«Үздік шиномонтажшы – 2025» байқауы ұйымдастырылды

Астанада Жұмысшы мамандықтар жылына орай «Астана жастары» орталығы техникалық бағыт бойынша жаңа номинацияларды енгізіп, «Үздік» жобасын кеңейтті. Соның ішінде алғаш рет жол қауіпсіздігімен тығыз байланысты «Үздік шиномонтажшы – 2025» байқауы ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара жастардың кәсіби дағдыларын арттыруды, техникалық мамандықтардың қоғамдағы беделін күшейтуді және жұмыс берушілер мен жас мамандар арасындағы байланысты нығайтуды көздейді.
«Үздік» жобасы бірнеше жылдан бері өткізіліп келеді. Алайда биыл ерекше формат ұсынылып, жұмысшы мамандықтарының кең спектрі қамтылды.
«Бұл жылы біз бұрын болмаған мамандықтарды қостық. Оның қатарында дөңгелек жөндеу шебері, ағаш ұстасы, жиһаз өндірісінің маманы, флорист, мейрамхана сервисі, аспаз, тәрбиеші, сантехник, темір жонушы, механизатор, жүк және автобус жүргізушілері сияқты бағыттар бар», – деді «Астана Жастары» ресурстық орталығының маманы Дәуіржан Жұмахан.
Ол бұл бастама өндірістік салаларға жаңа көзқарас қалыптастырып, жастарды еңбек нарығына бейімдеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қатысушылар – 16 мен 35 жас аралығындағы колледж студенттері, жұмысшы жастар және техникалық қызмет көрсету саласының мамандары. Олардың еңбектерін кәсіби шеберлер бағалады.
«Бұл жобаның нақты нәтижелерін көріп отырмыз. Байқау кезінде қатысушыларды жұмысқа қабылдау туралы ұсыныстар жасалды. Яғни, бұл тек жарыс емес, жастардың кәсіби жолын бастауға бағытталған алаң», – деді Дәуіржан Жұмахан.
Техникалық талаптарды қадағалаған қазылар алқасы жұмыстың сапасына ерекше назар аударды. Олардың бірі – TirePro Астана филиалының директоры және Caspian Automotive компаниясының бөлім басшысы Қарлығаш Құдайберлиева.
«Жастарға қолдаудың мұндай түрі өте маңызды. Теорияны жақсы меңгерген маман тәжірибеде бірден ерекшеленеді. Ең басты критерий — сапа мен жылдамдықтың үйлесуі. Дөңгелек жөндеуде жиі кездесетін қателік – датчик немесе дискіні зақымдау. Ұқыптылық пен техниканы дұрыс пайдалану – басты талап», – деді ол.
Сарапшының айтуынша, жол қауіпсіздігі маманның кәсіби біліктілігімен тікелей байланысты.
Байқау жастар арасында техникалық мамандықтарға деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы рөлін қайта бағалауға мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба алдағы жылдары да жалғасын тауып, жаңа бағыттармен толықпақ.



