса көңіл аударыла бермейтін, дегенмен өте қажетті кәсіптерге деген қызығушылығын арттыру, сол арқылы осы мамандықты игеріп жатқан жастарға мотивация беру, қолдау. Мұндай мамандардың қоғамға қажет екенін көрсету» дейді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының маманы Жұмахан Дәуіржан.
Байқауға Сервис және туризм колледжінен бөлек, Құрылыс-техникалық колледжі мен Политехникалық колледжі студенттері қатысты. Сақадай сай дайындалған 10 сайыскер дәлдік, ұқыптылық және техникалық тапсырмаларды шешу қабілетін көрсетті. Айта кетейік, Сервис және туризм колледжінде бүгінде 61 студент автокөлік слесарі мамандығы бойынша оқып жатыр.



